Көп қабатты тұрғын үйден пәтер жалдауға орай бірінші айтылатын әңгіме – жалға беретіндердің ашкөздігі. Тым.Баспана күйінің жалдау ақысына мүлдем дерлік сәйкес келмейтіні. Жиһазды былай қойғанда, санитарлық жағдайы... Сонымен бірге пәтер жалдаушылардың өздерінің де ашықауыздығы. Келісім-шарт талап етпейді, жасалса да түкке тұрғысыз, формальді жасалатыны. Біздің елімізде адамдар үшін жалғыз дерлік үміт дүниесі – баспана. Жеріміздің басым бөлігінде алты ай дерлік қыс, жалпы, жыл сайын теңізі бар, басқасы бар елге қыдырып, пенде-қызықты көретіндер өте аз, өз ошағың болмаса, онсыз да күрделі тіршілікте не мағына қалады? Біреуге бергенше өз үйіме салайын деп жұрттың жүгіріп несие рәсімдейтіні содан. Үстемесі ішті удай ашытса да. Қатпарлы ұғымға айналған қожайын мен квартиранттуралыАқерке Бектас баяндап береді.
Алтай САМАРҚАНОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
Ай сайын пәтерді 90 мың теңгеге жалға бергенмен, үй ішінде керекті жиһаздың болмауы, жағымсыз иіс шығуы, санитарлық талаптардың сақталмайтыны секілді жағдайлар жиі кездеседі. Бірақ тұрғындар мұндай баспаналарда тұруға мәжбүр. Өйткені баласының баратын бақшасы немесе мектебі, өзінің жұмыс орны сол маңда. Мұндай жағдайда таңдау болмайды. Пәтер иелерінің ашкөздігін көргенде, үйдің ахуалы қандай екенін еске түсіреміз. Кемшіліктерін айтамыз. Бірақ мұның бәрін ескере қоймайтын адамдар қаншама...
Астанаға арман арқалап келіп, жалдап тұратын пәтер жағалап жүрсеңіз, сіздің де басыңыздан бұл жағдай өткен шығар. Өйткені Алтай Самарқановтың айтуынша бір ғана агенттікке айына 150-ден аса адам жалға баспана іздеп келеді.
Алтай САМАРҚАНОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
1 бөлмелі үйін жалға беру үшін 130 мың теңге сұрайтын пәтер иелері де бар. Жалға алу құнын нарық анықтайды. Сұраныс жоғары болған сайын, баспананың да бағасы шарықтай береді. Бірақ негізсіз ашкөздік танытып, ойға келген бағаны ұсыну дұрыс емес. Әр нәрсенің өз шектеуі болады.
Шектеуге пысқырып та қарамайтын, шектен тыс ашкөздік танытатындар пәтеріне адамды да таңдап алады. Баспанасына балалы отбасын кіргізгісі келмейді. Кейде бағалы болмаса да, жиһазы мен техникасын аяйды. Құртады деп қорқады.
Дәулет ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:
Балаң бар ма? Онда сенің балаң бағанағы айтқан жиһазды, түсқағазды сырып тастайды, жырып тастайды, техниканы сындырып тастайды дейді. Осы нәрсенің бәрін ескере келе, осындай жағдайлардан кейін, тіпті ,бала туу керек пе деп те ойланып қалатын дүние бар.
Алтай САМАРҚАНОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
Үйді жалға беретіндердің 90 пайызы пәтерге балалы отбасыларды тұрғызуды қаламайды. Меніңше, бұл дұрыс емес. Арнайы сенімді келісімшарттар бар емес пе? Сондағы талаптарға сай үйіңізді өткізіңіз. Егер нормаларды бұзған жағдайда материалдық шығын өндіре аласыз. Бұл жағдайда отбасы да үлкен жауапкершілік танытады. Олай болмаса, балалы отбасылар, көпбалалы жалғыз басты аналар қайда барып тұрсын?! 3-ші сортты, апатты жағдайдағы үйді паналай ма?
Жеті баласы бар Айгүл бүгін тағы баспана ауыстырды. Сенесіз бе, пәтерден-пәтерге көшіп жүргеніне 15 жыл болды. Жалдап тұрған баспанасын апатты жағдайда деп, бұзатын болған соң, босатуға тура келген. Жарты ғасыр бұрын салынған қазіргі үйдің де ахуалы мәз емес. Тек әкімдік уақытша тұруға беріпті. Тегін. Көпбалалы отбасы бұрын ай сайын төлеп келген 40 мың теңге енді өзімізге бұйырады деп қуанған. Бірақ үнемдеген ақша тозығы жеткен үйдің жөндеуіне кетіп жатыр. Шіріген құбырды ауыстырып, жел азынаған қуыс-тесікті бітемеске амал жоқ.
Айгүл ӨТЕГЕНОВА, «АЛТЫН АЛҚА» ИЕГЕРІ:
Мен биржаның жанынан оқып, жұмыс жасап жатырмын. Жалақым 40 мың. 15 жыл болып қалды, біздің пәтерден пәтерге көшіп жүргенімізге. Тұрмаған жеріміз қалған жоқ. Осы қаланың бүкіл шетін айналып шықтық. Сосын көп баламен дұрыс квартирға алмайды бізді. Бала болса шошып кетеді ғой, өздеріңіз де түсінетін боларсыздар.
Қабырғалары опырылып жатқан үйдің қай күні құлайтынын ешкім білмейді. Бұл да апатты баспана. Бірақ көпбалалы отбасы үшін басқа шара жоқ.
Мына жерде су жүреді. Көршілердің барлығы мына жер қатып қалса, фенмен жылытады екен. Есік ашық қалса, қатып қалады екен.
Жалдамалы пәтер жыры мұнымен бітпейді. Қазір «үйдің иесі - мен» деп, қаржыны қалтасына басып, қарасын батыратындар қаптап кеткен. Баспананы 1 күнге жалға алып, басқа адамға 1 айға жалға беретін алаяқтардың әрекетіне тұсау болмай тұр. Құнсыз келісім-шартқа қол қойып, шарасыздың күйін кешетіндер көп. Кейіпкеріміз Дәулет Төлеутайұлы да алаяқтарға тап болып, алданып қалғанын айтады.
Дәулет ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:
11-ге таман телефон шырылдайды. Түстен кейін хабарлассам, Нұрсұлтан деген досым айтады, біз алданып қалдық. Шын мәнінде бұл өзі сол үйді 2 күнге арендаға алған адам екен, дейді. Біз не істедік?! Шынында солай, алдандық та қалдық.
Алтай САМАРҚАНОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
Сондықтан пәтерді сенімді агенттіктер арқылы алған дұрыс. Сіз үй қожайынымен келісім-шартқа отырғанда құжаттың құны болады. Егер пәтер иесі қойылған талаптарды орындамаса немесе оның айтқан сөзі жалған болып шықса, сіз ақшаңызды қайтарып ала аласыз. Егер қайтарғысы келмеген жағдайда, біздің келісім-шарт арқылы заңды тұрғыда сотқа жүгіне алады. Ал ешқандай агенттікке тіркелмеген жеке риэлторлармен жұмыс істеудің қажеті жоқ.
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:
Астанада осындай аядай ғана бір бөлмелі пәтерді 90-100 мыңға жалдап тұратындар аз емес. Ішіндегі ескі жиһаз бен тесілген еденге қарамастан. Техниканы айтпағанда, кейбірінде ондай жиһаз да болмайды. Үйдің іші бос, түк жоқ деген пәтердің өзін кемінде 70 мыңға жалдап тұрасыз. Оған коммуналдық қызметке төлейтін қаражатты қосыңыз.
Нұрзия Омарова Астанаға Семей қаласынан көшіп келген. 30 жылдық еңбек өтілімен 80 мың теңге жалақыға жұмыс істейді. Ай сайын 85 мың теңгені пәтерақыға төлейді. Баласының тапқан табысын 30 күн жолақы мен тамаққа әрең жеткізеді. Бұдан арзан баспананың бейнетін көрген ол, айлығы да жетпейтін пәтерді жалдауға мәжбүр.
Нұрзия ОМАРОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тоңазытқыш істемей қалады, жалдамалы пәтердің ішіндегі. Сонда біздің тамақтарымыз бүлініп кетеді. Жағдай жасалмаған. Сондықтан осындай қымбат пәтерді жалдап тұруға тура келеді. Әсіресе мына Астанада қыстың күні ауа райы өте қолайсыз. Суық. Қыстың күнінде пәтерден-пәтерге көшіп жүру деген әрбір адамға қиынға соғады.
Иә, кешегі көшпелі халыққа бүгінде тұрақты баспананың болуы басты мәселе. Оның үстіне Арқа төсіндегі Астана Моңғолия астанасы Ұлан батырдан кейінгі ең суық астана деп есептеледі. Сондықтан ипотекалық несиесін 20-30 жылдап төлейтіндердің көңіліне демеу бір-ақ нәрсе бар - келер ұрпағына қалдыратыны. Ал дамыған елдерде жағдай мүлде бөлек. Ондағы халық үшін өмір бойы пәтер жалдап тұру сөкеттік емес. Мәселен, Германия тұрғындарының 40 пайыздан астамы баспананы жалға алады. Бірақ олар үй иесіне тапқан табысын түгелдей бермейді. Баға қолжетімді. Сапа жоғары. Ондағы халық жеке баспанаға бейнетпен жеткеннен, саяхаттап, теңіз жағасында демалғанды жөн көреді. Ал қазақ үшін баспана – жалғыз үміт. Қара шаңырағы болмаса, берекесі қашып, өз елінде өзгеге айналады. Тіпті бұл әлеуметтік жағдайдың индикаторы секілді.
Дәулет ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ, ЭКОНОМИСТ:
Бірақ үйдің бағасы қымбат. Көп жағдайда қолжетімді емес. Себебі нарықтық экономика деп құрылыс компаниялары өзінше баға қояды. Сұранысқа сай деген соң, ақшасы бар адамдар бір емес бірнеше үй алғып, сол үйлерді қарапайым халыққа жалға береді. Салдарынан бізде баланс сақталмаған. Тіпті кейбірінің басында 10-15 үйден бар, кейбірі 1 баспанаға да жете алмай жүреді.
Жылжымайтын мүлік агенттігі Астанадағы пәтер бағасын сандарға салып, саралап берді.
Алтай САМАРҚАНОВ, ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:
Орташа жөндеу көрген 1 бөлмелі пәтер құны 10 миллионнан басталады. 2 бөлмелі үй 18 миллионнан, ал 3 бөлмелі баспана бағасы 23 миллионнан басталады. Бұл бастапқы бағасы ғана. Ішіндегі жиһаздың құны мен орналасқан аймағына қарай баға да шарықтай береді.
Ақерке БЕКТАС, ТІЛШІ:
Мәселен мына Сарыарқа ауданындағы үйлерден бір бөлмелі пәтерді 7-8 млн теңгеге сатып алуға болады. Бірақ өздеріңіз көріп тұрғандай, орналасқан жері мен пәтердің сапасы сын көтермейді. Бар қаражаты осы үйлерге жететін халық басқа қайда барсын?! Сатып алмасқа амал бар ма?!
Ал Есіл ауданындағы мына үйдің құны 1,5 миллион доллардан асады. 500 шаршы метрді құрайтын баспана 7 бөлмелі. Үйде соңғы үлгідегі техника мен шетелден әкелген жиһаздар. 30 шаршы метрлі баспана жете алмай жүргендердің жайын 500 шаршы метрге сыймайтын адамдар түсіне қоймас. Бір қаладағы параллельді өмір дерсіз...
Ақерке Бектас «Біздің уақыт»