$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Бір қайғы, бір қуаныш... Браконьердің айуандығынан мерт болған Ерлан Нұрғалидің ата-анасымен сұхбат

AstanaTV
02.02.2019ж. 20:00
5710
Бір қайғы, бір қуаныш... Браконьердің айуандығынан мерт болған Ерлан Нұрғалидің ата-анасымен сұхбат

Қаңтар айының ортасында браконьерлердің айуандығының кесірінен мерт болған Ерлан Нұрғалиевтің осы аптада 3-ші немересі дүниеге келді. Дәп Ерлан атасының туған күнінде дүние есігін ашқан Ерұлан қайғы жұтқан үлкен атасы мен әжесінің жадырап қалуына септесті. Ерланның жалғыз ұлы – Медеттің бір қыз, бір ұлы бар. Үшінші балаға жүкті келініне дәрігерлер сәби Ерланның туған күні – 30 қаңтарда дүниеге келеді дегенді айтыпты. Соған балаша мәз болған Ерлан жұмысына кетердің алдында малын сойып, дайындығын жасап кетіпті. «Туған күніме керемет сыйлық болады»,- деп қатты қуанған...

Балғабек ақсақал мен Бәкен апа Астанада пәтер жалдап тұрады. Данияр Қайыртай барып әңгімелескен. Ерұланды перзентханадан шығарған кездегі қуанышты сәтті де түсірді. Ерланды қаһарман деп танитын көпшілік, оны ешқашан ұмытпаймыз.

Балғабек НҰРҒАЛИҰЛЫ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ӘКЕСІ:

Таңертең ұйықтап жатыр едім, анам марқұм: «Тұршы, тұршы, серік келді, серік келді»,- деді. Үш қыздан кейін туды. Алдында үш апасы болды. Сол апасынан кейін бұл туды.

Бәкен ЕСХОЖИНА, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ АНАСЫ:

Кішкентай күнінен жан-жануарларға сондай мейірімді болатын. Мысық асырағанбыз Ерланға деп. Сол мысығы кішкентай күнінде балалар қатар-қатар жатады, алдында үш апасы бар, әжесінің қасына жатады. Ұйықтап жатқан адамдарды иіскеп-иіскеп, Ерланды тауып алады. Ерлан ұйықтап жатады, сол ұйықтап жатқанында мысықтың келгенін біледі. Мына киіктің лағын құшақтап тұрғаны сияқты, бауырына тығады, ұйықтап жатып, сөйтіп бір қолымен басын сипап жатады.

Балғабек НҰРҒАЛИҰЛЫ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ӘКЕСІ:

Әке болғаннан кейін балам адал болса екен, балам дос-жолдастарына жақсы болса екен деп, соны армандадық қой. Сол арман былайша айтқанда орындалды.

Бәкен ЕСХОЖИНА, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ АНАСЫ:

Өнерге жақын болды. Қазақшалап айтқанда бесаспап болды. Әйелдің де жұмысын біледі, еркектің де жұмысын біледі.

Балғабек НҰРҒАЛИҰЛЫ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ӘКЕСІ:

Ризамын, ризамын. Ризашылығым сол, ботам адал еңбек етті, адал болды. Міне, сол адалдығы ғой, мінеки, қыршын жасында, халқымыздың байлығы үшін, еліміздің байлығы үшін, ақбөкенді қорғау үшін сол адалдығымен кетті ғой.

Бәкен ЕСХОЖИНА, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ АНАСЫ:

Жер жастанып жатқанда жүрегім сонша инедей шаншылады, сонша қайғырамын, ең болмаса бірауыз тіл айтпады ғой, ең құрмаса медицина, вертолет келіп бір көмек жасамады-ау, мінекей, соны көңіліме аламын, ренжимін соны көріп, ең құрымаса «мама» деген, көзін ашып не інісіне бір ауыз сөз айтуға шамасы келмеді.

Ғалымжан ТӘУЕКЕЛОВ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ДОСЫ:

Разведчиктерды следопыт дейді. Следопыт артыңа түссе, сен одан құтыла алмайсың. Не қашып құтыла алмайсың, не тығылып құтыла алмайсың. Ерланнан мүмкін емес еді олардың... Ол балалар да түсінген болар, сол үшін де тоқтаған шығар деп ойлаймын. Ерлан қандай жұмыс істемесе де, не істемесе де ол ең артына дейін барады.

Бәкен ЕСХОЖИНА, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ АНАСЫ:

Медицинаның дамыған уақыты ғой, алдын ала ер бала деп бізді қуантып қойды. Ерлан соны естіп қуанып, «Менің туған күніме келінім сыйлық жасайды, сондай ер бала келеді, атын кім қою керек»,- деп ертеден сол атын армандады. «Менің туған күніме сыйлық жасайды, екеуін бірге тойлаймын»,- деп малын сойып, шұжығына дейін істеп, дайындалып отырған... Арманына жете алмай кетті, арманына жете алмай кетті... Көп арманы ішінде кетті.

Медет НҰРҒАЛИЕВ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ҰЛЫ:

Алланың қалауымен әке атандық. Өкінішке орай, осы ұлымды әкеміз Ерлан көрмеді, өмірден озып кетті. Ол кісінің өмірі осымен тоқтаған жоқ, артында ізбасарлары бар. Атын да ұқсастырып, әкем сияқты ер болсын деп, атын Ерұлан қойдым.

Бәкен ЕСХОЖИНА, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ АНАСЫ:

Апрель айы, су тасып жатқан уақытта, біз үйдеміз, мен өзім барған жоқпын, үйдемін. Келіп көршілер айтады. Суға түсіп, УАЗиктегі 5 мәйітті шығарған, сосын тіркеп УАЗикті шығару керек қой, соны тіркеген. Мен оны уайымдап жүрмін қандай күйде екенін. Бір уақытта үйге келді жайнап, ештеңе болмаған сияқты.

Ғалымжан ТӘУЕКЕЛОВ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ДОСЫ:

1984-тен 86-ға дейін әскерде өз борышын атқарды. Бірінші Хабаровскіде учебкада болды, учебное подразделениеде оқыды, сонда младиший сержантын алды. Содан кейін Ауған мен Совет одағының шекарасында қызмет етті. Қорғантөбе деген қазіргі Тәжікстанның жерінде.

Балғабек НҰРҒАЛИҰЛЫ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ӘКЕСІ:

Институттан кейін бір жыл мұғалім болды. Онда мен мектеп директоры едім. Сонда менің қарамағымда бір жыл болды. Содан кейін өзі сұранып, «Папа, мен ішкі істер жағына барайыншы, полицей болайыншы»,- деп тілек білдірді. Оған да қарсы болған жоқпын.

Ғалымжан ТӘУЕКЕЛОВ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ДОСЫ:

Ерлан деген былай қарап тұрсаңыз күнде ерлік жасап жүрген адам. 88-жылы бізде масқарадай су тасыды. Көпірді алып кетті су. Сол кезде көпірден плавающий бронетранспортермен адамдарды өткізіп жатты. Сол өткізіп жатқан кезде бір жағаға шығайын деп жатқан кезде, ішінде отырған он шақты адамды су алып кетті. Өйткені ағын қатты болып жатыр ғой, масқара ағын. Сол кезде Ерлан ең бірінші суға секіріп екі адамды құтқарды.

Сәруар АБРАЕВ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ БҰРЫНҒЫ БАСТЫҒЫ:

Массовый төбелес болды клубта. Звондайды дежурный, осындай төбелес болып жатыр деп. Мен айттым, личный составты тревогамен көтеріңдер. Сол енді бәріміз жиналып, бір 15 минут кеткен шығар, ұйықтап жатқан адамдар бірден жинала қалмайды ғой. Келсек, төбелес те жоқ, ешкім ешкімді ұрып жатқан жоқ. Сосын Ерлан келіп айтты: «Барлығын успокоить еттім»,- деп. «Жарайды, успокоить етсең, рахмет!»- дедім. Сондай ерліктері бар-ды.

Ғалымжан ТӘУЕКЕЛОВ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ ДОСЫ:

Героический поступок дейді, героический поступок – это одно, но подвиг – это другое. Айырмашылық үлкен. Біз қазақ соны түсінуіміз керек. Героический поступокты можно жай ғана марапаттауға, орден-медальмен. Ал подвиг деген жанын берген адамға, қаза тапқанда оны басқаша марапаттауға тиісті.

Сәруар АБРАЕВ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ БҰРЫНҒЫ БАСТЫҒЫ:

«Халық қаһарманын» берсін деп отырмыз. Өйткені ол өзін емес, киіктерді әрмен қарай атпасын деген ойменен жаңағыларды барып ұстап... Енді осындай жағдай көп болған. Қанша адам ұстады, барлығы кетіп отырды. Ешкім сотқа барған жоқ, ешкім сотталған да жоқ.

Бәкен ЕСХОЖИНА, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ АНАСЫ:

Барлық іс-әрекеттерін сараптап, жасаған ерліктерін сараптап, халық ұсынар. Мен балама «Халық қаһарманын» бер деп сұрай алмаймын ғой. Халық шешер, жоғарыдағы чиновниктер шешер.

Сәруар АБРАЕВ, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ БҰРЫНҒЫ БАСТЫҒЫ:

Менің тағы бір ұсынысым бар. Оны басшылар шешеді ғой. Бір көшенің атын Астанадан берсе, Ерлан Нұрғалиев деп. Мәңгілік болады ғой. Ертең ұрпақтар өскеннен кейін «мынау кім екен» дейді, сонда астында табличкалар болады ғой, «Ел қаһарманы, браконьерлермен ұстасып, содан қаза тапқан»- деп.

Бәкен ЕСХОЖИНА, МАРҚҰМ Е.НҰРҒАЛИЕВТІҢ АНАСЫ:

Халықтың осындай құрметтеп жатқанына ризамын. Тек қана көңілге демеу болатын осы. Балам біздің ғана баламыз емес екен, шал мен екеуміздің, халықтың баласы екен. Халыққа еңбек етіп, табиғаттың ақбөкенін қорғап... Ажал әр түрлі болады ғой, құрметті ажал, шәйіт дейді шариғат бойынша, соған тәубе деймін.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ:

Ерлан Нұрғалиев сөзсіз, ер, қаһарман. Орден-медальсыз-ақ. Бұған осы естеліктер түгел дәлел. Ал мемлекеттік марапат – Ерлан ағаның ерлігі өскелең ұрпаққа өнеге болуы үшін ғана қажет.

Данияр Қайыртай «Біздің уақыт»