Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Орал қаласында ат ұстайтын қазақтар бар!

AstanaTV
16.02.2019ж. 20:00
5494
Орал қаласында ат ұстайтын қазақтар бар!

Орал қаласында жылқы ұстайтын 2 азамат туралы Еркін Карин әңгімелеп береді.  

- Ақбоздың жалын тарап жатыр...

Атқа бала күнінен құмар Нұрлыбектің арманы қалаға көшкесін орындалды. Осы ақбозды алты ай іздеп, ақыры 600 шақырым жерден жүк көлігіне тиеп әкелген. Осылайша өзі секілді аты да бір күнде қалалық болып шыға келді. Дүбірлетіп дала кезген жануарға қаланың қарбалас тірлігіне үйреніп кету оңай болмапты. Бірақ қожайыны екеуі тез түсіністі. 

Нұрлыбек РАХМАН, АТБЕГІ: 

Денеге, сүйекке, омыртқаға беретін пайдасын ешбір медициналық құрал бере алмайды деп жатады. Себебі аттың жай жүрісі, аяңы, желісі, шабысы, омыртқаға әртүрлі қимыл-қозғалыс береді. Сондықтан ең бірінші адамның денсаулығына өте пайдалы. Өзім ат ұстағалы бері омыртқа ауруларынан арылдым.

Ақбозды иесі еркелетіп, «Шағала» деп атады. Шағала десе, шағала! Ақшаңқан ақбоз қазір әлеуметтік желінің жұлдызы.Жұмыс¬тан үйіне асығатын Нұрлыбек Шағаланы ерттеп, күнде серуенге шығады. Сол сәтте түскен суреттерінен жеке альбом жасауға болады.Жалпы аттың күтіміне уақыт пен төзім керек. Дегенмен «атбегілік тек байлардың ермегі» деген теріс түсінік, дейді Нұрлыбек. 

Нұрлыбек РАХМАН, АТБЕГІ: 

Ат ұстау темекі тартудан арзан. Жазда бір рулон шөптің құны 2500 теңге, одан кейін жем береміз. Жемнің бір қабы 2000 теңгенің айналасында. Сонда шығыны 5 мыңның айналасында шығады ғой. Қыста әрі кетсе 15 мың теңгеге барады, айлық шығыны.

- Бие байлап жатыр... 

Ал Ақылбек бұл жерге былтыр көшіп келді. Кәсіпкерлер ұйымы тіккен 1,9 миллион теңге грантты ұтып алғасын, қала шетінен шағын үй салды. Артылған ақшасына керек құрал-жабдықтарын алған. Жалғыз өзі қанша жанталасса да, қора салып үлгірмеді. Бірақ қынжыла бергеннен қайран жоқ. Ойлана келіп, көлемді резеңке бассейнді мынадай әдемі қораға айналдырыпты.Қазір бие байлап, қымыз ашытады, саумалға да сұраныс көбейген. Жылқыны мал патшасына балайтын жанкешті жігіттің бұл еңбегі қандай мақтауға да лайық! 

Ақылбек ИЩАНОВ, АТБЕГІ: 

Он бас бие байласам жарайды осы жерге. Өйткені келушілер көп, артық та ұстай алмаймын. Жерім тар мына жерде, жайылым жағынан. Жазды күні жылқыны жайып сауған жақсы. Сүті құнарлы болады. Байлап, жем-шөппен сауғаннан гөрі, тоғайдың ішінен өзі керек шөбін теріп жегенде саумалы бөлек болады. Қоймалжың, шырышты болып келеді.

Намысқа тырысқан жігіт болашақта үлкен демалыс орнын ашқысы келеді. Мүгедек балаларды жылқымен серуендетіп, туризмді қолға алу да көптен ойда жүрген шаруа. Әттең, қысқа жіп күрмеуге келмей жүр. 

Бүгінде елімізде 2 миллион 700 мың бас жылқы бар екен. 

Деректерге сүйенсек, 1-орында Шығыс Қазақстан облысы тұр.

2-орында Алматы;

3-орында Түркістан облысы;

Еліміздің өзге өңірлерінде де жылқы малы жыл санап көбейіп келеді дейді мамандар.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Жылқының тіршіліктегі мән-маңызын атам қазақ бір ауыз сөзбен түйіндеген. Мінсең- көлік, жесең - ет, ішсең - сусын. Бірақ қазіргі қазақтар үшін жылқы десе, бәйгеден қара үзіп келер жүйрік емес, табақ толы ет елестейді.Арғымақтарды күтіп-баптауды, будандастырып жаңа тұқым алуды көп ел қазір іргелі ғылымға айналдырған. Ал біз әзірге табақтан аса алмай келеміз...

Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»