$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қиын жағдайға тап болған балалар өтініш қалдыратын интернет-портал іске қосылады

AstanaTV
07.02.2019ж. 20:00
4069
Қиын жағдайға тап болған балалар өтініш қалдыратын интернет-портал іске қосылады

Балалар құқығын қорғау мәселесімен енді «Нұр Отан» партиясы да айналысады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен жаңадан құрылған республикалық кеңестің бүгін алғашқы отырысы өтті. Онда кеңес құрамы бекітіліп, органның нақты міндеттері қарастырылды. Тақырыпты Данияр Қайыртай толықтырады.  

Үкімет құрамында көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге арналған жұмыс тобы ұйымдастырылса, билік партиясы балалар құқығын қорғаумен айналысатын кеңес құрды. Ол барлық өңірде жұмыс істейтін болады. 

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Кеңестің басты мақсаты - балалардың құқығын жан-жақты қолдап, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуде көмектесу. Осы бағытта Үкіметпен, әкімдермен, мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз.

Жаңа кеңестің құрамында Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, салалық сарапшылар мен қоғам қайраткерлері бар. Олар өскелең ұрпақтың құқығын қорғауға бағытталған заңнамаларды талдап, балалардың заңды мүдделерінің бұзылу деректерін қарастыратын болады. Сондай-ақ, жас баласы бар ата-аналарға лайықты жұмыс жағдайын қалыптастыруға ұсыныстар енгізеді. Органға Мәулен Әшімбаев төрағалық етпек. Ал, оның орынбасары ретінде осы саланың тәжірибелі маманы Динара Зәкиева сайланды. 

Динара ЗӘКИЕВА, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазақстандағы балалардың 11 пайызы қазір қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Солардың мәселелерін шешуді басты назарға аламыз. Балалар құқығын қорғауға арналған бірыңғай әлеуметтік интернет-платформа ашуда жоспарлап отырмыз. Оған барлық мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдар араластырылады.

Бұл әлеуметтік порталды танымал IT-компания тегін жасап беріпті. Енді оны жетілдіру ғана қалып отыр. Онда қиын жағдайға тап болған кез келген адам өтініш қалдыра алады. Айта кетейік, көпбалалы отбасыларға жүйелі түрде жәрдем жасауға ұсыныстар қарастыру - Кеңестің тағы бір міндеті саналады.  

Кәрібек ДӘУЛЕТ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ «ЖАС ОТАН» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ: 

Көп балалы отбасылардың алатын ақшасы олардың өмір сүруіне жетпейді. 16 мың аз. Сондықтан да оның ары қарай көтерілуіне, одан бөлек олардың жолақылық, т.б. көптеген жерлерде жеңілдікке жетуін осы кеңестің аясында қарастыратын боламыз.

Кеңестің алғашқы жиынында көп пікір айтылды. Мәселен, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов: «Балаларды алдымен әлеуметтік топтарға бөліп, тек сосын мәселелерін шешу жолын қарастыру керек»,- деді. Бұл - бір жағынан жұмысты жеңілдетсе, басқа жағынан - жүйелендіруге мүмкіндік бермек. 

Д. Қайыртай