$494.87 €520.65 ₽4.91
×

84 жастағы Асан ақсақал әлі күнге кітапханаға барады!

AstanaTV
02.02.2019ж. 20:00
4381
84 жастағы Асан ақсақал әлі күнге кітапханаға барады!

Қызылорданың маңындағы Айдарлы ауылында тұратын 84-ке қараған Асан ақсақал туралы «Ғажап жан» деп тақырып қойып әңгімелеп бергім кереді. Дүние-мүлік емес, кітап жинаған адам. Кітап қоры алты мыңға жеткен. Барлық жанрдағы дүниелер, сирек кездесетін құнды шығармалар. Асан ақсақалды елі «Біздің Академик» деп атап кеткен. Ауа-райына, көңіл-күйіне, басқа да бір жайттарға қарамастан, екі аптада бір рет облыс орталағындағы әмбебап-ғылыми кітапханаға барып, жаңа кітап алып келеді. 24 жылдан бері. Айтуынша, бармаса керең, соқырдың күйін кешкендей болады. Қалтасында тиыны болмаған кезде автобус жүргізушілері зейнетақысынан береді ғой деп ақсақалды апарып-әкелетін көрінеді. Бір тәулікте басын көтерместен екі кітапты оқып таусады. Әрине, иіріп әкетіп, толғандырса. Бір қызығы, білім-ілімнің энциклопедиясы атанған ақсақалдың жоғары білімі жоқ. Тек құштарлық. Ал алғаш ұғынып, қызыға оқыған кітабы-«Қазақтың 28 батыры».   

Асан РҮСТЕМБЕК, АЙДАРЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біздің тарих жұтаң болды ғой, шын тарихты біз жаза алмадық, совет үкіметі кезінде. Сол кездері мен құпия кітаптарды, тарихи кітаптарды іздеп, оқыдым. Одан кейін философияға көштім. Сөйтсем бізден философияның өзі сирек екен шығып жатқан. Мықтылардың барлығы басқа елдерден. Сонда да қызықтым. Мен ылғи қолға онайлықпен тимейтін кітаптарды іздеймін ғой. Қай қалаға барсам, мен кітап іздеймін.

Тәлім-тәрбие, ұлттық құндылықтар, әлем жаңалықтары. Университет бітірмесе де, өмір академиясын үздік тәмамдаған Асан қарияның тоғыз ұлы да өмірде өз жолдарын тауып, туған ұядан жан-жаққа ұшып, өнегелі отбасыларының отағасы атанып отырған азаматтар. Бибіхаят апаймен отауласқанына 62 жыл болған қарияның тоғыз ұлы мен кенже қызына, ұрпақтарына қалдырар мұрасы кітаптар мен газет-журналдар. Айтпақшы, газет тігінділерін 1960 жылдан бастап жинаған.  

Асан РҮСТЕМБЕК, АЙДАРЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Тамның төбесі, мынанын үстіне, мыналардың ішінің бәрі - газет. Қимаймын аналарды, керек болып қалады ғой деп. Кейін баларыма керек болып қалатын шығар деп. Мені қамап тастаса да оқуға тырысамын. Менде байлық жоқ, менде қазір бір күшік бар. Басқа иә мал, ешкі, сиыр, қой, бірдеңе жинап, ондайым жоқ. Газет жыртқан адамды жек көремін мен, мен газет жыртпаймын, қанша газетты сақтап отырмын мынау. Мен ойлаймын, көп соқырдың көзін ашатын нәрсе кітап деген. Енді білмеймін, келешекте мынау техника дегендер шығып жатыр ғой әртүрлі, мен олардан хабарым жоқ, мен өйткені оны түсінбеймін. Бірақ өзім ойлаймын, кітап алаңсыз жоғалып кетпейтін шығар...

Афоризмдер, ақыл-кеңестер, тың ойлар.... Ақсақал елу жылдан бері конспект жазып келеді. Алдында 280 оқушы дәптерін толтырса, бүгінде жеке архивінде нөмірленген 36 қалың дәптер жатыр. Әрқайсының өз атауы бар. Мысалы, тарих, медицина, жұмбақтар, география, философия сияқты. Қай газет, журнал, кітаптан, қай кезде алынған ақпарат екені жазылып тұр. Бір қызығы, сексеннен асқан Асан қария кітапты әлі де көзілдіріксіз оқиды.  

Ал Сара Танабаева Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1969 жылдан 48 жыл қызмет етті. «Батыс Қазақстанның ежелгі археологиялық қазыналары», «Келбет» атты кітаптары жарық көрді. Санкт-Петербор, Астрахань, Қазан, Орынбор қалаларының мұрағаттарында жұмыс істеп, Е.Пугачев көтерілісіне, татар ақыны Ғ.Тоқайға қатысты көптеген құнды құжаттар мен жәдігерлерді музей қорына түсірді. Осы жәдігерлер негізінде 2006 жылы Орал қаласында Ғ.Тоқай музейі ашылды. Зейнетке шыққасын облыстық балалар туризмі және экология орталығында еңбек етті. 

Үш бөлмелі пәтерінде сан саланы қамтитын он мыңға тарта кітап бар. Кітаптарының сыймағанын балконына қойған, біраз бөлігін балаларына беріпті. Тұтас бір қабырғаны алып тұрған кітаптарды оралдық белгілі адвокат Абзал Құспанға да берген екен. Үлкен жер үйіміз болса, соның бір залын кітапхана қылар едім, іздеген жан керегін тауып оқыр еді, дейді.

Сара ЕСҚАЙЫРҚЫЗЫ, ӨЛКЕТАНУШЫ, ТАРИХШЫ, ЗЕРТТЕУШІ:

Қазіргі балалар кітап оқымайды, мен тіпті соны ойласам сондай бір қауіпті жағдай сияқты. Ол баланың жан-дүниесін кітап арқылы байытатын еді ғой. Қазіргі балалар телефоннан қарайды, интернетті қарайды. Бірақ пайдалы нәрселерді оқымайтын сияқты. Жеңіл-желпі, ойын-сауыққа уақыттарын кетіре ме деп қорқамын. Олардың не қарап отырғанын да білмейміз. Бірақ автобуста да соған қолдары жабысып қалады және дүниеге жаңа келген балалар телефонға жармасады. Сол телефон бәле болды.

Балалардың рухани дамуына, өмірден жақсы мен жаманды айыруына, қайырымдылық, мейірімділік, үлкенді сыйлау, Отаныңды сүю – барлығы кітап арқылы берілетін еді ғой. Кітап деген керемет тамаша тәрбиеші ғой. Енді қазіргі балаларды білмеймін, мүмкін бара-бара беті қайтадан бұрылар деймін, үмітсіз – шайтан деген. Мен өзім солай үміттенем.