Қазақстандық фристайлшы Жанбота Алдабергенова Красноярскіде өтіп жатқан Универсиадада шаңғы акробатикасынан үшінші орын алды. Финалдық секіруде ол 79,38 балл жинады. Бірінші орынға беларусиялық Александра Рамановская ие болса, күміс жүлде - Ресей спортшысы Любовь Никитинаға бұйырды. Айта кетейік, Аяна Жолдас есімді тағы бір жерлесіміз төртінші орын алды. Қазақстандық студенттер хоккейден де жақсы нәтиже көрсетті. ХХІХ Қысқы универсиададағы алғашқы матчта біздікілер Латвия құрамасын 10:1 есебімен жеңді. Бүгін Швециямен сайысады. Естеріңізге салайық, Универсиада-2019 наурыздың екісі ресми түрде ашылды. Ресейдің Красноярск қаласына Қазақстаннан 5 мәнерлеп сырғанаушы, 13 шаңғышы, 2 сноубордист, 14 фристайлшы, 2 тау шаңғышысы және спорттық бағдарлау мен шорт-трекке он-он адамнан аттанды. Ал, шайбалы хоккейге 23, допты хоккейге 16 спортшы қатысып жатыр.
Д. Қайыртай