$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Нұрсұлтан Назарбаев өрттен қайтыс болған бес баланың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтты

AstanaTV
05.02.2019ж. 20:00
4598
Нұрсұлтан Назарбаев өрттен қайтыс болған бес баланың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтты

Президент 5 баласынан айырылып, қара жамылған отбасыға көңіл айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Астана әкіміне зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Ал, мұндай қайғылы жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды қабылдап, өрт қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді міндеттеді. Бүгінгі Үкімет отырысы да қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиғаның себеп-салдарынан басталды. Абай Сейфулланың бейнематериалы.  

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: 

Тексерушілер жеке үйлерге келген кезде, өрт қауіпсіздігін тексеруге, келеді екен де бірінші сұрағы: «Ештеме тексермей-ақ қояйын, ақша берсеңіз кете беремін». Мәселенің бәрі содан басталып отыр. Осыған баса назар аударыңыздар. Қатаң талап болғанда ғана біз мұндай қаралы жағдайға жол бермейміз.

Премьер-министр бүгін өрт қауіпсіздігі тексерушілерін пара алумен айналысады деп сөкті. Кешегідей қаралы оқиғаларды тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті бақылау қызметінің салғырттығынан көрді. Үкімет басшысы Ішкі істер министрі мен әкімдерге қауіпсіздікті бақылауды күшейтуге тапсырма берді.  

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: 

Техника қауіпсіздігі ережелеріне мән беріңіздер. Ішкі істер министрі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жылыту маусымы аяқталғанға дейін өрт қауіпсіздігі шараларын жаңартсын. Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, жылу барлық ұйым, тұрғын-үй коммуналдық қызметтегілердың тұтынушыларды жылу мен жарықпен қамтамасыз етуін өз бақылауыңызға алыңыз.

Министр жылу маусымы басталғалы түсіндіру жұмыстарын тоқтатқан жоқпыз дейді. Бірақ, биыл улы газдан қаза тапқандар саны былтырғыдан 12 пайызға артып кетіпті.  

Қалмұханбет ҚАСЫМОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ: 

Бұл жерде пеш жаққанда қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Өрт содан шығып отыр. Сосын балалар түнгі уақытта қараусыз қалған.

Астана қаласының әкімі қаралы отбасыға көмектесу бойынша арнайы комиссия құрылғанын айтты. Сұлтанов қана емес, сол күні 5 бала бақилық болған үйге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі де барған. Осылай деген оның орынбасары көпбалалы аналарға көрсетілетін қаржылай көмек көлемін қайта қарастырып жатырмыз деп сендірді.   

Светлана ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Сіздер барып көңіл айттыңыздар ма?

- Бардық, министр өзі барды.

- Почему родителям приходится работать в ночную смену?

- Это их выбор!

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Алдағы тәуліктерде бірқатар өңірлерде күн қатты суытады деп күтіледі. Сәйкесінше жылу беру жүйелерінде температура артады, пеш жағу күшейеді. Сондықтан төтенше жағдай комитетінің өкілдері үйдегі өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауды сұрайды. Пәтеріңізге тексеру келсе, табалдырықтан шығарып салмай, қауіптің жоқтығына көз жеткізген жөн.

А. Сейфулла