$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Теміржол билеттерін сатуға арналған жаңа жүйе жасалмақ

AstanaTV
08.02.2019ж. 20:00
2535
Теміржол билеттерін сатуға арналған жаңа жүйе жасалмақ

«Қазақстан теміржолына» қарасты «Жолаушылар тасымалы» компаниясына жұмысқа тұру парақорлыққа қолайлы. Себебі, электронды тестілеу жоқ. Қызметкерді қабылдау қағаз жүзінде жүзеге асады. Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі осылай мәлімдеді. Сондай-ақ, «Адал жол» жобасының аясында өткен арнайы рейд кезінде кассаларда билеттің тез таусылатыны және вокзалдарда алыпсатарлардың жүретіндігі анықталған. Мұнымен күресудің бірден-бір жолы - билет сатуға арналған жаңа жүйе әзірлеп, тез арада іске қосу дейді агенттіктегілер. Ал, қазіргі «Экспресс» атты автоматтандырылған басқару жүйесі 1972 жылы жасалған екен.  

Данияр САБЫРБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ: 

Жаз маусымы жақындап қалды. Тағы қарбалас басталады. Кассаларда билет болмайды, оның бәрі алыпсатарлардың қолында болады. Яғни, бұрынғы жағдайлар қайталанбақ. Сондықтан жаңа жүйені жаз басталғанша іске қосу керек. Әйтпесе халық тағы дүрлігеді. Қазіргі жүйе кез келген адамға Брюс Ли деген атпен билет сатып алып, еш кедергісіз жол жүруіне мүмкіндік беріп отыр. Ал, бір адамның өз атына 90 билет сатып алып, оны қайта сата алатынына не дейсіз?!

«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының өкілі жаңа жүйені жасақтап жатқандарын айтты. Оны асығыс-үсігіс қолданысқа енгізген тиімсіз болады деп отыр. Тек осы жылдың соңына дейін ел ішіндегі рейстерде пилоттық режимде сынап, кейін толық іске қоспақ.  

Данияр НҰРМАҒАНБЕТОВ, «ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біз ТМД елдеріндегі теміржолдармен тығыз байланыстамыз. Сондықтан «Экспресс» автоматтандырылған басқару жүйесінен бас тарта алмаймыз. Халықаралық пойыз рейстеріне билет сата алуымыз үшін біз жасап жатқан жаңа жүйе «Экспресске» кіріктірілуі керек. Бірақ, біз осы билет сату жүйесін қанша қаласақ та жаз маусымындағы қауырт кезеңге дейін енгізіп үлгермейміз.

Д. Қайыртай