Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Тонналап мұнай ұрлаған әккі ұрылар ұсталды

AstanaTV
21.02.2019ж. 20:00
2974
Тонналап мұнай ұрлаған әккі ұрылар ұсталды

Маңғыстау облысында тонналап мұнай ұрлап, шетел асырғандар ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топ «Қазтрансойл» компаниясының мұнай құбырынан және аймақта тіркелмеген өзге тағы бір ұңғымадан қара алтынды тонап келген. Бірқатар бұқаралы ақпарат құралдары мұны Ұлттық Қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік Кіріс депармаменті қызметкерлері әшкереледі деп хабарлады. Алайда, құзырлы органдардан қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады. Жедел іс-шара барысында шетелге тасымалдауға дайын тұрған мұнай толы темір жол цистерналары мен тіркемесі бар жүк көлігі табылған. Қылмыстық топтың мұнай құбырын кесіп, жүздеген тонна мұнайды жалған құжатпен шетелге асырған және бұл заңсыздықпен ұзақ уақыт бойы айналысып келгендері белгілі болған. Тесілген құбыр бойын жөндеу ондаған миллион теңгені қажет етеді. Аталған жағдайға байланысты Қылмыстық Кодекстің «Ұрлық» және «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ, мұнайды қайта өңдеу» бабы бойынша іс қозғалыпты. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталса керек.  

Б. Нәдірқызы