«Aktau Steel» зауытының өкілдері 1 миллиард теңгеге жуық қарызды жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамы қайта есептегенде қателік жіберген. Заңсыз қондырғы қосты деп айыптауы да негізсіз. Ешқандай қосымша жабдық орнатқан жоқпыз дегенді алға тартады. Ал, газ жеткізушы компания табиғи газды ұрлау дерегі бойынша серіктестікті сотқа бермек.
«Aktau Steel» зауыты мен «ҚазТрансГазАймақ» қаңтар айынан бері дауласып келеді. Акционерлік қоғамның өңірлік өндірістік филиалы жоспарлы тексеріс кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталғанын айтады. Құжат бойынша зауыт аумағында газ тұтынатын нүкте төртеу деп көрсетілгенімен, тағы қосымша 59 нүкте газ көзіне заңсыз қосылған көрінеді. Орнатылған қондырғылардың құжаты да болмаған. Осы факті бойынша акт толтырылып, қос тарап қол қойған. Кейін компания қайта есептеу жүргізіп, кәсіпорынның 1 миллиардқа жуық теңге қарызын шығарып берген.
Ернұр ИБРАЕВ, «ҚАЗТРАНСГАЗАЙМАҚ» АҚ МӨФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Олар өткен жылдың маусым айынан бері кәсіпорынға кіргізбей келді. Яғни, біз аула сыртынан есептегіш құралдардың көрсеткішін алумен шектеліп, кері қайтып жүрдік. Бірақ, қаңтардың 18 күні зауыт аумағына еніп, өрескел бұзушылықтарды анықтадық. Қаңтар айыннан бері 4 рет ескерту жасалды. Заң бойынша ескертуден кейін 3 күннің ішінде газдан ажыратуымыз керек. Мұның бәрі келісім шартта жазылған. Сондықтан, зауыт тарапынан түскен шағым негізсіз.
Ал, зауыт заңгерінің айтуынша тұтынған газ көлемі дұрыс есептелмеген. Қосымша қондырғылардың құжатын көрсетпеді дегені де жалған. Фарид Әлиевтің сөзінше, былтыр желтоқсан айына дейін зауыт есептегіш құралы бойынша есеп айырысып келген. «ҚазТрансГаз Аймақ»» тарапынан ешқандай шағым болмапты. «Алайда, қаңтар айында компания түк түсініксіз тәсілмен қайта есептеу жүргізіп, соның салдарынан миллиардқа жуық теңгенің қарызы пайда болды»,-дейді. Темір балқыту зауыты ай сайын 10-15 миллион теңгенің газын жағады екен.
Фарид ӘЛИЕВ, «AKTAU STEEL» ЖШС ЗАҢГЕРІ:
Біз бір қателік кетті деп санаймыз. Қайта есептеу барысында жаңылыс болған шығар. Қондырғылардың қуаттылығы мен нақты көлеміне көз жеткізгенде, жіберген қателіктерін түзетер деп ойлаймыз.
Қос мекеме арасындағы кикілжің басталғалы «ҚазТрансГаз Аймақ»» газ көлемін азайтып тастады. Көгілдір отынның пәрмені жатақаханадағы жұмысшылар жылынып, тамақ дайындауға ғана жетеді. Жылына 250 мың тонна арматура шығаратын кәсіпорында әзірге шығын жоқ. Бірақ, дау-дамай созыла берсе, тығырыққа тірелуі мүмкін. Акционерлік қоғам зауытты толық газдан ажыратпақ емес. Тек қарызды толық өтеуді тосып отыр. Десек те, «Aktau Steel» серіктестігі бұл жағдайдың жаңсақ әрі қателік екенін алға тартады. Олар қайта есептеу зауыттың пайдасына шешілсе, жұмыстың тежелуіне қарамастан сотқа жүгінбейміз дегенді айтады.
З. Санай