Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Ақтау әкімдігі сотта екінші рет жеңілді

AstanaTV
25.02.2019ж. 20:00
2812
Ақтау әкімдігі сотта екінші рет жеңілді

500 млн теңге шығынға батқан инвесторлар Ақтау әкімдігінен ақшасын әлі қайтара алмай жүр. Шенеуніктер қытайлық компанияға 7 мыңнан аса шамға тапсырыс беріп, кейін сатып алудан айнып қалған. Әкімдіктің бұл әрекетін қалалық және облыстық сот заңсыз деп тапты.  

Владимир КОСТЫРЕВ, ИНВЕСТОРДЫҢ АДВОКАТЫ: 

Бірінші инстанциялық сот біздің талабымыз орынды, заңды деп шешкен еді. Бірақ, қарсыластарымыз, яғни, әкімдік мұнымен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Маңғыстау облыстық соты да бірінші шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот қаулысы заңды күшіне енген. Оны кез келген адам, мемлекеттік мекеме де орындауы тиіс.

Еске салайық, былтыр Ақтау әкімдігі қытайлық компанияға диодты шам орнатуға тапсырыс берген. Электр қуатын 92 пайыз үнемдейтіні анықталған соң, таңдау шетелдік инвесторға түседі. Тіпті, пилоттық жобамен қаладағы басты көшеге 81 шам орнатылады. Бұны Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың өзі мақұлдаған. Өйткені, құрылғының видеобақылау, радар, wi-fi, көлік пен ұялы телефонды зарядтау секілді 14 түрлі қосымша қызметі бар. Кейін шетелдік инвестор қалаға миллиондаған ақшаға 2 мың шамды жеткізеді. Бірақ, шенеуніктер тапсырыстан бас тартып, компанияны шығынға батырған. Екінші рет сотта жеңіліс тапқанмен, әкімдік шығынды өтеуге асығар емес.  

Жангелді ӘУБӘКІРОВ, АҚТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Ол сұрақ әлі тұр. Әкім өзі шешіп жатыр. Қазір құжаттарын юристер қарап жатыр. Қарағаннан кейін шешім қабылдаймыз.

А. Бектас