Қылмыскерлерден зардап шеккендерді өтемақымен қолдау қорына былтырғы жарты жылда 80 миллион теңге түскен. Сенаттың комитет отырысында Қаржы вице-министрі осылай деді. Қаражат 2020 жылдың 1-ші шілдесінен бастап қылмыскерлерден жапа шеккендерге бір жолғы материалдық көмек ретінде берілмек. Ол 46 бірдей баппен сотталғандардан өндіріледі. Бүгінде қылмыстық істердің 80 пайызы тараптардың бітімге келуімен аяқталып, зардап шегушілер қандай да бір көмек алмайтын көрінеді. Енді сотталушылар оларға 5 және 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы төлеуге мәжбүр болады. Осылайша, 2020 жылға дейін қорға 2 млрд теңгедей құйылмақ.
Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл жәбірленушіге егер қылмыс ашылмай жатса, қылмыскер табылмай жатса, не болмаса ем алуға, сондай-ақ, ауыр қылмыстар болғандықтан адам өлтірілгендіктен, оны жерлеуіне осы қордан қаражат бөлінеді. Бірақ, қылмыскер ұсталғасын, сотталғасын прокурор одан мәжбүрлеп осы қордан шыққан шығынды қайтарады үкіметке.
Біржолғы төлемді жыныстық зорлық көрген бала, адам саудасының құрбаны, денсаулығына аса зиян келген, оның ішінде иммун тапшылығы дертін жұқтырғандар мен қаза тапқан адамдардың заңды өкілдері ала алады. Бала құқын қорғау жөніндегі уәкіл, сенатор Сәуле Айтбаеваның айтуынша, былтыр 14 пен 18 жас аралығындағы 100-ден аса жасөспірім сотталған. Демек, кемі 100 бала зәбір көрген. Дегенмен, омбудсмен қылмыс саны жоғары емес, - деді.
Сәуле АЙТПАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:
Әлемде криминогендік жағдай 10 мың тұрғынға шаққандағы қылмыстық заңбұзушылық деңгеймен есептеледі. Түркістандағы жағдайды айтар болсақ, онда миллионнан астам халық тұрады. 10 мың адамға шағатын болсақ, қылмыс деңгейі әлдеқайда төмен. Ертең Ішкі істер министрлігіндегі жиынға міндетті түрде барамын. Бұл мәселені талқылайтын боламыз.
Г. Меңдеева