АҚШ
президенті Дональд Трамп, Нью-Йорктегі лаңкестік әрекетті жасаған адам өлім
жазасына лайықты, деген пікірде. Ақ үй басшысы бұл туралы өзінің Twitter-дегі
парақшасында жариялады.
Ал Нью-Йорк оңтүстік округі прокурорының міндетін
атқарушы Джун Ким, Сайфулла Сайыпов өмір бойына темір торға тоғытылуы мүмкін, деді. Рейтерстің хабарлауынша, «террористерді материалдық тұрғыда қамтамасыз
еткен» адамға осындай жаза қарастырылған. Жауап алу кезінде Сайыповтан пейнтбол
және травматикалық тапаншадан басқа екі пышақ табылды. Бұл суық қаруларды
қолданып үлгермеген сыңайлы.
Еске салсақ, қазанның 31-і күні Сайыпов тізгіндеген жүк көлігі Манхэттенде 8
жаяу жүргіншіні басып өтіп, оқушылар
мінген автобусқа соғылады. Көп ұзамай жүргізуші полицейлердің қолына
түсті.
Джун Ким, Нью-Йорк оңтүстік округі прокурорының м.а.:
Шабуылдан соң 24 сағат қана өтті. Тергеу жалғасуда. Оған қандай пункттер бойынша айып тағылатынын қарастырып жатырмыз. Берілетін жаза туралы нақты айту ерте. Ол, бәлкім, өлім жазасы, немесе өмір бойына түрмеге қамау жазасы болуы да мүмкін.
Терактден
соң белгілі болғандай, Өзбекстан азаматтарының АҚШ аумағына кіруіне тиым
салынады. Яғни бұл мемлекет Құрама Штаттардың "қара тізіміне" іліккен
9-шы ел болмақ. Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі Сара Сандерс мәлімдеді. Қазір
тізімде 8 мемлекет бар. Олар - Сирия, Йемен, Ливия, Сомали, Иран, Чад, КХДР мен
Венесуэла.