Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Жеңілдікпен жапон көлігін аламыз деп алданғандар ісі сотта қаралуда

AstanaTV
07.02.2019ж. 20:00
4706
Жеңілдікпен жапон көлігін аламыз деп алданғандар ісі сотта қаралуда

Алматыда «Тойота сити» көлік салонына алдындық деген тұтынушылардың ісі сотқа жетті. Салонның менеджері сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алды немесе талан-таражға салды деп айыпталып отыр. Медеу аудандық соты қарап жатқан істің тергеуіне қатысты бүгін шағым айтушылар көп болды. Сот отырысынан оралған Олжас Нұржақып тақырыпты толықтырсын. 

Жеңілдікпен жапон көлігін алам деп ақшасынан қағылғандар оқиғасы өткен жылдың сәуір айында басталған. Ол кезде онға тарта азамат «Тойота сити» автосолонының менеджері жарты қаражатымызды касса арқылы, қалғанын қолма-қол алды деп сан соғып қалдық деген еді.  

Бұл іс сотқа жетті. Бүгін сот отырысы кезінде жапа шеккендер саны 30-ға жеткені белгілі болды. Құмға сіңген қаражат көлемі 300 миллион теңгеге жуықтайды. Айыпталушы төрт адам болғанымен, олардың үшеуі қолхатпен босаталған. Айыптау орындығында көлік салонының менеджері Мадияр Оразақын отыр. Ол Қылмыстық Кодекстің 189-шы бабымен айыпталуда. Сотта «Тойота ситидің» сату бөлімінің басшысы куәгер ретінде тыңдалды. Ол Мадияр Оразақын менеджер емес, логист қызметін атқарғанын айтты.  

Дмитрий ТЕ, КУӘГЕР: 

Қол астымда жеті менеджерім болды. Ал, Мадияр логист қызметін атқарды. Мен тек кабинетте отыратындықтан кімнің қанша ақша төлегенін, қандай тұтынушы келгенін білмеймін. Тек өз компьютерімдегі бағдарламадан жалпы тізімді ғана көре аламын.

Жәбірленушілердің бірі Болдыбек Сұлтанов тергеудің жарты жылдан аса уақытқа созылғанын айтты. «Бірақ, істің әлі шикі тұстары бар»,- дейді.  

Болдыбек СҰЛТАНОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ: 

Мен көлік салоны ішінде «королла» автокөлігін аламын деп 4 миллион теңгені қолма-қол бердім. Бірнеше күнде құжаттарыңды алып кете аласың деді. Бірақ, діттеген күнде не көлікті, не ақшаны ала алмадым. Қолымда ақша бергенім жайлы чек жоқ. Бірақ, істің дұрыс тексерілмегені көңілден шықпай отыр. Нақты сараптама жұмыстары жүргізілмеді.

Айыпталушының қорғаушысы айыпты біраз адам құтылып кетті деп отыр.  

Марат АСҚАРБЕКОВ, М. ОРАЗАҚЫННЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ: 

Сотқа дейінгі тергеу кезінде осы «Тойота ситидің» ішіндегі заң бұзушылықтарды, былықтарды анықтау үшін сараптама жүргізу керек еді. Бұл жүргізілмеген. Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып деп. Менің қорғауымдағы Мадияр Оразақын сондай кейіпте отыр қазір. Өйткені, жауапкершілікке тартылуы тиіс бірталай азаматтар тартылмай кеткен.

Алайда, адвокат істі қайта тергеуге жіберу кеш деді. Ендігі үміт соттың әділ шешім қабылдауында деп отыр.  

О. Нұржақып