Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

«Цеснабанк» білім ошақтарына қаржылық қолдау көрсетуі мүмкін. Шигео Катсумен сұхбат

AstanaTV
23.02.2019ж. 20:00
2519
«Цеснабанк» білім ошақтарына қаржылық қолдау көрсетуі мүмкін. Шигео Катсумен сұхбат

«Цеснабанк» білім ошақтарына қаржылық қолдау көрсетуі мүмкін. «Астана» арнасына арнайы сұхбат берген қаржы институты Директорлар кеңесінің төрағасы және Назарбаев университеттің Президенті Шигео Катсу айтты. Мемлекеттік қолдау көрсетілген банктер қатарындағы бұл қаржы институтының ақыры сатылғаны мәлім. Назарбаев университет құрылымдарымен байланысты «FirstHeartland Securities» компаниясына. Интервьюден үзінді: 

- Катсу мырза, уақыт тауып, студиямызға келгеніңіз үшін рахмет. Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда сіз Назарбаев университет жанынан Инновациялық кластер құру идеясы жайлы айтқан едіңіз. Осы орайда Astana Business Campus жобасы қашан толыққанды жұмысын бастайды? Және бүгінгі күні қандай нәтиже бар?

Шигео КАТСУ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ПРЕЗИДЕНТІ,«ЦЕСНАБАНК» ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Бүгінгі күні Astana Business Campus ғимаратының құрылысы Назарбаев университет орналасқан аумақта жүріп жатыр. Бірақ олар жұмысты бастап кеткен. Түлектеріміздің жетістіктері жап-жақсы. Мысалы, Astana Business Campus түлегі суару мен топырақты тыңайтудың "ақылды" жүйесін ойлап тауып, Google компаниясы демеушілік еткен халықаралық байқауға қатысты. Қазір оның бұл жобасын Гонконг қаржыландырып жатыр. Ал тағы бір түлегіміздің жобасына өзім қызыққам. Ол нәрестелерде жиі кездесетін іштің түйілуін басатын массаж белбеу ойлап тапты.

- Жақында ғана Сіз "Цеснабанк" АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалдыңыз. Бұл сала сізге таңсық емес, өзіңіз дүниежүзілік банкте 30 жыл қызмет еттіңіз. Қаржы секторында тәжірбеңіз өте мол."Цеснабанкте" қандай реформалар болуы мүмкін? Жалпы банктің қазіргі жағдайы қандай?   

Шигео КАТСУ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ПРЕЗИДЕНТІ,«ЦЕСНАБАНК» ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жұмыс үдерісі енді басталды. Біз 10 күн бұрын ғана іске кірістік. Банктегі қызметкерлер өз ісінің білікті мамандары. Цеснабанктің өз тарихы бар. Қаржы ұйымы көп жылдар бойы ауыл шаруашылығы, орта және шағын бизнес өкілдеріне, сондай-ақ жеке тұлғаларға қызмет етіп келеді. Бұл үрдісті біз жалғастырамыз. Банк жеке клиенттерге одан әрі қол жетімді болады. Басты мақсат - сандық жүйе мен e-banking жобасын енгізу. Жалпы нақты қадамдар жайлы айту әлі ерте, біз клиенттер және серіктестерімізбен ақылдасуымыз керек. Дегенмен, біз Цеснабанктің барлық қауымға пайдалы болуын қалаймыз. Сондықтан білім саласындағы байланысымызды пайдалана отырып, бұл саланың дамуына қандай үлес қоса алатының зерттегіміз келеді. Алдағы уақытта жоғарғы оқу орындарына, мектептерге және жеке тұлғаларға Цеснабанк қаржы жобаларын ұсынуы мүмкін.

- Сіз "үздіксіз білім алу" философиясы жайлы көп айтасыз. Ал өзіңіз қазіргі уақытта қандай салада білім көкжиегін кеңейтіп жүрсіз? 

Шигео Катсу, Назарбаев университеттің Президенті,«Цеснабанк» директорлар кеңесінің төрағасы: 

Қазақстанда маған қарапайым адамдар қызық. Олардың өткен өмірлері менікінен әлдеқайда өзгеше. Бұл жердегі адамдардың ой-санасын түсінгім келеді. Қазақстандықтар қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген. Екі тіл де құрылымы жағынан бір-біріне ұқсамайды... Енді ағылшын тілі қосылды. Бұл ретте мені бірнеше тіл білетін адамның ойлау процессі қызықтырады, адамзаттың сана-сезімі таңғаларлық бірегей дүние ғой.

- Өзіңіз де 5 бірдей тілді меңгергенсіз ғой!  

- Иә, мен бірнеше тілде сөйлеймін, сондықтан да маған оңай емес.

- Әр жылдың соңында Билл Гейтс өзіне ұнаған кітаптар тізімін жариялайды. Сіз өскелең ұрпаққа қандай кітаптарды оқуға кеңес бересіз?

Шигео КАТСУ, НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ПРЕЗИДЕНТІ,«ЦЕСНАБАНК» ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жақсы сұрақ, бірақ дұрыс кеңес беру үшін жастардың пайымдау қабілетін білу керек. Дегенмен осыдан жарты жыл бұрын мен Юваль Ной Хараридің "21-ші ғасырға 21 сабақ" кітабын оқып шықтым. Автор мықты ойшыл. Ол тарих, технологиялар жайлы жазады. Аталған туындыны бірден толық оқып шығу міндетті емес, әр бөлімін жеке-жеке оқысаңыз болғаны. Ең маңыздысы кітап сізді ойландырып, толғандырады.