Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ел аумағында көктемгі қызылсуға дайындық шаралары пысықталды

AstanaTV
27.02.2019ж. 20:00
3066
Ел аумағында көктемгі қызылсуға дайындық шаралары пысықталды

Күн райының жылуына байланысты бірнеше аймақта су тасқыны қауіпі бар. Синоптиктер Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстарына ескерту жариялады. Төтеншеліктердің де жұмысы қыза түскен. Аймақтарда «Көктем» республикалық оқу- жаттығуы басталды. Екі күнге ұласатын шарада қызылсудың алдын алу жұмыстары пысықталмақ. Құтқарушылардың тасқынға дайындығын әріптестерім бақылап қайтты.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Бүгін таңның атысымен құтқарушылар Алматы маңындағы «Қарғалы» өзені маңына жиналды. Өйткені, қалаға судан қауіп төндіріп тұрған өзеннің бірі - осы. Мұздың қалыңдығы 30 сантиметр.

Оқу-жаттығуға 80-нен аса ауыр техника мен 450-ге жуық маман жұмылдырылған. Арнайы техникалар мұзды қопарса, құтқарушылар қолдың күшімен арықтар мен өзен сағаларын мұздан босатты. Төтенше жағдай мамандары күн жылынса, еріген мұз бен қар суы ерік бермейді деп қауіптенеді. Өйткені, бұл төңіректе 100-ге жуық үй бар.

Серік ӘУБӘКІРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТЖД БАСШЫСЫ: 

Бүгінде қалада 28 өзен болса, оның 5-і қауіпті саналады. Бірақ, мегополисте қызылсудың жайылуына тек өзендер ғана емес, қоқысқа толы, бітелген арықтарда кері әсерін тигізеді. Қарғалы өзенінің осы тұсы бір қыстың өзінде 30 мәрте бақыланды. Қалың қар, тоң мұз қатқан арнасына. Қазір сол кедергіні толық тазалаудамыз.

Жалпы Алматыда 12 қауіпті учаске анықталған. Осыған орай қаладағы 7 ауданда да оқу-жаттығу өтуде. Күн райын бақылап отырғандар алдағы үш күнде ауа температурасы көтерілетінін, қар еріп, су мөлшері көбеюі мүмкін деп ескерту жариялауда.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Бірақ, қалалық құтқаршылар көктемде болатын кез келген жағдайға дайынбыз деп сендірді. Олар өзен-көлдерді бақылап қана қоймай қоқысқа толған арықтарды да тексермекші. Ал, Батыс Қазақстан облысында дайындық қалай жүріп жатыр? Оны әріптесім Еркін айтып береді.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Рахмет, Олжас! Иә, биыл біздегі өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары жүргізілмейді. Есесіне, мұзды кесетін қондырғыларды қолданбақшы. Осындай үш аппаратты елімізде алғаш болып оралдық құтқару қызметі сатып алған.

Асқар ҚЫЛЫШОВ, ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Бұрын әлгі ломмен жүретін едік қой, мотобурмен жүретінбіз. Енді қазір өзі кеседі, өзі кескен мұзын шығарып отырады артынан. Үш-төрт адам оператормен бірге жеткілікті. Дачный массивтерде жұмыс жасаған кезде өзі жұмыс істейді. Тек бензині мен майы ғана, жалпы экологияға зияны жоқ мұның.

Мұзкескіштер тобынан кейін құтқарушыларға кезек тиді. Мұнан соң апатқа ұшырап, суға батып кеткен көлікті мұз астынан шығар жұмыстары сценарий бойынша жүрді. Көлік ішінде қалған екі жолаушы да құтқарылды.  

Жасұлан ЖҰМАШЕВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫ: 

Су тасқыны ештемеге қарамайды. Негізінде қауіптеніп отырғанымыз - Тасқала ауданы, содан кейін Бәйтерек ауданы, содан кейін Қазталов ауданы, сосын Орал қаласы.

Дегенмен, бір ғана Орал қаласының өзінде 32 аумақты су басуы мүмкін. Қаланы қоршай орналасқан саяжайларда да қар қалың. Төтеншеліктер бұл жағдайға арнап жүрдек техникасын сайлап қойған. Дегенмен, жол талғамайтын шынжыр табанды техниканың қызығын бүгін журналистер көрді. 

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Төтенше жағдайлар департаменті тас түйін дайын екендерін айтты. Жанармай қоры жиналып, инертті материалдар да дайын тұр деді. Еріген қар суын далаға босқа ағызып жібермей, жазға қажетті су қорын әзірлеуді де жоспарлап қойған.

О. Нұржақып