$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Әлеуметтің әлеуетін көтеруге 2 трлн-дай теңге жұмсалады

AstanaTV
02.03.2019ж. 20:00
3766
Әлеуметтің әлеуетін көтеруге 2 трлн-дай теңге жұмсалады

Әуелі Адамша өмір сүретін бейбіт өмір, сосын қазан көтере алатын мүмкіндік (бұл жерде қазанды ұғым ретінде алып отырғанымыз түсінікті болар), бала оқытып, оқытқанда өзінен артық, өзінен бақуатты өмір сүруге жетелейтін білім беретін мұғалім, ауыра қалса, тәнін де, жанын да емдейтін дәрігер – қарапайым адамға көп нәрсе керек емес. Ал ерінбей еңбектенгеннің жоқшылық қамытынан құтыла алмауы деген болмауы керек. Бірақ бар. Демек алғышартты, базаны қайта қарау қажет. Дүниядағы ең жаманы – жоқшылық азабын баланың көруі. Абай сегізінші сөзінде: «...Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай жүр. Аналар анадай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!» дейді...»-деген. 1891 жылы.  

«Нұр Отан» партиясының сәрсенбіде өткен съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің әлеуметтік саясатына қатысты 10 қосымша шара туралы жариялады. Оларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан 2 трлн-дай теңге бөлінеді. Басты жаңалық – көп балалы отбасыларға берілетін көмек. Дәлірегі – әр балаға берілетін жәрдемақы 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге өседі. Анықтап алатын тұсы – бұл ақша егер көп балалы отбасының жан басына шаққандағы табысы 20789 теңгеден төмен болса төленеді. Әлеуметтік саясатқа қыруар қаржы сонымен бірге, айлығы аз бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысын көтеруге, жалға алатын тұрғын үйлер мен жолдар салуға, сумен, электр энергиясымен қамтуға, газ тартуға, ауылда тіршілік отын қайта маздатуға жұмсалады. Детальді түрде Абай Сейфулла баяндайды.

Партия съезі қашаннан өз алдына үлкен той секілді. Делегаттар жан-жақтан келеді. Көптен көріспеген әріптестер қауышып, қауқылдасады. Суретке түседі... Биылғы 18 съезд мерейтойлық болғанымен, ұрандар мен үндеулер, мақтан мен пафос екінші планға шығып қалды. Себебі алдында Президенттің өзі ескерткендей, жаңа Үкіметтің жұмыс жоспары айқындалды. Әлеуметтің әлсіз топтарына көмектесу мен аймақтарды дамыту басты назарға алынды. Алдағы 10 жылдың жоспары бекітілді. Біздер, журналистер Мемлекет Басшысы айтқан сүйінші жаңалықтарды елге жеткізуге асықтық. Расымен, көңіл қуантатын өзгерістерге қадам жасалды. 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

В текущем году на социальную сферу направляется более 45% от всех расходов республиканского бюджета. В то же время у нас обозначились диспропорции в социальном блоке. Я принял решение о выделении средств из Нацфонда на повышение качества жизни и благосостояния казахстанцев. Выделяемые средства должны дойти до адресата.

Сонымен, Президенттің 2030 жылға дейінгі ұсынған - «Бақуатты қоғам: онжылдықтың он мақсаты» бағдарламасы тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға көмек, жол салу, газдандыру және ауылдарды дамыту мәселесін шешпек.

Бюджет пен ұлттық қордан бөлінген триллиондардың 300 млрд-ы көп балалы аналарға арналады. 4 немесе одан көп баласы бар үйдің әр баласына 21000 теңгедей ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады. Мүгедек баласы бар отбасылардың жәрдемақысын 30 пайызға өсіреді. «Нұрлы жер» бағдарламасымен аз қамтылғандар үшін 40 мың пәтер салынады. Ол екі-үш пайыздық үстемемен ипотекаға беріледі. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне бұл мақсатқа жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді. Бірінші шілдеден бастап 1 миллионға жуық азаматтық саладағы қызметкердің айлығы өспек. Аз жалақы алатын бюджеттік жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға, аудандық, облыстық деңгейдегі төменгі класс қызметкерлерінің айлығы 25 пайызға. Бұл үшін 2019-2021 жылдары 980 млрд бөлінеді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Каждая казахстанская семья должна почувствовать результаты проводимых реформ уже сегодня, а не в отдаленном будущем.Особенно считаю необходимым усилить меры поддержки нашим многодетным семьям.Сегодня в стране порядка 340 тысяч семей имеют более 4-х детей.Ежегодно на поддержку семей с детьми выделяется более 500 миллиардов тенге.Эти семьи имеют разный уровень дохода. Тут надо считать, какие то семье имеют хорошие доходы, средние доходы, и есть семьи которые имеют низкие доходы. Поэтому, когда мы будем оказывать помощь, это надо учитывать. Зачем миллионерам еще давать поддержку от государства.

Партия төрағасы бар қазақстандық тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медициналық көмек алсын деді. Қоғамдық денсаулық сақтауға кететін шығынды 40-тан 60 пайызға көтеруге тапсырма берді. Тұрғын үйлердің бірінші қабатында емхана болуын ескертті. Бас дәрігер Біртанов 120 млрд теңгені соған жұмсауы керек.  

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: 

Біріншіден, әр учаскелік дәрігерді, педиатрды адамдарды тұрып жатқан үйдің қасына жеткізу керек қалаларда. Сонымен учаскелік дәрігерлерге жүктемені төмендетуіміз қажет. Мысалы, екі жыл бұрын бір дәрігердің басында 2200 адам болған. Қазір 1770-ке түсірдік. Келесі жылдың ішінде 1700-ге түсіреміз. Әрі қарай 1500-ге. Ол дегеніңіз – жаңа учаскелер ашамыз, жаңа дәрігерлер келеді, мейірбикелер келеді.  

Ауыл-аймақтағы жолдар әлі шұрық-тесік. Сапалы автобанымыз Батыс Қытай – Батыс Еуропа ғана. 2025 жылға дейін басқа жолдарды да жөндеуге 350 млрд теңге бөлінеді. Алматы, Астана, Шымкент қалаларының шеткі аймақтарын дамытуға 90 млрд, моно және шағын қалаларға жыл сайын 10 млрд-тан тағы береді. Ауыз су, газ, тоқ жүргізуге қаралып отырған 330 млрд өз алдына. Мұны істемес бұрын болашағы бар ауылдарды іріктеп, жастардың сол жақта қалуын қамтамасыз ету керек. Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға да қаржы қаралады. Әйтпесе, көш тоқтамақ емес.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Когда строим школу в перспективных селах, надо строит сразу интернат. Пусть дети подтягивается сюда, потому что здесь и качество, и образование, и здравохранение. Надо так работать. Надо наши села превратить в точку роста. Обеспечить его финансированием 90 млрд теңге в 2019-2021 годы. Это поможет закрепить молодежь на селе.

Қош делік, соңғы кездері резонанс туғызған оқиғалар қоғамның диагнозын қойып бергені рас. Жараның асқынып кететінін де жұрт сезді. «Басқалар» басқа әлемде өмір сүріп жатқандай болғанмен, Президент бұл жолы да өзі араласар деп төзді. Біз талдап шыққан ауқымды бағдарламаның басқа жерде емес, жетекші партияның съезінде қабылдануы - оның нағыз халықтық сипатқа ие екендігінің дәлелі дейді сарапшылар.  

Саясат НҰРБЕК, САЯСАТТАНУШЫ:

Бұрын, мысалы, Елбасы Үкіметтің бағдарламасын, Үкіметтің негізгі басым бағыт-бағдарларын басқа платформаларда, басқа «площадкаларда» жариялайтын. Ал партияның «площадкасында» жариялағаны – бұл дегеніңіз халыққа деген бетбұрыс. Неге десеңіз, партия - ұжымдық платформа. Партия қалай болса да халықтың плафтормасы. Яғни, халықты, әлеуметтік топтарды қамтамасыз ететін ең үлкен бұқаралық алаң осы – партия, осы күнге дейін.

Партия халыққа одан әрі жақын бола түседі. Жаңа құрамы бекіген орталық бақылау-тексеру комиссиясы Үкіметтің жұмысын қадағалап отырады. Съезден кейінгі оның отырысында бірлесе жұмыс істеу үшін протоколға өзгеріс те енгізілді. Ал әкімдер елмен жылына бір рет емес, жыл бойына тұрақты кездесіп отыруы тиіс. Оңтүстікке араға он жылдан аса уақыт салып қайта барған Шөкеев мырза оған дайын.

Өмірзақ ШӨКЕЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жылына бір рет халықпен кездесіп, сонымен болды демей, біз жаңа проблема туындады ма, ауданда болсын, қалада болсын, облыста болсын, бір төтенше жағдай болсын, барып халықпен кездесуіміз керек. Әр факті бойынша. Журналист: –Сіз жеке барасыз? – Әрине, барам. Мен өзім жақсы да көрем халықпен араласқанды.

Съезде сөйлегендердің көбі жастар болды. «Болашақтықтар», ауылдан келген кәсіпкерлер, ұстаздар. Президент оларға халықпен араласқанды жақсы көретін ағаларын үлгі етіп те үлгерді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сендер ғана емес, сендерден бұрын да ақылды ағаларың болған. Жаңағы отырған Өмірзақ Шөкеев ағаң Москваға барғанда бір ауыз орысша білмепті. Бірінші курста. Аяқ жағында қызыл дипломмен бітіріп шықты. Математика, кибернетиканың арқасында. Енді міне, Түркістан облысын көтереді.

Алматы облысынан келген Ғалия Ақбасова рақмет айтты. 5 перзент өмірге әкеліп, 11 немере сүйген ол, Кербұлақ ауданының әйелдер кеңесін басқарады. Әсіресе, Президенттің әлеуметтік жәрдемақыны құжат жинап, табан тоздырмай жылдам алуға мүмкіндік жасаңдар дегеніне қуанып отыр.

Ғалия АҚБАСОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:   

Бұл әрбір ананың, әрбір көп балалы отбасының өміріне үлкен өзгеріс алып келетін бастама. Жаңа Үкіметке нақты тапсырмалар беріп жатырсыз. Көп балалы отбасыларға қолдау жасауыңыз біздің болашаққа сенімімізді бұрынғыдан да нығайтып, көңілімізді тасытты.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:

Елдің әл-ауқатын оңалту үшін Ұлттық қордан екі триллионға жуық қаржы бөлінетін болды. Халқымның болашақта емес, қазір бақытты болғанын қалаймын деді, Президент. «Бақуатты қоғам» бағдарламасы "әйтеуір бір оңалар" деген бұлыңғыр сағымдардың арасында еңсесі түсіп, тіпті есеңгіреп жүрген көптеген адамның үмітін оятқан бағдарлама болды. Енді үкімет «қазір, осы жерде» принципімен іске кірісуі керек.

Абай Сейфулла, Гүлбарам Меңдеева,Тимур Еркетаев, Алмас Жұлыбаев, Нұржан Махмұдов «Біздің уақыт»