Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Жеке тұрғын үйлерде пеш үстіне киім жаяды, ереже сақтамайды - ТЖД

AstanaTV
06.02.2019ж. 20:00
3144
Жеке тұрғын үйлерде пеш үстіне киім жаяды, ереже сақтамайды - ТЖД

Қызылорда тұрғындарының төтенше жағдай мамандарын көрмегеніне 10 жылдан асқан. Тұрғындар бүгін арнайы рейд шараларымен барған мамандарды көріп осындай уәж айтты. Айта кетейік, Астанадағы өрт кезіндегі қайғылы жағдайдан кейін қауіпсіздіктің алдын алу шаралары жер-жерде басталды. Сондай тексерістерге біздің аймақтардағы әріптестеріміз де қатысып қайтты.  

Қала ортасында тұрып, көгілдір отынға зар болған Қызылордадағы мына екі қабатты үй тұрғындары өрттен қатты қорқады. Тіпті, жақында орын алған қаралы жағдай үрейлерін үдете түскен. Бір көшедегі төрт үйде тұратын 32 отбасы әлі күнге қатты отынға тәуелді. Тіпті, соңғы 10-12 жылда өрт сөндірушілерді мүлдем көрмедік деп налиды. 

Гүлсім БЕГМАНОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қаланың ортасында тұрып газдандыру деген жоқ біздің үйімізде. Тек осы көмір салу жұмысымыз. Қорқамыз, иіс тиіп қалады ма деп. Егерде осы үйлердің бірінде от болып, Алла сақтасын ғой, бірақ болған жағдайда бәрімізде кетеміз. Пожарниктердің келгенін мен көрген емеспін.

Өңірде осы маусымда 13 өрт оқиғасы тіркелген. «Бір отбасы тілсіз жаудан үш бірдей кішкентай ұлынан айырылып қалған болатын»,- деді құтқарушылар. Ал, тұрғындардың шағымына негіз жоқ деп отыр. «Тексеру кезінде есік ашатындар тым аз»,- дейді олар. Ал, алматылық төтенше жағдай мамандары бүгін аз қамтылған отбасыларына дабыл тетіктерін орнатты. 7 баланың анасы Айнұр Қаржаубаева бұл жаңалықты қуана қабылдады. Өйкені, мына тар бөлмеде 3 жылдан бері тұрып жатыр. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты. 

Айнұр ҚАРЖАУБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Жақсы квартираға көшу үшін ол ақша, оның үстіне бала-шағаңның саны көп. Жолатпайды. Осындай жерлерде жүреміз. 500 теңгеге бір қабын алып келем. Соны үнемдеп жағам. Азанда бір шелегін саламын, кешке бір шелегін саламын. Болды сонымен. Олда жоқ болады кейде. Ағаш жағып отырамыз.

Пештің сыйқы мынау, айналасы тез жанғыш затпен жамалған. Оған қоса үстінде киім жаюлы. Мұндай баспаналар саяжай аумағында өте көп. Сол себепті оларға бүгін тегін дабыл тетіктері орнатылуда. Бір айда 36 шаңыраққа дабыл орнатылған.   

Қайыржан АҚШАЙЫҚОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ТЖД АЛАТАУ АУДАНДЫҚ ТЖБ АҒА ИНЖЕНЕРІ, АҒА ЛЕЙТЕНАНТ: 

Датчиктер тегін түрде қойылады. Жергілікті әкімшіліктің және төтенше жағдайлар департаментнің қолдауымен. Тұншықтырғыш газдың концентрациясы көбейген жағдайда дабыл береді.

Құрылғы қуаттау батареяларымен істейді. Төтеншеліктер тұрғындардың сол ерекшелігіне мән бермейді дегенді айтып отыр. Уақытында істен шыққан қуат көзін ауыстырып отырса, дабыл тетігі ұзаққа жарайтынын өскемендік мамандар да халыққа түсіндіріп жүр.  

О. Нұржақып