Шымкентте балабақшаға баратын балғындардан саусақ іздері алына бастады. Осы арқылы бүлдіршіндердің мектепке дейінгі мекемеге қай уақытта келіп-кеткені бақыланады. Әзірге бұл пилоттық жоба. Балаларға санақ жүргізу не үшін қажет болды? Айзада Төребекқызы анықтап көрді.
Балабақшаға келген бүлдіршін енді күн сайын арнайы тіркеуден өтеді. Саусақтарын арнайы қондырғыға басып, ғимаратқа кіргенін растауы керек. Құрылғыны орнатқандардың айтуынша, саусақ ізі арқылы санақ жүреді.
Бекзат ЕГЕМБЕРДИЕВ, КӘСІПКЕР:
Әр баланың саусақ ізіне ID нөмір беріледі. Ол нөмірлер біздің серверге енгізілген. Бүлдіршін таңертең келген кезінде ол нөмер біздің терминал арқылы өзіміздің серверге келіп түседі. Сол жерде баланың нақты қай уақытта кіргенін көреміз. Бір сөзбен айтқанда, бұл балаларды табельдеудің автоматтандырылған жүйесі.
Шымкентте мұндай құрылғы әзірге жекеменшік екі балабақшаға орнатылған. Баланың саусақ ізі ата-ана келісімімен алынады. 150 баланы тәрбиелеп отырған мектепке дейінгі мекеме басшысының айтуынша, қарсылық танытқандар болмапты.
Айнұр ӘБДІХАЙЫРОВА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:
Біз ата-аналарға түсіндірдік. Қарсылығы жоқ. Бұның тиімділігі, мысалы, күнделікті келіп жатқан баланың рас па келіп жүргені сол жөнінде ғой негізі.
Алайда, бұл жаңашылдыққа жатырқай қарағандар бар. Төрт немересі бақшаға баратынын Дина Мыхыбаева енді оларды үйінде бағуға мәжбүр екенін айтады.
Дина МЫХЫБАЕВА, АТА-АНА:
Мысалы, менің 1,5 жасар немерем бар. Оны күніге кішкентай пальчигін былай қойып, оны күнде лучь алу мен үшін зиян, ол өте зиян екенін білем мен.
Айгүл БАЙДӘУЛЕТОВА, АТА-АНА:
Ата-ананың өзі апарып берсе, баланы біз өзіміз тасимыз, оған қандай қадағалау керек? Бұл енді түсініксіз жағдай мен үшін ата-ана ретінде. Сондықтан біз түбегейлі қарсымыз. Неге? Себебі, біз білеміз Европада тіпті, магнитті есіктер дейді ғой оларды да алып тастап жатыр. Себебі, ол облучение, это получается -рентген.
Шымкентте 476 мектепке дейінгі мекеме болса, соның 79-ы ғана мемлекеттік. Қондырғыны әр мекеме өзі сатып алуы қажет. Сондықтан болар, жаңашылдыққа бақша меңгерушілері де қарсылық білдіріп отыр.
Гүлжамал ТҮСІПҚАЛИЕВА, «БАЛДАРИЯ» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
15 мыңға бізге ай сайын тексеріп беріп отырады. Сонда сатып алатынымыз 170, ай сайын тағы да 15 мыңнан оларға төлеп тұруымыз керек. Қосымша шығын. Менің балабақшама әлі қойылған жоқ. Егер, оны қойсаңыз, мен балабақшадан баламды алып кетем деген де ата-аналар бар. Сондай сұрақ көтеріліп жатыр. Сондықтан мен қарсымын.
Диана ҚАРАМАНОВА, «МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ» ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ай сайынғы қызмет ақысын басында 10 мың деген, енді 15 мың деп тұр. Бірақ, қондырғының зиян еместігін растайтын құжат көрсете алмай тұр. Меніңше, аппаратты орнатудағы бір мақсат - жеке серіктестерге мемлекет тарапынан бөлініп жатқан ақшаны бақылау.
Былтыр 25 балабақшадағы 4,5 млн теңге мақсатсыз жұмсалған. Қаражат бюджетке қайтарылған. Білім басқармасының тексерісі осыны көрсеткен. Ал, қондырғының қауіпсіз екендігі Мәскеуде тексеріліпті. Дегенмен, оны орнату міндетті емес көрінеді.
Ақерке АБЫЛАЙХАН, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жүйені қойғысы келмейтін балабақшалар өздеріне бөлінген қаражатты мақсатты түрде игеріп, әр балаға жұмсау үшін игеріп, өздерінің ары мен абыройын сақтап жұмыс істесе, біз ешкімді бұл жүйені қоюға мәжбүрлемейміз.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Пилоттық жоба шілде айына дейін жүзеге асады. Тиімділігі дәлелденсе, мемлекеттік балабақшаларға да орнатылмақ. Ол кезде бюджеттен қаржы бөлінеді. Оны тіпті колледждерге де қою жоспары тұр.
А. Төребекқызы