$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Көкөніс бағасы арзандауы мүмкін бе?

AstanaTV
12.03.2019ж. 20:00
5172
Көкөніс бағасы арзандауы мүмкін бе?

Көкөніс бағасы арзандауы мүмкін бе? Ұлттық экономика министрі сауда орындарына тегіс прайс-лист іліп шығуды көздеп отыр. Мұнымен мәселе шешіліп кетсе игі. Көкөністі Тәшкенттен импорттайтын саудагерлер баға әзірге түспейді дейді. Сондықтан, жылыжайлар салып, ішкі сұранысты қамтымасақ, жай ғана «прайс-лист» қымбатшылықтан құтқармайтын сияқты. Көпбалалы отбасылар қызанақ пен қияр сатып ала алмайды деп Астана әкімі де бүгін алаңдаушылық білдірді. Дүкен сөрелеріндегі бағаларға біздің тілшілер де зер салып көрді. Әлішер Өмірзақ жалғастырады.   

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ: 

Иә, Оксана бағаны бағындыруға білек сыбанып кіріскен министр өткен жолы Үкімет отырысына базардағы көкөністердің суреттерін әкелген еді. Бүгін де тың ұсыныспен шықты. Енді Еуропа елдері секілді дүкендердің кіре берісіне қаладағы барлық сауда орындарындағы бағалар жазылған прайс-лист ілінеді. Тұтынушы тауар құнын салыстырып, қайда арзандау сол жерге барады. «Сөйтіп, бәсекелестік орнап, баға өзінен өзі арзандайды»,- дейді министр.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: 

Біз бұл тәжірибені жақын арада сайт арқылы енгіземіз. Одан кейін басылымдармен жұмыс істейміз. Сөйтіп дүкенге кірер тұста әр азамат таныса алатындай баға бюллетендері ілініп тұратын болады. Салыстырып қарап, баға ұнамаса, басқа сауда орнына бара аласыз.

Тың ұсынысты саудагерлер әрқилы қабылдап жатыр. Олар нарықта баға мен сапа қатынасы барын айтады. «Прайсты көрген жұрт арзанға асығып, сапасыз өнімге ұрынуы ықтимал»,- дейді.  

Бізге сапалы, высший тауарлар келеді. Бағасына қарай сапа жоғарырақ болады. Ал «Артем», «Шапағатта» өз сапасына қарай баға қойылады. Саудаға әсерін сәл-сәл тигізеді. Негізі арзан жерге адамдар көбінесе барады ғой.  

Сапаларына байланысты ғой тауардың. Бізге разницасы жоқ, главный сапалы тауар сатамыз.  

Дәленов бүгін Табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлескен әрекеті нәтиже бергенін айтты. Көкөніс 200-300 теңгеге түсті деп тоқмейілсіп отыр.  

Алайда Астана әкімі мұнымен келіспейді. «Азық-түліктің бағасы шарықтап тұр. Оны ешкім қадағалап жатқан жоқ»,- деп Сұлтанов дабыл қақты. Оның жанды жері аз қамтылған отбасылар. «Олар келісі 1000 теңгеден асатын қияр мен қызанақты сатып ала алмайды»,- дейді.

Бахыт СҰЛТАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІ: 

Біраз халықтың топтарының кірістері көбейіп жатыр. Бірақ, бұның барлығын біз мына бағаны реттемесек, бағаны бақыламасақ оның барлығы жоққа кетеді. Сондықтан, біз осы жергілікті органдарда қатаң бақылауымыз қажет.

Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылы қаңтар мен ақпан айы аралығында қияр мен қызанақ бағасы 100 теңгеге өскен. Ресми ақпаратқа сенсек, дүкен сөрелерінде қияр 750 теңге, қызанақ 720 теңге болуы тиіс. Алайда, базардағы саудагерлер де мұны жоққа шығарды.  

Есжан БАЙМАНБЕТОВ, САУДАГЕР: 

Қазіргі бағасы 1000 теңге. Ташкенттен және Алматыдан келетін помидор. Әрине, ең қымбаттары да бар. Ең жоғарғылары 1500 теңге. Өзбекстан республикасынан келеді, теплицада өндірілетін болғандықтан қымбат болады. Бірақ, алып жатыр.

Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ: 

Ал бұл уақытта Оралда көкөністің кейбір түрлері екі есеге қымбаттады. Бұған дейін орамжапырақтың келісі 100 теңгеден сатылса, қазіргі бағасы - 250 теңге. Сәбіз бен пияз да 50-60 теңгеге қымбаттаған. Неліктен, бұлай болды? Әріптесім Еркін Карин жалғастырады.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Рахмет, Әлішер! Оралға бақша өнімдері басқа облыстардан әкелінеді. Сондықтан, олардың бағасы жыл мезгіліне қарай жиі өзгеріп тұрады. Мысалы, өңірдегі жылыжайлардан былтыр 800 тоннадай өнім алынса, жетіспейтін көкөністер Оңтүстік облыстар мен Ресейдің көршілес аймақтарынан жеткізіледі.

Айгүл ТАКИЕВА, САТУШЫ: 

Пияз бізде Бішкек, оңтүстік облыстардан келеді. Ал капуста мен сәбіз, қызылшаның көбісі - местный. Соның өзінде қымбат. Өйткені, отходтар көп. Былтыр урожай шамалы болған. Сосын қыстан қалған отходтар болады ғой. Дұрыс шықпайды ғой. Сол үшін қымбаттайды. Сосын сұраныс бар. Халық не істейді? Сөйлейді, кімге ұнайды оның қымбаттағаны?

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің дерегінше, бүгінде әлеуметтік маңызға ие азық-түлік саналатын 19 өнімнің жеті түрі қымбаттаған. Бағаны ұстап тұруы тиіс осы өнімдердің арасында картоп пен орамжапырақ, сәбіз бен пияз ғана бар екен. Бірақ, бұл тізімде қызанақ пен қияр секілді көкөністер жоқ. Олардың бағасын ешкім реттемейді. Дегенмен, әкімдік өкілдері жағдайды бақылауда ұстап отырмыз деп сендірді. 

Исатай ЖАЗЫҚБАЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Былтыр қолайсыз жыл болып, орамжапырақ дұрыс шықпады. Оңтүстік аймақтардан көкөністер жеткізіліп жатқан жоқ. Қолда бар қор түгесіле келді. Бағаның өсуіне мұның да әсері зор. Күн сайын мониторинг жасаймыз.

Бұған дейін орамжапырақ 100 теңгеден сатылса, қазіргі бағасы - 250 теңге, сәбіз бен пияз бағасы да еселеп өскен. Қияр мен помидордың килограмы - 900 теңге. 

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Өңірдегі көкөніс бағасының қымбаттауы табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің назарынан тыс қалмапты. Қазір департамент қымбатшылыққа не себеп болғанын тексеруге кіріскен.

Ә. Өмірзақ