Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Әлеуметтік кәсіпкерлік. Мүгедектерді жаңа мамандықтарға үйрету. Жалған есеп

AstanaTV
23.02.2019ж. 20:00
4740
Әлеуметтік кәсіпкерлік. Мүгедектерді жаңа мамандықтарға үйрету. Жалған есеп

Денсаулығына орай сау адам сияқты жұмыс істей алмайтын жандарға жұмыс беріп отырған кәсіпкерлер әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң болғанын қалайтындарын айтқан, біз 3 жыл бұрын арнайы материал жасағанбыз. Атқарушы билік ары кетсе, қоғамдық жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жұмыс істейтін мүгедек жанның жалақысының 30 пайызын төлеп береді. Онда да бір жыл ғана. Ғимарат жалдау, тапсырыс алу мәселесі кәсіпкердің өзіне қалдырылған. Сондықтан ұзаққа бармай, жабылып қалады. Жалпы, денсаулығына орай қимылы шектеулі адамдарға жұмыс беріп, науқас балаларға жәрдемдесіп жүргендерді бизнесмен деуге де келмейді. Себебі олардың басты мұраты коммерциялық пайда емес, қолдау. «Әлеуметтік кәсіпкерлік» туралы заң керек дегендерді біз тағы тыңдадық. Қимылы шектеулі жандардың маңдайына етікші, тігінші болу жазылмаған шығар. Интернет заманында көп мамандыққа баулуға болады. Сонда мемлекеттің өзі ұтар еді, деді. Еліміздегі 680 мың мүгедектің 441 мыңы еңбек ететін жаста. Соның 111 мыңы жұмыс істейді деп есептеледі. Бірақ ол тізімге жылына 1 рет айлық алғандар да кіреді. Данияр Қайыртай жалғастырады.  

Мен мүгедек жандар деймін, мүмкіндігі шектеулі дегенді қабылдай алмаймын. Кемсітушілік деп есептеймін. 

- Мүмкіндігі шектеулі деген қоғамның берген аты ғана ғой...

Дені саулар құдды өз мүмкіндігі шексіз сияқты – қоғамның әлжуаз топтарының мүмкіндігін шектеп тастаған... Шымкенттік Мұңайтпас Анарбековтың туысынан аяғы кеміс болса да, өзін кәріп санамайды.  

Мұңайтпас АНАРБЕКОВ, БІРІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК: 

Развитием, қол-аяғым дұрыс істейді. Былай жақсы істей аламын. Жүріп-тұруым қиын емес маған. Білім алдым бухгалтер жағынан, оператор жағынан. Жеке адамдар сияқты жұмыс істегім келеді отырып.

Қазір жасы отызда. Үйленген. Келіншегі мен тұңғышы да мүгедек екен. Кіші қыздары – сау. Бір отбасы мемлекеттен алатын жәрдемақыға ғана күн көреді.  

Мұңайтпас АНАРБЕКОВ, БІРІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК: 

Жәрмеңкелерге де бардым әкімшіліктердің атынан. Барған кезімде жәрмеңкедегілер бос орындар ұсынады, бірақ ол жаққа хабарлассам біз ондай жарнама берген жоқпыз дейді.

Мұңайтпас үйелменімен, пәтер жағалап жүр. Көшіп-қону оңай емес. Үй кезегіне тұрған, бірақ оның жылжитын түрі жоқ деп мұңаяды. «Жұмысым болса, ипотекаға болсын баспана алар едім» дейді. Екінші топ мүгедегі Айнаш Тұяқованың да жағдайы сондай. Дегенмен жұмысы бар. Былтырдан бері Астанада тігін цехында істейді.  

Айнаш ТҰЯҚОВА, ЕКІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК: 

Мүгедектікке дейін мұғалім болып жұмыс істегем. Мүгедек болғаннан кейін үйде отырып, үйге әкеліп берді осындай кәсіпкер, одан кейін ол тоқтап қалғаннан кейін, тағы да біраз үйде отырдым, одан кейін жұмыспен қамту орталығына барып едім, ол кісілер осында жіберді.

«Осында» деп отырғаны – әлеуметтік шеберхана. Бұл біздің елде енді-енді дами бастаған кәсіптің түрі. Дәстүрлі бизнестің негізгі мақсаты – пайда табу болса, мұндағылардың мұраты – қайрымдылық. 

Айдана ТӨРЕБЕКОВА, «GREEN TAL» ӘЛЕУМЕТТІК ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ: 

Біз қоғамның осал топтарын жұмыспен қамтып, оларды тұрақты жалақы алатындай, жұмыспен қамтумен айналысамыз. Басында оларды жұмыспен қамтымас бұрын, оқу процесі жүргізіліп жатады. Оқу процесінен кейін белгілі бір уақытта ол кісілерге мүмкіндік береміз жұмысқа тұруға, бір не екі ай көлемінде олар өздерін көрсетіп, біздің шеберханаға тұрақты жалақы алатындай жұмысқа тұра алады.

Қазір бұл шеберханада 34 адам жұмыс істесе, оның 29-ы мүгедек. Бірінші және екінші топтағылар. Ішінде ойы мешеулер де бар. Осы компанияның тігін цехы мен ағаш ұстаханасынан шыққан өнімдер аз да болсын сұранысқа ие. Тапсырыс та қабылдайды. Он екі мүшесінің бірі кем адамның жасағаны десек те, тауар сапасы жағынан нарықтағыдан кем емес. Парқы да пара-пар. 

Айдана ТӨРЕБЕКОВА, «GREEN TAL» ӘЛЕУМЕТТІК ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ: 

Мүмкін біздің халықта сондай қалыптасқан пікір шығар. Мүмкіндігі шектеулі жанның қолынан шыққаннан кейін ол тауардың арзан болуы міндетті емес. Нарықтағы баға қандай – бізде де баға сондай.

Кез келген істің дамуы үшін мемлекет тарапынан... қолдау демейміз, жағдай жасалуы керек. Яғни жұмысты реттейтін құжат қажет. Әлеуметтік кәсіпкерлер неше жылдан бері арнайы заң қабылдаңыздаршы деп шырылдап келеді. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас»... 

Айдана ТӨРЕБЕКОВА, «GREEN TAL» ӘЛЕУМЕТТІК ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ІСТЕР БОЙЫНША МЕНЕДЖЕРІ: 

Нақты әлеуметтік кәсіпкерлікке байланысты заңнама жоқ. Заңнама керек, керек. Егер кәсіптің осы түрі әрі қарай дамысын десе мемлекет, әрине заңнама керек. Себебі бұл кәсіп мемлекетке әкелетін пайдасы өте зор.

Керек деп қоямыз, бірақ бізде жұмыс істемей тұрған басқа да заңдар бар емес пе!? Қазақстанның «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңы бойынша: 

Жадырасын СӘДУАҚАСОВ, БІРІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК, САРАПШЫ: 

50-100 адам болатын болса кәсіпорында 2 пайызы мүгедектер болуы керек. 100-ден 200-ге дейін болса штаттың саны, онда 3 пайызға дейін болуы керек те, одан жоғары қарай 4 пайыз болуы керек. Егер сол орындалатын болса, бізде қазір жұмыс істеймін де жатқан мүгедектер Қазақстанда жетіспес еді. Қазір біз мүгедектер 680 мың дейміз, оның 441 мыңы жұмыс жасындағы адамдар, соның 111 мыңы жұмыс істейді деп есептеледі. Мен өзім ол санға сенбеймін. Өйткені статистика деген Қазақстанда өте сондай екіжүзді.

Жадырасын Сәдуақасов арбаға таңылып отырса да өз құқығын, өзі сияқтылардың құқығын қорғауға жанталаса араласып жүр. Мүгедектердің мұқтажын түрлі мінберде айтқанын естідік.  

Жадырасын СӘДУАҚАСОВ, БІРІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК, САРАПШЫ: 

Жаңағы 111 мың мүгедек жұмыс істейді дегенде қалай жазылған? Жазылған: жылына бір рет жалақы алғандар да кіреді. Ал енді бізде Трудовой кодекс қабылданды деп жатырмыз, оның ішінде 11 статья бар өзгеріс енгізген. Ішінде квотаға байланысты, мүгедектерге қысқартылған 36 сағат жетсін аптасына, одан артық болмау керегі, түнгі бір жұмыстарға рұқсат берілмейтіндігі, егер берілетін болса 2-3-ші топтағылар, медициналық-әлеуметтік сараптама дейміз, сондай рұқсатымен берілетін нәрселер жазылған. Енді бәрі жазылған.

Заң іске асуы үшін, шенеуніктерге бір бөлек, жұмыс берушілерге бір бөлек, мүгедектерге және бөлек үгіт-насихат жүргізу керек деп есептейді Жадырасын аға. Одан соң, кем адамды қабілетіне қарай оқытып, мамандық беру керек дейді. Даярлап шығарған ұйым, оны жұмысқа тұрғызуға мүдделі болуға тиіс. Сосын жұмыс орнында мүгедектің тәлімгері, басқаша айтсақ жетекшісі болғаны жөн. Дәл шет елдердегідей. Осының бәрі қалаларда кешенді түрде қолайлы орта қалыптастырумен түйінделуі керек. Мәселен, Германиядағы секілді. 

Жадырасын СӘДУАҚАСОВ, БІРІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК, САРАПШЫ:

Олар ол жақта миларында сондай мүгедектер Үкіметтен ақша алмауға тырысады. Мен Германияда болдым, өз көзіммен көрдім, сондағы автомобильный заводқа оқып жатқан, содан кейін 13-15 жылға контракт жасап жатқан. Сосын Германияда мен сияқтылардың жәрдемақысы 1400 еуро.

– Не жұмыс істейді сонда?

– Отырып алып жинайды. Қолмен істейді, оның ішінде компьютермен отырған, дизайнер, конструктор... Қазір деген жұмыс өте көп, инвалид жұмыс істей алатын.

Бұрын ғой, мүгедектер даярлықтан өтсе етікші, зергер, ұста, жүргізуші болып істейтін, одан қалса көше сыпыруға да, ыдыс-аяқ жууға да шыға беретін. Ал қазіргі жастардың қара жұмысқа барғысы жоқ. Олар да таза жүргізгісі келеді. Компьютер мен ғаламтордың заманында үйде отырып, қашықтықтан іс тындыруға болатынын айтады. Мұны құптайсың. Ал толығымен мемлекет қарауында, интернатта тұратын мүгедектер масыл болып кетпей ме?!

Жадырасын СӘДУАҚАСОВ, БІРІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК, САРАПШЫ:

Жас инвалидтер бар. Келгенде жұмыс істегісі келеді. 1 жылдан кейін, 2 жылдан кейін өледі мұның бәрі. Төрт мезгіл тамақ, киім, концерт келіп жатыр, интернет бар, болды. Пенсиясы бар. Бітті. Оны тартып шығара алмайсың.

Мүгедек жандарды «мүмкіндігі шектеулі» деп, шектеп, шеттеп тастап, өз «менінен», мойындарындағы міндеттерінен, жауапкершіліктерінен айырып тастаған жоқпыз ба, осы?

- Асып бара жатқан сондай бір қайсар жандар емеспіз біз, өмір сүргіміз келеді, болды.

Данияр Қайыртай, Батыржан Беспаев, Айзада Төребекқызы «Біздің уақыт»