Негізгі / Жаңалықтар / Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемі екі есе төмендеді

Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемі екі есе төмендеді

Қызылорда облысындағы жер қойнауын пайдаланушылар жаңа кен орындарын анықтауға кірісіп жатыр. Олар үш жарым мың метр тереңдікте 62 ұңғыма бұрғылауды жоспарлап отыр. Мамандар ескі ұңғымалардың ылғалдануына байланысты мұнай өндіру деңгейі төмендеп кеткенін айтады. Есесіне өңірде көгілдір отынның шамамен 100 млрд текше метрден астам қоры бар. Бірақ, компания өкілдері газ өндіру пайдасыз деп отыр. Мұнайшылар түйткілі туралы Заңғар Санай тарқатады.  

Соңғы 6 жылда Сыр өңірінде мұнай өндіру көлемі екі есе төмендеген. Бұл мәліметті облыстық индустиралдық инновациялық даму басқармасындағылар растады. Ұңғымалардың ылғалдануына байланысты компаниялар қазынадан қағылып отыр. Мұнайшылар отыз жылдан бері бір жарым - екі шақырым тереңдікті бұрғылап келген. Енді жаңа межені еңсеру керек. Жаңа кен орындарын анықтау үшін бағдарлама әзірленіп, алпыстан астам ұңғыманы үш жарым шақырым тереңдікте бұрғылау жоспарланды.  

Ринат СҰЛТАНГЕРЕЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ИНДУСТРИАЛДЫҚ- ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Мұнай компаниялары есебінен 62 мұнай-газ ұңғымасын бұрғылау жоспарда тұр. Қазір біздің мұнай компаниялары бір жарым-екі мың метр тереңдікте ғана бұрғылап жатыр. Ол тереңдіктегі мұнай көлемі азаюына байланысты біздің жоспарымызға сәйкес өз есебінен үш жарым метр тереңдікте ұңғымалар бұрғылау жоспарға қойылды. Біз министрлікке қойып отырғанымыз, ұсынысымыз 5 мың метр терендікте төмен бұрғылауға қаражат бөлуді көтердік, бұл мәселе де қолдау тапты.

«Мұнай көлемінің азаюы - табиғи процесс. Қара алтынды өндіру күн санап қиындап барады»,- дейді компания мамандары. 

Мейірімбек КӨЛДЕЙ, «СП «ҚАЗГЕРМҰНАЙ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Мұнай өндіру көлемі жылына 20-25 пайызға құлдырап барады. Кен орындарында мұнай таусылып жатыр деуге болады. Бір сөзбен айтқанда мұнай өндіру қиындап кетті. Сондықтан, біз нарық ұсынған әртүрлі технологияны қолданудамыз. Мәселен, «Нұрлы» кен орынында полимерлік су тоғыту технологиясын пайдаланып жатырмыз. Қайткенмен жаңа кен орындарын ашпай, жағдайды түзеу қиынға соғады.

Қазір мұнай өнімінің сексен проценті ішкі нарыққа бағытталған. Бір баррелі 30 АҚШ доллары. Ал, экспорттың бағасы 60-80 доллар аралығында құбылып тұр. Басқарма басшысы жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың экспорттық үлесін елу пайызға арттыру жөнінде ұсыныс қаралып жатқанын атап өтті. «Көгілдір отынның бағасын да қайта қарау қажет»,- дейді. 

Ринат СҰЛТАНГЕРЕЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ИНДУСТРИАЛДЫҚ -ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Қазіргі таңда оператор «КазТрансГаз» 601 теңгеден сатып алады мұнай компанияларынан газды. Бұл сегіз есе өзінің шығындарының кем сатып алып отыр. Сондықтан, мұнай компаниялары газды өндіруге қазір қызуғышылық білдірмей отыр. Сондықтан, біз олардың ұсынысы бойынша облыс әкімінің тапсырмасымен бұл жұмыстарды жан-жақты зерттеп, өз ұсыныстарымызды бердік.

Өңір экономикасының 80 пайызын мұнай, газ, уран өнімі қамтиды. Ел бойынша өндірілетін уранның тең жартысы Сыр өлкесіне тиесілі. Мамандар газдың да лайықты бағасы белгіленетін сәт туар деген болжам айтты.  

З. Санай