Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

«Астана банкінің» салымшыларына екі күнде 23 миллиард теңгеден астам қаражаттары қайтарылды

AstanaTV
28.01.2019ж. 20:00
2962
«Астана банкінің» салымшыларына екі күнде 23 миллиард теңгеден астам қаражаттары қайтарылды

Ал банкрот болған «Астана банкінің» салымшыларына екі күнде 23 миллиард тегеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы «Еуразиялық банк» мамандары мәлімдеді. Бұл 62 пайызды құрайды. Агент банк 19 мыңға жуық клиент қабылдаған. Науқан маусым айына дейін жалғасады. Әлішер Өмірзақ тарқатсын.

Сенбі банкке ағылған кісі қарасы көп болды. Астанада мына бөлімшеге сыймағандары есік сыртында да тұр. Барлығы ақшаларын қайтаруға асық, қобалжу да жоқ емес.

Адамдарды жібереді басқа бөлімшелерге. Нақты осы бөлімшеде ақша мөлшері аз.

САЛЫМШЫ:

Салған қаражатым сақтандырылған, сондықтан алаңдамаймын. Мына бөлімше тек жеке тұлғаларға арналған. Адам көп. Сондықтан біраз халықты басқа бөлімшелерге жіберіп жатыр.

Халықтың көп болатынын пайымдаған банк ұжымы жұмысқа таңғы 8-де кіріскен. Демалыс күндері тек «Астана банкінің» салымшыларына қызмет етті. Полицейлер де тәртіпті бақылауға алған. Тіпті тіске басар тәттілер де қойылған.

Айгуль МАМИТЕКОВА, «ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАНК» АҚ АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ БӨЛІМШЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Таңнан бері 200 адамға қызмет көрсеттік. Қазір 10 жарым, 30 шақты адам кезек күтіп отыр. Жұмыс уақыты ұзартылды. Қонаев көшесі 13 үйде күшейтілген бөлімше бар. Олар салымшылар қаражатын төлеу үшін кешкі сағат 9-ға дейін жұмыс істейді.

Банк қаражаты бітіп қалса ше? Осы сұрақ алаңдатқан ақтаулықтар да таңмен таласа келген. Миллиондарынан бастап 50 мың теңгесін де даулап келгендер бар.

Ербол ЖҰМАҒАЗИН, «ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАНК» АҚ АҚТАУ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

По нашему городу 2 миллиарда тенге всего. Эти деньги мы уже приготовили. Проблем нет…

Ал 10 мыңнан астам атыраулық «Астана банкіне» сеніп ақша салған. Олар мерекеге келгендей көңіл-күйде екендерін айтады.

Галина МЕНЬЩИКОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен бұл ақшаны бір жыл бойы күттім. Тіпті ақшаны жоғалттым деп қорықтым. Бірақ, қазір көлік ұтып алғандай қобалжып тұрмын.

Шымкенттегі мына бөлімше 4 сағат ішінде 300 адамға қызмет көрсеткен. Облыста «Астана банкінен» алашағы барлардың саны 17 мыңның үстінде. Төлемді қайтару дау-дамайсыз өтпеген көрінеді.

Айжан ӘДІЛЖАНОВА, «ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАНК» АҚ АЙМАҚТЫҚ МЕНЕДЖЕРІ:

Даулар, сұрақтар туындап жатыр. Егер, қаражаттары Қазақстан депозиттеріне кепілдік беру қоры кепілдік берген соммадан көп болса, біз мұндай адамдарды тарату комиссиясына бағыттаймыз. Ол Шымкентте Қонаев 31 үйде орналасқан. Бүгін осындай мәселелер туындаған санаулы адам болды.

Бір қызығы есеп-шотында 38 теңгесі бар алматылық банк ашылған бетте кіріп, кепілді өтемін 12 минутта алып шыққан. Демалыс күндері агент банк 19 мыңдай адамға қызмет көрсетіп, 23 миллиардан астам ақшаны қайтарған.

Нұрболат ТІЛЕУОВ, «ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАНК» АҚ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР ЖҰМЫСЫ БАҒЫТЫ БОЙЫНША ЖЕТЕКШІСІ:

Блогердің бірі банк салымшылар кіре алмағанын, төртаяқтап кіргізгенін жазған. Шын мәнінде олай болған жоқ. Әр бөлімшенің өткізу қабілеті бар. Алғашқы күні халық нөпірі қалың болған соң қауіпсіздік үшін кезек бақыланды. 60 адамды өткізіп, олар шыққанда басқалары кіргізілді. Блогердің өзі төрт тағандап кірген. Мұндай жағдай болған емес.

Агент банк салымшылар үшін 5 қызмет ұсынып отыр. Ақшаны қолма-қол қайтарудан басқа олар қаражаттарын сол банкте қалдыра алады. Немесе басқа банктегі есеп-шотына аударса болады. Қаласаңыз, картаға да салып береді.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:

Ел бойынша «Астана банкінен» депозит ашқан 275 мың адам бар. Қазақстан депозиттеріне кепілдік беру қоры олардың 37,5 миллиард теңгесі қайтарылатынын мәлімдеді. Қор ұлттық валютада 10 миллион теңгеге дейін депозит ашқандар мен валютада салым салғандардың 5 млн теңгесі қайтарылатынына кепілдік береді.

Ә. Өмірзақ