Петропавлда қайта «түлеген» «Био оперейшн» зауыты АҚШ пен Еуропаға глютен экспорттай бастады. Бидайды терең өңдейтін кәсіпорын өнімнің 90 пайызын сыртқа саудалап жатқанын хабарлады. Компания бұдан бөлек крахмал өндірісін де қолға алған. Кәсіпорын әзірге Өзбекстанға экспорттайды. Енді Қытай нарығына шығуды көздеп отыр. Тапсырыс көбейсе, өндіріс әлеуетін екі есе арттыруды жоспарлайды. Алайда, зауыт өкілдері коммерциялық құпияға байланысты өнімнің бағасы мен көлемі жөнінде тіс жармады. Бұдан бұрын облыс әкімі Құмар Ақсақалов крахмалдың нарықтық бағасы 120 теңге болса, желімтіктің құны 645 теңге деп мәлімдеген болатын.
Алмас КАЛИМУРЗИН, «BIOOPERATIONS» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
Экспорт басталды. Өткен жылдың декабірінде басталды. Алдымен кішкентай партиямен жібердік, енді әрі қарай кетеді. Зауыт толық қуатына шықты. Бірақ,объемдарды тағы арттыруға мүмкіндігіміз бар.
Еске салайық, елімізде теңдесі жоқ «Биохим» зауыты алғаш рет 2006 жылы ашылған еді. Өндіріс ошағы жанармай сапасын көтеретін «биоэтанол» сұйықтығын шығарумен айналысты. Алайда, өнімге сұраныс болмай, екі жылдан соң жұмыс тоқтап қалды. Былтыр зауытқа жаңа инвесторлар келіп, 12 миллиард теңге қаржы құйған-ды.
А. Құрманкин