Оралда мұнай өнімдерін заңсыз тасыды деп айыпталған алты адам сотталды. Олар қылмыстық топ құрып, мемлекетке 3 миллиард теңгедей зиян келтірген. Айыпталушыларға 8-ден 10 жылға дейін жаза кесілді. Сот залынан оралған тілші тарқатсын.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Сот белгіленген уақыттан бір сағатқа кешігіп басталды. Осы уақытын босқа өткізбеген сотталушы Қайрат Намазбаев өзіне тағылған айыптардың негізсіз екендігін мәлімдеп үлгерді.
Никакого объективного прозрачного судебного разбирательства здесь не было. Я лучше отсижу весь срок, который мне дадут, но останусь на ногах, я никогда не буду стоять на коленях.
Сот материалдарынан мәлім болғандай, 2017 жылдың күзінде Атырау-Орал тас жолының бойындағы полиция бекетінде битум тиелген бес жүк көлігі тоқтатылады. Кейін құжаттарынан шикілік шығып, ұйымдасқан қылмыстық топ деп танылады да, ісі сотқа жолданған. Дегенмен, сотталушы Қайрат Намазбаев мұны әділетсіздік дейді. Ол кәсіпкерлікпен айналысатынын, ал бұл битум Оралда жол құрылысына пайдаланылғанын айтты. Бірақ, сот оның уәжіне құлақ аспады.
Қайрат ШАЛҚАРОВ, СУДЬЯ:
Сот шешімімен Қайрат Намазбаев 10 жылға бас бостандығынан айрылсын, жазасын қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі қылмыстық-атқару мекемесінде өтейді. Сонымен қатар, мемлекет пайдасына 539 млн теңге өндіріліп алынсын.
Сот үкімімен Орынбор облысындағы битум зауытының директоры Тимур Қалиевқа және осы іс бойынша айыпталған тағы төрт жігітке залда кісен кигізіліп, қамауға алынды. Олар сегіз жылға сотталды. Сонымен қатар,мемлекет пайдасына үш миллиард теңге өндіріліп, битум тасыған көліктері мен жеке көлігінен табылған қаржысы тәркіленіпті. Үкіммен келіспеген қарсы тарап соттың біржақты жүргізілгенін айтады.
Рашид ХИСАМЕТДИНОВ, ҚОРҒАУШЫ:
Прокурор сотқа екі бірдей айыптау актісін ұсынды. Бірақ, сот бір мезгілде екі айыптау актісін қатар қарамайды. Өйткені, бір сотта бір акті ғана қаралады. Мұны тіпті заңгер мамандығын оқып жатқан студенттерге дейін жақсы біледі. Бірақ, бұл сотта біз келіспейтін нәрсе бұдан да көп.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушылар осы мерзім ішінде қайта шағымдануға құқылы.
Е. Карин