Негізгі / Жаңалықтар / Шымкентте снаряд жарылысынан зардап шеккеннің бірі оқиғаны баяндады

Шымкентте снаряд жарылысынан зардап шеккеннің бірі оқиғаны баяндады

Шымкентте артилериялық снаряд жарылысынан аяқ-қолы жұлынып кеткен азамат үй иесі болып шықты. Ал, оның сол мезетте жанында болған жиені екен. Жарақат бөлімінде жатқан 22 жастағы жігіттің айтуынша, ол оқиға орнында кездейсоқ тап болыпты. Жарылғыш заттың қайдан тап болғанынан да хабарсыз көрінеді. Расында аяқ-қолынан айрылған азамат снарядты қандай мақсатта алып келген? Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.  

Жарылыстан зардап шекеннің бірі Арыс қаласының тұрғыны. Жедел медициналық көмек көрсету аруханасының жарақат бөлімінде жатқан 22 жастағы науқас сұқбат беруге келіскенмен, бет-жүзін көрсетпеуімізді өтінді. Айтуынша, ол қалада жеке көлігімен адам тасып нәпақа табады. Әдетте көлік ішіне түней салатынын айтқан жігіт дәл сол түні нағашысының үйіне қонуды құп көріпті. Ал, снаряд жайлы мүлдем хабарсызбын деп отыр.   

ЗАРДАП ШЕККЕН: 

Түнде шаршаған соң соның үйіне барғанмын. Азанда тұрғанымда ол келіпті. Шәй-пәй ішіп болдық, бірдеңені кесіп жатты ол. Мен осындай жерде тұрсам 4-5 метр жерде нағашым бірдеңе кесіп жатқан. Мен машинамды қыздырып, кетпекші болғанмын. Сонымен атылды. Бір көзімді ашсам, бүктеліп жатырмын жерде. Одан кейін ештеңесін білмеймін. Маған келіп жатыр, «Снарядты қайдан алдың? Не қылдың?» Мен мүлдем ол снаряд туралы білмеймін мен.

Дәрігерлер оның жағдайы бірқалыпты орташа деп бағалап отыр. Ал, жарылыстан аяқ-қолы жұлынып кеткен үй иесі әлі де жансақтау бөлімінде. Оның халі бірқалыпты ауыр екенін айтты.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Оқыс жағдай болған үй осы. Қазір бұл маң тым-тырыс. Кешегі күзетпен қоршау алынып тасталған. Жарылыстың болғанын тек мына қаңылтыр қоршаудың жалбырағаны ғана айғақтап тұр.

Зардап шеккен отбасы ауыл сыртында тұрады. Көршілерінің білуінше жас отбасы бұл үйде оншақты жылдан бері паналап келеді. Алғашқы көмекті көрсеткен де көршілері екен. Білулерінше отағасының тұрақты жұмысы жоқ. Оның келіншегі балабақшада жұмыс істейді. Жарылыс кезінде әйелі мен баласы үйде болмаған.   

Айнұр ТӘЖІБАЕВА, КӨРШІСІ: 

Біз ойладық жаңбыр жауып тұрған кезде доқ атылды ма деп ойладық, қатты доқ болып. Кейіннен біз естідік снарядтар болғанын. Былай өзіміз білмейміз санряд бар, не бар екенін. Бірақ, күнде тақылдатып тұратын. Бірақ, машинасын жөндеп жататын. Қауын-қарбыз әкеліп сатады. Сонан кейін мал алып, мал жайып сөйтіп жүретін. Малмен де айналысатын.

Гүлзат ЖАНЫСБЕКОВА, КӨРШІСІ: 

Күйеуі жұмыс істемейді, сол жаңағы темір-терсекпен айналысамын деп жүретін, әйтеуір. Оның не істеп, не қойып жатқанын білмедік біз. Екі ай ма болып қалды- ау деймін әйелінің жұмысқа шыққанына. Былайша жаман адамдар емес.

Атылған артилериялық снаряд екенін ішкі істер министрлігі кеше растаған. Ресми өкіл Алмас Садубаевтың мәліметінше, үй иесі снарядтарды Арыс қаласынан алып келіпті. Темір қабылдайтын орынға өткізу үшін онысын арнайы құрылғымен кесу кезінде жарылып кеткен. Ал, бөлшектенген темірді қайда өткізбек болды? Бұған дейін де снаряд қолына түскен бе? Бұл сұрақтарға тиісті органдардан жауап алу мүмкін болмады. Белгілісі оқиға орнынан айғақты зат ретінде бірнеше снарядтың алынғаны. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр. 

А. Төребекқызы