Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қазақстанға халықаралық террористік ұйымдардан төнген қауіп жоғары - ҚР ҰҚК

AstanaTV
29.01.2019ж. 20:00
3352
Қазақстанға халықаралық террористік ұйымдардан төнген қауіп жоғары - ҚР ҰҚК

Қазақстанға төніп тұрған террористік қауіп жоғары. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков осындай мәлімдеме жасады. Бұл туралы Сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеттің кеңейтілген отырысында белгілі болды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары халықаралық террорлық ұйымдардың қызығушылығы орбитасында біздің ел бар екенін айтты. Оған Алматыда осы айдың басында тіркелген деректі дәлел етті. Қолға түскен қылмыстық топтың шетелдіктердің нұсқауымен Қазақстан аумағында теракт жасамақ болғаны анықталған. Бұрын ашық соғысқан содырлар, қазір партизандық әдіске көшкен көрінеді.  

Нұрғали БІЛІСБЕКОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз Қазақстанға төнген қауіпті адекватты бағалап отырмыз. Оның үстіне біздің елдің азаматтары қақтығыс ошақтарына кетіп, соғысып жүр. Біз олардың басқан іздерін, Қазақстанға қайтқан жолдарын аңдып отырмыз. Қазір қауіпті аумақта 300-ден сәл астам адам бар. Оның ішінде соғысып жүргендердің саны 100-ден асады. Жартысы қаза тауып, тағы бір бөлігі қақтығыс аумағынан шығып, шетел асқан. 250-дейі әйел мен бала. Соғысып жүргендер қатарында қазақстандық әйелдер де бар. Бұл Сирия, Ирак, пен Ауғанстан аумағындағылар.

ТМД елдері шекарасына 6 мыңдай ДАИШ содыры тартылған. «Ресей Ішкі істер министрі орынбасарының бұл мәлімдемесінің адам санына қатысты күмән бар». Осылай деген Нұрғали Білісбеков бұл ақпарат қайта тексерілетінін айтты. Сенаторлар да Ауғанстаннан АҚШ әскерінің шығарылып, жағдай ушығып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Сондықтан ТМД елдерінің 7 мемлекеті арасында терроризмге қарсы құрылымдарды техникамен жабдықтау туралы келісімді тез арада бекітуге ниетті.    

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: 

Бір мемлекет екінші мемлекетке техниканың бағасын көтеріп жібермеу үшін сол елдің бағасы сақталады. Мысалы, Ресейдің өз ішінде қандай баға болса, бізге сондай бағамен сатады. Және техниканы бір тарап алғаннан кейін үшінші тарапқа бере алмайды. Беру үшін мына жетеуінің өзара келісімі керек. Бере де алмайды, сата да алмайды. Қазіргі халықаралық жағдайды ескеріп, бекітуге отырысқа жіберу керек деп есептеймін.

Г. Меңдеева