$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Соңғы екі жылда Еуразиялық экономикалық одақта бәсекелестік ережесі бұзылғаны туралы 40 шағым түскен

AstanaTV
08.02.2019ж. 20:00
2405
Соңғы екі жылда Еуразиялық экономикалық одақта бәсекелестік ережесі бұзылғаны туралы 40 шағым түскен

Соңғы екі жылда Еуразиялық экономикалық одақта бәсекелестік ережесі бұзылғаны туралы 40 шағым түскен. Бұл туралы сенатта өткен Үкімет сағатында мәлім болды. Оның жартысы қазақстандықтар шағымы. Одақтастар отандық агросектор, көлік өндірісі мен жеңіл өнеркәсіппен айналысатындарға кедергі келтіретін көрінеді. Ал, Сенат спикері 5 жылдан кейін мұнай-газ нарығының ортақ болуы жанармай бағасының қымбаттауына әкелуі мүмкін деп отыр.  

Нұрсұлтан БІЛӘЛ, ТІЛШІ: 

2025 жылға қарай Одақ аясында газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасады. Қазақстан бұл ретте ішкі нарықты қорғауы керек. Сенат төрағасы жанар-жағармайдың бөлшек сауда бағасының өсуіне жол бермеуіміз керек деп отыр.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ Тоқаев, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Осы бағытқа ерекше мән беріп қарағанымыз жөн. Біз ішкі нарықта жанар-жағармайдың бөлшек саудадағы бағасының өсуіне жол бермеуге тиіспіз. 

Бір жыл бұрын Одаққа мүше елдер жаңа кеден кодексін қабылданған еді. Дегенмен, көршілес Ресей өз аумағы арқылы өтетін тауар қозғалысына біршама кедергі келтіріп отырған көрінеді.  

Әбдәлі НҰРАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: 

Ресей тарапы Қазақстанға өз аумағы арқылы өтетін тауарлардың еркін қозғалысына түрлі кедергілер қойып келеді. Мәселен, күні кеше ғана интернет парақтарында Қазақстанға пестицидтерді әкелетін еуропалық жеткізушілерге Ресей тарапынан антидемпингтік баж салығын салу қарастырылып жатқаны жайлы ақпарат тарады. Бұндай шара өз кезегінде Қазақстанға жеткізілетін пестицидтер бағасының қымбаттауына әкелетіні белгілі. Бұл - бір ғана мысал. 

Шешімін таппай отырған түйінді түйіткілдер жетерлік. Олардың қатарында өзара сауданы жүзеге асыру, тауарларды транзиттеу және ішкі нарыққа қол жеткізу кезіндегі қиындықтар, жекелеген тауарлардың әкелінуіне шектеу қою мәселелері, жергілікті билік органдары тарапынан жасалатын кедергілер тағы бар. 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Декларациялауды талап ететін кедендік шекаралардың болмауына қарамастан, кәсіпкерлеріміз бірқатар «астыртын» кедергілерге тап болып отыр.  

Дегенмен, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Одақ арқасында біршама оң нәтижелерге жеттік деп баяндады. Министрдің келтірген сандарды сөйлетіп көрейік. Өткен жылдың 11 айында одақ арасындағы тауар айналымы 6,2 пайызға ұлғайып, 17,1 млрд долларды құраған. Оның ішінде экспорт 10 пайызға артып, 5 млрд доллардан асқан. Ал, импорт көлемі де өсіп, 12 млрд долларға жуықтаған. Одақ елдерінен тартылған инвестициялар көлемі 31 пайызға яғни 1,2 млрд долларға артыпты. Сондай-ақ, бірлескен кәсіпорындар саны 10 мыңнан астамға ұлғайған.  

Нұрсұлтан БІЛӘЛ, ТІЛШІ: 

Ал, өзара сауда мен еңбек нарығында кедергі болмас үшін цифрландыру қажет. Осы орайда Еуразиялық электрондық еңбек биржасын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасы бар. 2025 жылға қарай сандық жүйеге көшудегі бірлескен жобалар да қолға алынбақ.  

Н. Біләл