Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / «Air Astana» Үндістанға қатынайтын рейстерін тоқтатпайды

«Air Astana» Үндістанға қатынайтын рейстерін тоқтатпайды

Үндістанға ұшақпен қатынау уақыты ұзаратын болды. Өйткені, Пәкістан мен Үндістан арасындағы саяси шиеленіске байланысты Парсы шығанағы аумағынан ұшуға тыйым салынды. Бүгін Пәкістанның азаматтық авиация басқармасы әуе кеңістігін 5 наурызға дейін ашпайтынын мәлімдеді. Сондықтан, қазақстандық авиакомпаниялар да өз бағыттарын өзгертуге мәжбүр. Ал, шиеленістің кесірінен далада қалғандар елге түгел оралды ма? Ришат Асқарбекұлы сабақтайды.  

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Шиеленіске қарамастан Үндістанмен екі арадағы әуе қатынастары тоқтатылмайды. Бүгін «Эйр Астана» компаниясының өкілдері осылай деді. «Дели-Алматы» арасындағы тікелей рейстер басқа елдің аумағы арқылы ұшырылады.

Қалыптасқан жағдайға байланысты әуе компаниясы ертең, яғни, 5 наурызға дейін өз рейстерін Оман республикасының аумағы арқылы ұшыра тұрмақ. Себебі, бүгін Исламабад әуе кеңістігін әзірге ашпаймыз деп кесіп айтты. Өз аумағынан халықаралық рейстердің ұшуына Астана уақытымен ертең түскі 14:00-ге дейін шектеу қойды.  

Тілек ӘБДІРАҚЫМОВ, «AIR ASTANA» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МЕНЕДЖЕРІ: 

Пәкістанның шекарасын басып өтуге тиым салынғаны болмаса, ішкі рейстері орындалып жатыр. Сондықтан, біздің компания балама жолын ойластырды. Қазір Оман корольдігінің аумағына жанармай құю үшін қонуға мәжбүрміз. Сонда жолға 9 сағат кетеді. Ал, әдетте ол үш сағат болатын.

Ал, Қазақстан сыртқы істер министрлігі осыдан екі күн бұрын Үндістан аумағында рейстерін күтіп жатқан 300 жолаушының елге келгенін айтты. Олар демалыс күндері аман-есен оралған. Жолаушылар 28 ақпан, 1 және 2 наурыз күндері қайтуы тиіс болған еді.   

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: 

Бүгіннен бастап «Эйр Астана» әуекомпаниясы штатты режимде жұмыс істеп жатыр. Делидегі жағдай қазір қалыпты. Осы уақытқа дейін елге қайта алмаған отандастарымыз елге оралды. Ал, онда демалысын әлі де жалғастырып жатқан немесе оқудағы азаматтарды қандай да бір төтенше жағдай туындаған жағдайда елшілікке жүгінуге шақырамыз. Елшілікте қазір жедел штаб күні-түні жұмыс істеп жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: 

Алдағы тәулікте Делиден «Эйр Астана» компаниясының 3 әуе кемесі табан тіркеуі тиіс. Ұшақтар әдеттегідей Парсы шығанағын емес, Оман мемлекетінің аумағын басып өтетін болады. Сондықтан, кестеде өзгеріс те болуы мүмкін екені ескертілді.

Р. Асқарбекұлы