Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Атырау облысының экс-әкімі Б. Рысқалиевке сот сырттай үкім кесті

AstanaTV
25.01.2019ж. 20:00
2672
Атырау облысының экс-әкімі Б. Рысқалиевке сот сырттай үкім кесті

Халықаралық іздеуде жүрген Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев 17 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал, оның ағасы экс-мәжілісмен Аманжан Рысқали 16 жылын абақтыда өткізбек. Бүгін аймақтағы қылмыстық істер жөніндегі сот мемлекет қаржысын иемденгендерге сырттай үкім кесті. Жазасын өтеу мерзімі ағайындылар ұсталған күннен бастап есептелмек. Сонымен қатар, қылмыстық жолмен тапқан дүние-мүлкі тұтастай тәркіленуге жатады. Сот үкімін тыңдауға Рысқалиевтың туыстары да, талапкер тарап - облыстық әкімдік өкілдері де келмеді.   

Тыныштық НҰРЫМОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: 

Сот Бергей Рысқалиев Сәулебайұлын кінәлі деп тауып, 17 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Қылмыстық жолмен тапқан өзіне тиесілі мүліктерін тәркіленсін. Мемлекетік қызмет органдарында және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде 6 жылға дейін лауазымдық қызмет атқаруға тиым салынады.

Сонымен қатар, экс-әкімнің күйеу баласы Рүстем Әлбақасов та 16 жылға сотталды. Ал, өзге сыбайластары 6 жарым жылдан 9 жылға дейін темір торға қамалмақ. Айта кетейік, экс-әкімге «ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару», «сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иелену немесе ысырап ету», «қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлiктi заңдастыру» бойынша айып тағылған болатын. Сыбайластар мемлекеттің 72 млрд теңгесін талан-таражға салған. 754 томнан тұратын қылмыстық істі қарау бар-жоғы 4 айға созылды. Іс бойынша 8 адамға сот шешім шығарды. Ал, басты фигуранттар -Рысқалиевтарға халықаралық іздеу жарияланған. 

Б. Нәдірқызы