Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Тараздық тұрғындар үйлерінің сүрілуіне қатысты шу шығарды

AstanaTV
06.03.2019ж. 20:00
3945
Тараздық тұрғындар үйлерінің сүрілуіне қатысты шу шығарды

Тараздық тұрғындар үйлерінің үйіндіге айналуына қарсы. Бұқара «Төле би даңғылының бойындағы бес бірдей көп пәтерлі үй сүріледі» деген әкім қаулысын алған. Баспаналарының бұзылатынын күтпеген тұрғындар әкімдіктің әрекетіне қарсы шу шығарды. Тұрғындар неліктен қарсы? Бұзылатын баспана үшін өтемақы төлене ме? Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.   

Сүрілетін баспаналар мына қаланың қақ ортасындағы 3 қабатты 5 ғимарат. Мұнда барлығы 70-ке жуық пәтер бар. Бұл үйлердің тұрғындары баспаналарын бизнес көзіне айналдырыпты. Бірі дәріхана салса, бірі шаштараз ашып, нәпақасын тауып келеді.

Шаста МИРАЛИЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

1986 жылдан бері салон ашып жұмыс істеймін. Менде 30 адам еңбек етеді. Енді оларды жұмыссыз қалдыруды елестетсем төбе шашым тік тұрады. 3-4 ай бұрын «үйлеріңе құрылыс жұмыстарын өз ақшаларыңа жүргізесіңдер», «бұл элиталы аудан болады» деп хабарландыру келген. Қуандық. Құрылыс жасадық. Енді кеп сүреміз дейді. Менің әлі төлейтін 150 мың доллар несием бар.

Ал, бір жыл бұрын ғана көшіп келген Дилнура Ақылбекте 3 бөлмелі пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Оған 5 жарым млн теңге жұмсадым дейді. Сондықтан, баспанасын арзан ақшаға бергісі жоқ.

Дилнура АҚЫЛБЕК, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

30 млн теңгеге бағалап отырмыз. Былай есептесек 15 млн теңгеден артық ақша кеткен. Талаптарымызға келіссе көшеміз, келіспесе көшпейміз.

Бұл баспаналар 63 жыл бұрын бой көтерген. Қала басшысының ескі ғимараттарды сүру туралы қаулысы ақпанның 14-і күні шығыпты. Атқамінерлер тұрғындардың пәтерлеріне қаражат төленетінін айтқан.

Жазира ОЛЖАБАЙҚЫЗЫ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Менің бір бөлмелі үйіме болмайтын ақша беріп жатыр. 2-3 млн теңгеге нені аламыз? Жатақхана да ала алмаймыз.

Атқамінерлер сүрілген үйлердің орнына қала тұрғындары мен қонақтары қыдыратын «Арбат» кешені салынатынын жеткізді. Оның сызбасын да әзірлеп қойыпты. Шенеуніктер ұсынысымызға келіспегендер сотқа жүгінсе болады деді.

Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бұл бұзылатын болса, біз оны қабылдаған, кезде сізбен де және сізбен де, мына бизнесі бар азаматшалармен бәрімен келісім жасаймыз біз. Бәріне бағалау жасалады. Сіз оған келіспесеңіз бізді сотқа бересіз.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:

Сүріледі деген бес үй 2 млрд теңгеге тұрғызылған «Көне тараз» кешенімен көршілес жатыр. Билік бұзылатын баспаналардың орнына салынатын «Арбаттың» айналасын туризм нысандары тұрғызылатын арнайы ауданға айналдырмақ. Ал, бұқара болса, бағасы әлі де өсетін элиталы аудандағы баспаналарын оңайлықпен бермейміз деп отыр.

Д. Әлімқұл