Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл. Қайтпаған солдаттар...

AstanaTV
16.02.2019ж. 20:00
4744
Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл. Қайтпаған солдаттар...

Кеңес Одағының Ауғанстаннан әскерін шығарғанына кеше 30 жыл толды. Кеще саясат туралы бәрі біледі, бірақ солдаттар туралы сөз аяқталған жоқ. Осы аптада қазақтың тағы бір қаһарман ұлы әйгілі Қара майор Борис Керімбаев дүниеден озды. Содырдың содыры болған Ахмад шах Масуд оның басына 5 млн доллар тіккенін білеміз. Ал Борис есімді баласының өлгеніне сенбеген анасы оны 40 жылдай күткенін білмейтіндер көп. Өмірі елеңдеумен өткен Ана 2 жыл бұрын бақи болған, ал Борис қазір де тірі болуы мүмкін. Себебі денесі салынған деп жіберілген мырыш табыт кейін ашылғанда мүрде Бористікі болмай шыққан. Борышын орындаған қанша сарбаздың тағдыры тәлкекке түсті... Одан басқа, алалау Ауған соғысында да болды - қаруластарын жау қоршауынан бір адам шығындамай алып шығып, жау әскерін қырып салғаны комбатБайғали Қоқымбаевқа Совет Одағының Батыры атағы ақыры берілмеген. Ауған соғысы дегенде миға бірден нағыз жігіттермен бірге мырыш табыт оралатынын дәлелдейтін Ришат Асқарбекұлының материалы.

"Сіздердің ұлдарыңыз Борис Бочкин 1983 жылы 18 мамырда өз ротасымен бүлікшілердің банда құрамасын жою жөніндегі әскери тапсырманы орындау барысында қаза тапты. Ерлігі мен батырлығы үшін үкімет наградасына ұсынылды. Далалық поштадағы 93992-ші әскери бөлімнің командирі подполковник Матюнин; Әскери бөлімнің саяси бөлімінің бастығы подполковник Шкварко"

Алматыға жеткізілген кезекті мырыш табытпен осындай тілдей қағаз бірге келді. Борис - Бочкиндер отбасындағы жалғыз ұл еді. Қаралы хабарды естіп, табытқа жақындаған ана жүрегі ішінде жатқан адамның өз ұлы еместігін сезеді. Сұңғақ бойлы ұлының тұрқы қысқа мәйіт салғышқа қалай сыйғанынан секем алады. Амал жоқ, табыт қақпағы ашылмаған күйі жер қойнына беріледі. Бірақ сегіз жыл өткенде бұл күдік шындыққа айналады.

Алтай САРМОЛДАЕВ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ МЕН ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Үйіне келгенде, көршілері келіп, сенің балаң тірі деп айтқан. Ол есінен танып, өмір бақи өлді деп жүрген балам қалай, деп. Негізі әйел табыттың ішінде баласы болғанына басынан сенбеген.

Борис Бочкин өлді делінгенде, Ауған жерінде соғыс тоқтамаған еді. Әскери қолбасшылар сарбаздың тұтқынға түскенін жасыру үшін үйіне басқа адамның мүрдесін жібергені кейін анықталады. Бұл соғысқа басқыншылық деп қарағанмен, жергілікті халық тұтқынға түскен әскерилердің бәрін өлтіре бермеген. Ислам дінін қабылдатып, көршілес елдерге аттандырған. Алматылық жауынгерді 1990 жылы америкалық журналистер Пәкістанда көріп, фотоға түсіріп алады. Ол өзінің Қазақстаннан екенін әңгімелепті. Бұл мақаланы сол жылы «Аргументы и факты» басылымы көшіріп басқанда, жақындары Бористі суреттен танып қояды.

(«Аргументы и факты» газеті, 12 қазан 1990 жыл) "Пәкістандағы ауғандық моджахедтер қосындарында кеңестік әскери тұтқындар әлі бар көрінеді. Солардың ішінде бес тұтқынды АҚШ-тың тілшілері суретке түсіріп алыпты. Сол бесеуінің суреттерін туыстары танып қалар деген үмітпен көшіріп жариялап отырмыз".

Татьяна Бочкина газетті қолтығына қысып, Мәскеуге аттанады. КСРО Қорғаныс министріне дейін барады. Алайда оның талабына ешкім құлақ аспаған. Алматыға келген соң, заңгер, Ауған соғсының ардагері Алтай Сармолдаев баласын аңсаған анаға көмек қолын созады. Ол Қазақстан прокуратурасынан мәйітті эксгумация жасатуға рұқсат алып, табыттағы адамның Борис Бочкинге ұқсамайтынын сараптама арқылы дәлелдейді.

Алтай САРМОЛДАЕВ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ МЕН ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Оның тістері протез болған. Бұнда сау. Бір жарым жылды тісі түгел түспеген шығар. Бойы ұзындығы келмейді. Бірақ славян ұлты. Жоғары шенді офицер болуы мүмкін деп ойладық.

Ақтөбелік Владимир Прохоренко есімді ауған соғысының ардагері Борис Бочкинмен соңғы ұрыста бірге болған. Ол жараланып жатқанда, алматылық сарбазды моджехедтер сүйреп алып кеткенін Алтай Өтебайұлына өзі айтып беріпті.

Ал Алматыда тұратын Бейқұтхан Үркінбаева "18 жастағы ұлымның мүрдесін әкелгендегі сәт әлі көз алдымда" дейді. Арада 40 жыл өтті. Бірақ майданнан табыт жеткен күнді ұмыту мүмкін емес. 82 –ге келген қарт ана оның фотосуреттеріне қарап, әлі кемсеңдейді.

Бейқұтхан ҮРКІМБАЕВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір уақытта біреу кеп бетімнен шапалақтады. Дауыс шықты. Серік келді деді. Тірі екен, армиядан келді деп, есікке қарай жүгірсем, аппақ гробпен кіріп келеді екен, талып қалдым.

Соңғы деректер бойынша Қазақстанға мырыш табытпен жеткізілген сарбаздардың саны 900-ден асады. Қорғаныс министрінің бұйрығымен мәйіттер туыстарына көрсетілмей жерленген. Жерлеу рәсімдерін мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен прокуратура қатаң қадағалаған. Қазақтан шыққан дала командирі, батальонды басқарып, офицер шенінде соғысқа араласқан Байғали Қоқымбаев оның сырын былай түсіндіреді.

Байғали ҚОҚЫМБАЕВ, АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Оның сыры кейде душмандардың қолына түсіп қалғанда, пленде кісінің құлағын, қолын кесіп алады. Сосын цинк гроб әкеледі, көрсетпейді, өртеніп кеткендері де болады.

Кеңес-Ауған соғысында барлығы 86 адамға Кеңес одағының батыры атағы берілген. Жақында 70 жасқа толатын Байғали Қоқымбаев осы майданда ерліктің ерекше үлгілерін көрсеткен. Оны әйгілі «Қара майор» да мойындаған. Қаруластарын жау қоршауынан бір адам шығындамай алып шығып, жау әскерін қырып салғаны үшін ең жоғарғы марапатқа ұсынылады. Алайда комбаттың ерлігін орталық елемеген.

Байғали ҚОҚЫМБАЕВ, АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Элементарно былай, мені, кісілерді қырып тастағанда, Кеңес одағының батырына ұсынды. Штабта отырғандар не утвердили... Орыс солдаты жараланса, орден береді. Қазақтар жараланса, түкте бермейтін еді. Олар бізді қатты кемсітті.

Әңгіме басында баяндаған Борис Бочкиннің тағдыры сол күйі белгісіз. Анасы Татьяна Евгеневна ұлым келіп қалар деп өмір бақи елеңдеп өткені хақ. Ол осыдан екі жыл бұрын көз жұмыпты. Алтай Сармолдаев отбасының өзге мүшелерін танымайтынын айтады.

Алтай САРМОЛДАЕВ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ МЕН ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІНІҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Оқиғадан бері 38 жыл өтті. Әскердің шыққанына 30 жыл болды. Бұл тоқсаныншы жылдары эксгумация жасалған жағдай. Сол тұтқындар ислам дінін қабылдаған, аты-жөндері өзгерген... Көбі басқа елге кеткен. Израиль, Америка, Германияға кеткен. Кейбірінің қайда жерленгенін іздеу керек.

Зерттеушінің айтуынша Кеңес-Ауған соғысы кезінде 500-ден астам сарбаз бен офицер тұтқынға түскен. Оның 100-ге жуығы туралы деректер табылыпты. Ал қазақ даласынан жоғалғандар саны 21 адам болатын. Соңғы жылдары оның 2-уі туралы ақпараттар анықталып, мүрделері елге жеткізілді. Әлі 19-ы із-түзсіз кеткендер саннатында.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

15-ақпан ауған соғысы ардагерлері үшін ерекше күн. Олардың ерлігін, қанқұйлы күндегі азапты сәттерін өзгелердің де еске алатын күні. Мыңдаған адамның ой-санасы Ауған жеріне тағы бір барып келгендей болады. Ал сол майдан даласында аман қалған Борис Бочкин де туған жерінде қаруластарымен бүгін бір сапта тұруы керек еді. Алайда ол мұнда жоқ. Мүмкін әлі тірі? Бірақ ...табытқа салынбағанымен, жерленіп қойылған тағдыр сияқты...

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»