Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қостанай облысында екі әйел үсіп өлді

AstanaTV
06.02.2019ж. 20:00
3115
Қостанай облысында екі әйел үсіп өлді

Қыс қаһарына мініп, сақылдаған сары аяз -40 градусқа дейін жетті. Кей өңірлерде адамдар үсіп, қаза тапқандары да бар. Аязға шыдас бермеген пойыз бөлшектері де бұзылып, жолаушылар діттеген жеріне жете алмады. Данияр Қайыртай толықтырады.  

Қыс соңғы айында қаһарына мінді. Қостанай облысында екі әйел үсіп, мерт болды. Бірі - Әулиекөл аудананың 29 жасар тұрғыны болып шықты. Екіншісінің тоңазып қалған денесі Денисов ауданынан табылды. 50 жаста болған екен. «Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып кетті»,- дейді облыстық полиция департаментіндегілер. 

Ирина БЕЖЕНАРЬ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Алдын-ала болжам бойынша олардың денесін үсік шалған. Ешқандай зорлық белгілері жоқ. Аталмыш фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіліп, сараптама тағайындалды.

Ал, Астанада бір тәулікте 14 адам суықтан домбығып, медициналық көмекке жүгінген. Ішінде 2 жасар бала бар. Аяздан ең көп зардап шеккені де сол. Дәрігерлер оны ауруханаға жатқызды.  

Әйгерім АРДАҚ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ: 

Баланың жағдайы орташа, қалыпты. Өміріне ешбір қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір госпитализацияда. Қалғандары мекен-жай бойынша амбулаторлы емдеуге жіберілді. Үсік шалу салдарынан өлім тіркелген жоқ.

Аяз қысқалы Павлодарда да ауруханаға түскедер саны артыпты. 8 адам үсіген. Дәрігерлер көбісінің аяқ-қолын кесуге тура келгенін айтады. Науқастардың дені ішімдік ішіп, мас күйде болған.    

Марат ҚАНЖЫҒАЛИН, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №1 АУРУХАНАНЫҢ КҮЙІК БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: 

Қол-аяғы үсіп қалған науқастардың басым бөлігіне ампутация жасалады. 90 пайыз. Негізінен саусақтары мен башпайлары кесіледі. Тіпті, аяқтың тізеден төмен тұсын ампутациялау оқиғалары да болды.

Алысқа сапарлап шыққандар да күн райының қолайсыздығынан жолда қалды. Астанадан Қызылордаға қарай бағыт алған жолаушылар пойызы суықтан бұзылып, Қарағанды облысындағы «Айса» стансасында тұрып қалған. 300-ге жуық адам бүгін Қарағанды қаласындағы вокзалға жеткізілді. Тасымалдаушы компанияның өкілдері жолаушыларды басқа пойыз құрамына қосып жіберетіндерін айтып отыр. Ал, мұны қаламағандарына билет құны толығымен қайтарылмақ.  

Нұрәділ АЙТМҰХАМБЕТОВ, ЖОЛАУШЫ: 

Біз кеше 7 жарымда «Астана-Қызылорда» бағытында Тальго пойызына билет алған болатынбыз. Біз Ағадырда 4 сағат тұрдық. Таңға қарай Қарағандыға келдік. Ақсақалдар, апаларымыз қаншама, жүректері қысылып отыр.

Синоптиктердің болжамы да көңіл көншітпейді. Ызғарлы суықтың беті апта соңына қарай қайтады деп отыр. Ал, оған дейін кей аймақтарда ауа температурасы минус 43 градусқа дейін түсуі ықтимал.  

Д. Қайыртай