Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қансорғыштар. Зиянды жәндіктерді улайтындар қызметі қадағаланбайды

AstanaTV
23.02.2019ж. 20:00
20092
Қансорғыштар. Зиянды жәндіктерді улайтындар қызметі қадағаланбайды

Астана пәтерлерінде қандала көбейгенінің айтылып жүргеніне бірнеше жыл, соңғы кезде тіпті өршіді. Басты себеп – көші-қонның артуы. Ал «бұл қалай?» дейтінің – қансорғышты улайтын дәрілерді қолдану, жалпы улау шаралары бақыланбайтынын анықтадық. Былтыр қарашада, биыл қаңтарда Маңғыстау облысында екі бала, бір әйелдің уланып өлгені соның кесірінен. Ылғи айтамыз – бізде бақылануы керек салалар бақыланбайды. Қанды тура мағынасында сору туралы Әлішер Өмірзақ. 

Әлемде қандаланың 40 мыңнан астам түрі кездеседі. Оның ішінде көпшілікке жақсы танысы – төсек қандаласы. Өркениет дамып кетті дегенімізбен ересегінің өзі жарты сантиметрді ғана құрайтын қандаламен адамзат әлі де алысып келеді.

Ал Оңтүстіктен Елордаға астаналық атанамын деп келген Динара Абдрахимова «Астананы қандала басқан», - дейді. Ол тұрақтаған пәтерлерінің суығынан емес, қандаласынан қашып 1 жылда төрт пәтер ауыстырған. 

Динара АБДРАХИМОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Осымен неше общежитие ауыстырдық біз... Жер үйге де бардық, ол жерде де болды. Бір жерге келіп құтылдық деген-ек,қайтадан баса бастады. Қызымды шаға бастады. Аллергия берді. Сонда больница барғанда солай айтты, қандала шаққан деп. Дәріледік, дезинфекция істедік. Алмаған дәріміз қалмады. Ешқайсысы көмектеспеді.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ: 

Орташа бөлме температурасында қандаланың аналығы күніне 50-ден аса жұмыртқа салады. Ал ол 1 аптаның ішінде толық жетіліп, адам шағатын деңгейге жетеді. «Күні кеше жоқ еді, қайдан көбейіп кеткен»,- деп аң-таң болатынымыз да содан.

Ал Астананы қандала мен қоса шыбын-шіркейден де құтқарамыз деген «Дезинфекция» орталықтары көп. 100-ден асады. Олардың жарнамалары да жер «жарып» тұр. Интернетке «қандала» деп жазсаңыз болғаны. Сапасына келетін болсақ... «рақмет, құтылдық» деген халықтан көрі, «ақшам зая кетті-ау» дегені көп. Ал қызмет құны шаршы метріне 250 теңге мен 1000 теңге аралығында.  

Раушан ҚАЗБЕКОВА, «ЦЕНТРГОРДЕЗ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Қандаланы улаған кезде бірнеше тәсілі бар: «мирокапельный путь» және «холодный туман». Үйдің ішінде басқа тәсілдерді жасауға болмайды. Таблетка, горячий туман. Гарантиясы жарты жыл, бір жыл деп айтады. Бірақ ол дұрыс емес. Үйдің ішінде пайдаланатын улар ешқашан бір жыл істемейді. Бүкілгісінің әсері екі жарым ай, үш ай ғана болады.

Ал қандаланың Астанада кеңінен тарауына не себеп дегенімізге Раушан ханым былай деп жауап берді.  

Раушан ҚАЗБЕКОВА, «ЦЕНТРГОРДЕЗ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Астананы білесіз ғой. Бір пәтерден екінші пәтерге квартиранттар көшіп жүреді. Оларға дейін қандала болса, таза квартираға келген кезде ана қандала қайтадан дамиды. Таза үй, диванды арзан бағаға сатып алады. Диваннан басқа ковер алады. Мягкий игрушка алады. Қандала кіріп кетсе ішіне, сосын сол үйге қандала пайда болады.

Ең қауіптісі - қандаланы улаймын деп, адамды улау елімізде жиілеп кетті. Маңғыстау облысында жарты жылда уыты күшті дәрінің кесірінен 2 бала мен бір келіншек опат болды. Астанада айына 1000-ға жуық тұрғын дәрілеушілердің қызметін қолданады екен. Ондай орталықтардың жұмысын билік дереу қадағалауына алмаса, тағы адам өлімі болуы мүмкін.  

Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

2004 жылға дейін дезинфекция жасайтындардың жұмысы толық қадағаланатын. Бүгінде ондай бірде бір өкілетті орган жоқ. Кез-келген адам керек аппаратты сатып алып, дезинфекция жасап жатады. Салдарын көріп отырмыз. Қандаладан құтылу үшін бір пәтерді улағаныңызбен ол екінші пәтерге көшеді. Сіздің бөлмеңіздегі у тарап кеткесін сізге қайта келеді. Сөйтіп көбейе береді. Себебі үлкен тұрғын үйлердің тұрғындары бірге қосылып улауға келісімін бере бермейді. Ал сапасыз, адам өміріне қауіпті уларды қолданатын дезинфекция жасайтын орталықтар да жұмыссын жалғастыра бермек. Сондықтан үкімет тарапынан қандала мәселесін шешетін, қадағалайтын арнайы тарап керек.

Кей елдерде қандала мәселесімен билік өкілдері күреседі. Бюджеттен қаржы да бөледі. Себебі халықтың өз бетімен мұндай проблеманы жеңе алмайтынын біледі. Ал Елордамызда қанша мың халық құтыла алмасын білсе де қандаладан қашып әлек... Яғни арнайы өкілетті орган қажет. Қандаланың жойылмайтынын білсе де қандала улағыш, ең сорақысы әрекеттерінің кесірінен адам қаза табатын орталықтардың жұмысын тоқтатар еді. Олардың арасында тұрғын үй ішінде қолдануға болмайтын препараттарды пайдаланатындары бар. Маңғыстаудағы бір оқиға сондайдан болған. Арнайы органды жауып тастаған билік "Қандаладан аллергиялық реакциядан басқа қауіп зор емес" дейтін шығар. Сонысымен олар жұртты қандаладан бетер талап отыр.      

Әлішер Өмірзақ, Самат Орынбаев "Біздің уақыт"