Қазақстан тек ұлттық мүддені ғана емес, ЕАЭО-ның да мүдделерін қорғайды. Бұл туралы Ташкентте өткен ТМД елдері Үкімет басшыларының кеңесінде премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. Осы арқылы қырғыз премьерінің сөзіне жауап қайтарғандай болды. Астана қырғыз тарапының бес принципті бағыт бойынша сындарлы ұстанымына үміт артады дейді. Олардың қатарында Қырғызстан заңдарын одақ талаптарымен сәйкестендіру, заңсыз экспортқа жол бермеу, ветеринарлық-санитарлық қадағалауды бақылау да бар. Есірткі мен қару-жарақ контрабандасына қарсы күрес те назарда.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
Қазақстан бәрін заң аясында жүргізіп жатыр. Қырғыз тарапы бес принцип бойынша ұстанымын нақтылайды деген сенімдеміз. Қазақ-қырғыз шекарасында қолға алынған шаралар өзара ықпалдастыққа негізделген. Әрі Қазақстан әріптестік орнатып, бақылау саласы бойынша өзара диалог орнатуға дайын.
Ал Қырғызстан премьері Сапар Исақов Қазақстанның шекарада әдейі қиындық туғызып отырғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл шаралар халықаралық құқық талаптарына қарама-қайшы келеді.
Сапар Исақов, Қырғызстан премьер-министрі:
Қазақстан транзиттік басымдығын
пайдаланып, көліктер мен тауарлардың қозғалысына қолдан кедергі жасап отыр. Автокөліктер бес күн дегенде бақылаудан өтеді. Шекарашылар қырғыздарды контрабанда жасайды деп күдіктеніп, түрлі сылтау айтады. Ауыл шаруашылығы тауары мен сүт өнімдерін контрабанда деу қаншалықты қисынды?