Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Маңғыстау облыстық білім басқармасы кәсіпкерлерге 450 млн. теңге қарыз

AstanaTV
14.03.2019ж. 20:00
4089
Маңғыстау облыстық білім басқармасы кәсіпкерлерге 450 млн. теңге қарыз

Ақтаулық кәсіпкерлер бірнеше айдан бері облыстық білім басқармасынан 450 млн. теңге қаражатты ала алмай жүр. Бизнесмендер бұл соманы балабақша құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсаған. Мемлекеттік жеке меншік әріптестік бойынша шарт жасасқан кәсіпкерлер ақшаларын былтырдан бері даулап жүр. Білім басқармасы берешекті қашан қайтарады? Нұрсұлтан Біләл жалғастырады.  

Байбақты Есенғали мемлекеттік жобаға қатысып, шығынға ұшыраймын деп ойламаған. Сондықтан, мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында 140 орындық балабақша тұрғызады. Құрылысқа жұмсаған 540 млн. теңгенің жартысын несиеге алыпты. Білім басқармасы алдымен жұмсалған қаржының 280 млн-ын, ал қалғанын 3 жылдың ішінде төлеуі тиіс болатын. Алайда, 5 жылдан бері кәсіпкер көк тиын алмадым дейді.  

Байбақты ЕСЕНҒАЛИ, «ХАЗАРМҰНАЙГАЗҚҰРЫЛЫС» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Олар 270 млн. теңге төлеуі тиіс. 100 күн өтіп кеткендіктен үстіне тағы 10 пайыз қосылады. Яғни, заң бойынша тағы 27 млн теңгені қосып беруі керек. Олар болса бюджеттен ақша бөлінбей қалды деп сылтауратады. Сонда мемлекет өз міндеттерін орындай алмай отыр деген сөз.

Ақтолқын Әбілованың компаниясы да былтыр 300 млн теңгеге балабақша жөндеп шыққан. Жартылай инвестор тартқанмен, жартысын өзі құйған. Келісімшарт бойынша тапсырыс беруші 5 жылда қаржажатты қайтаруы тиіс. Алайда, былтыр берілуі тиіс 60 млн. теңгенің 25 млн-ы қолына әрең тиген. Осылайша білім басқармасы 4 бірдей нысан бойынша бизнесмендерге қарыз болып қалған.   

Ақтолкын ӘБІЛОВА, «НАСИХАТ ҚҰРЫЛЫС» ЖШС ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ: 

Мен бизнесмендерге мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобаларына қатыспауға шақырамын. Бұл шикі жоба. Маңғыстау облысына ақша бөліне тұра, бізді алдап отыр. Неге ақшамызды бермей отырғанын түсінбейміз.

Шенуніктер бюджеттен ақша бөлінбей қойды деп шыр-пыр. Тіпті, ақша бүгіннен қалмай аударылады деп сендірді. 

Нұрлыбек ҚОЙЖАНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Жалпы жеке меншік мемлекеттік әріптестік жобалары аясында бізде 2018 жылы біздің өзіміздің міндетімізге алған қаржылар бойынша бізде бюджетте ақшаның болмауына байланысты төленбей қалған. Ол ақшаны біздер ақпан айында өткен облыстық бюджеттің кезекті нақтылануын да қарастырдық. В принципе, мәселе шешілді. Әрі қарай оны біз 2018-дегі қарызымызды біз сол компанияларға толықтай төлеп береміз.

Білім басқармасы бұдан былай проблема тумайды деп отыр. Мекеменің шоты ашық. Биылғы жылға бюджет бекітілген. «Сондықтан, қызметкерлер жалақысы да уақытылы беріледі»,- дейді шенеуніктер.  

Н. Біләл