$498.34 €519.72 ₽4.85
×

БҚО-да электронды жер картасы әлі дайын емес

AstanaTV
11.03.2019ж. 20:00
5839
БҚО-да электронды жер картасы әлі дайын емес

Батыс Қазақстан облысында электронды карта әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен жүз қырық сегіз миллион бес жүз отыз мың теңге бөлініпті. Бірақ геопортал әлі дайын емес. Электронды карта арқылы шалғайдағы шаруалар егістіктің ахуалын бақыламақ. Және биылдан бастап субсидия осы электрондық картаға енгізілген жер көлеміне сай берілмек. «Ақылды технологияға ауысудың» артықшылығы жөнінде Заңғар Санай сабақтайды.  

Қостанай облысында 3500-ден астам шаруа астық алқабын электрондық картаға енгізген. Кәнігі диқан Владимир Дранчук цифрландырудың тиімділігі жоғары дейді. Ол 700 гектар жерін картаға түсіріпті. Енді алқаптың ахуалы мен аумақтың ауа райын спутник арқылы бақылайтын болады. 

Владимир ДРАНЧУК, «ҚОСТАНАЙ-АСТЫҚ» КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Спутник арқылы мәліметтер алып отырамын. Үйде отырып алқаптың көктегенін, арам шөптің көлемін көріп, ауа температурасы және өзге де ақпаратты алуға болады. Бұл, әрине, өте қолайлы.

Қостанайлық шаруалар егістік алқабымен қатар шабындық пен жайылымдарын қарқынды түрде цифрлық форматқа көшіріп жатыр. Өйткені, биылдан бастап субсидия осы электрондық картаға енгізілген жер көлеміне сай берілмек. 

Мұхтар МҰСАБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: 

2004 жылға дейін алынған мемлекеттік актілер бойынша сәйкес келмейтін мәліметтер болады. Бұл жаңа мемлекеттік акті алумен және мемлекеттік жер кадастрінің автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мәліметтерді қайта жаңартумен шешіліп отыр қазіргі таңда.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі бойынша Қостанай облысы бірінші орында. Астық алқабының 5 миллион 952 мыңнан астам гектары цифрлы форматқа көшірілген. Ақмола облысы 5 миллион 785 мың 540 гектарды, ал Солтүстік Қазақстан облысында 4 миллион 701 мыңнан астам жер алқабы картаға түсірілген. 

Қайрат СҰЛТАНБЕКОВ, «АҚПАРАТТЫҚ ЕСЕПТЕУ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ БАС МАМАНЫ: 

Еліміздің 38 мың фермері 44 миллион гектар жайылым жерін тіркеді. Бұл 62 процентті құрайды. 9 мың фермер 1 миллион 200 мың гектар шабындық жерін картаға енгізді. Бұл 53 пайыз. Қазіргі кезде көпжылдық көшеттерді цифрландыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Оның небәрі 10 пайызы еңсерілді.

Батыс Қазақстан облысында электронды карта әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен 148 530 000 теңге бөлініпті. Бірақ геопортал әлі дайын емес. Мамандар портал арқылы жер ресурстарының қаншалықты игерілгенін, заңсыз иеленген жер телімдері мен тіркелмеген құрылыстарды және көктемгі далалық жұмыстарын анықтауға болатынын айтады. Дегенмен, облыстық жер қатынастары басқармасының өкілдері ұлттық геопорталға қатысты кейбір талаптардың нақтыланбағанын жасырмайды. Осы түйткілдер шешілгесін, іске кіріскелі отыр. 

Жұматай АШЫҚПАЕВ, БҚО ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазіргі уақытта біздің тарапымыздан техникалық спецификация жасақталуда. Оны қазір біз келістіріп жатырмыз. Келістіргеннен кейін біз мердігерді анықтаймыз. Мердігер анықталғаннан кейін жұмыс басталып кетеді. Жалпы жұмысты біз жылдың аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз.

Ақпараттық есептеу орталығы келтірген ақпарға сай «Қолдау.кз» геоақпараттық порталын республика бойынша 144 мың шаруа қолданады. Жалпы ел аумағындағы 70 миллионға жуық жер алқабы электрондық картаға енгізіліпті. Мамандар маусым айына дейін «ақылды технологияға» ауысу жұмысы толық аяқталады деп отыр. 

З. Санай