Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Әлем бойынша алғашқы рет науқастың жүрегіне сымсыз қанайналым құрылғысы Астанада орнатылды

AstanaTV
06.02.2019ж. 20:00
2335
Әлем бойынша алғашқы рет науқастың жүрегіне сымсыз қанайналым құрылғысы Астанада орнатылды

Әлемде алғашқы рет науқастың жүрегіне сымсыз қанайналым құрылғысы орнатылды. Ота Астанада өтті. Бұл туралы операцияға жетекшілік еткен елдің Бас кардиохирургы Юрий Пя мәлімдеді. Израильде ойлап табылған бұл инновациялық құрылғы адамның кеуде тұсына енгізіледі. Сырттан ешқандай арнайы көмекке тәуелді емес. Судан да қорықпайды. Ал, бұған дейін қолданылып келген құрылғылардың артық кабельдері көп, науқас өзімен бірге бірнеше қосалқы аппараттарды көтеріп жүруі қажет болған. Ота 15 желтоқсан күні Астанадағы «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында» өткен. Оған 20-ға жуық маман қатысыпты. 

Юрий ПЯ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАС КАРДИОХИРУРГЫ: 

Мен оны ғарышқа ұшқан космонавтқа теңейтін едім. Себебі, оған әлем бойынша алғаш рет инновациялық құрылғыны орнату операциясы жасалды. Науқас болып түскенде ол өз бөлмесінен шыға алмайтын, қатты демікпесі болды. Қазір барлығы жақсы. Жаңа аппараттың батареясы оның кеуде тұсында орнатылған. Арнайы белбеу арқылы сымсыз зарядталады. Ал, қолындағы арнайы қолсағат арқылы ол өзінің денсаулығы жайлы керекті ақпаратты алып отырады.  

Ал, 24 жастағы Исмаил Тұрсынов қалыпты өмірге қайта оралғанына қуанышты. Бірінші болып осындай ота жасату қорқынышты болғанымен, өмірге деген құштарлығы одан жоғары болғанын айтады.  

Исмаил ТҰРСЫНОВ:  

Ауырмай тұрып 94 келі болғам. Қазір 67 келімін. Операцияға дейін көп жүріп-тұра алмайтынмын. Қазір еркін қозғалам, бассейінге де түсем. Импланттың бар жоғы білінбейді. Ауруханаға да күнде келе бермеймін. Аптасына бір-екі рет қана қан тапсыруға келіп тұрамын.  

Айта кетсек, әлемде 800 мыңға жуық пациент жүрек трансплантациясына тәуелді. Ал, донорлық жүректің жетіспеушілігіне байланысты осындай заманауи құрылғылар қажет. Сондықтан алдағы уақытта еліміз өз азаматтарына ғана емес, арнайы құрылғыға тәуелді әлемнің әрбір азаматына екінші мүмкіндікті сыйлауы мүмкін.  

Ә. Өмірзақ