Негізгі / Жаңалықтар / Ауылға ақша саламын деп келген азамат тұрғындарды тақырға отырғызып кетті

Ауылға ақша саламын деп келген азамат тұрғындарды тақырға отырғызып кетті

"Ауылға ақша саламын" деген азамат елді тақырға отырғызды. Жамбыл облысындағы Ақарал ауылының халқы осылай деп шу шығарды. Олардың сөзінше, өндірістік кооперативке 4 жыл бұрын сайланған төраға халықтың мүлкін кепілдікке қойып, несие алады. Бұл қаржы ауылды көркейтуге жұмсалады деп шаруаларға уәдені үйіп-төккен. Соңында несиені де, мүлікті де қайтармады, - дейді тұрғындар. 

«Алаяққа алдандық!» деген ауыл халқы меншігіндегі мүліктерін қайтара алмай шаршаған. 2013 жылы 200 га жерге алма мен жүзім егемін деген «Ақарал» шаруашылығының төрағасы банктен 69 млн теңге несие алады. Ал шаруалардың атындағы жер мен нысандарды кепілге қойған.

Азат Шарипов, Меркі ауданының тұрғыны:

188 мың түп жүзім элитный сорт, 55 мың түп алма элитный сорт 54 млн теңгеге алып келе жатырмын деді. Бірде бір көшет алып келген жоқ.

Асқар Омаров,  Меркі ауданының тұрығыны:

Айналдырған 2-3 гектар жеріміз бар әрқайсымыздың, содан айырылайын деп отырмыз. Кірпіш зауытты, мына конторды, гаражды барлығын кепілдікке қойып «Агрофинансқа», несие алып, енді алаяқты таппай да қаламыз, аумин болады. 

Енді 123 адамның атындағы 450 гектар жерді банк алып қоймақшы. Кепілге қойылған нысандардың ішінде кооперативтің кірпіш зауыты мен әкімшілік ғимараты да бар. Тұрғындардың сөзінше, қаржыға қарық қыламын деген инвестор өзге аудандардың да тұрғындары алдап кеткен. 

Алмаз Таласбаев, Рысқұлов ауданы "Досқайнар" ШҚ заңгері:

2016 жылы бізге келіп, қарызға ақша алып кетеді. 35 мың доллар, шамаммен 10 млн теңгеҚазір енді біз ақшаны қайтар деп айтсақ, ол кісі бізге ДВД-ға арыз жазған. Өйткені біз одан ақша алып жатыр екенбіз. Келісімшартқа қорқытып қол қойдырып алды деп.

Ал төрағаның өзі ешкімді алдамағанын айтады. Оның сөзінше, ауыл тұрғыны Азамат Шарипов кооперативтің екінші құрылтайшысы екен. Барлығын осы азамат ұйымдастырған дейдіАл 54 млн теңгеге шынында да алма көшеттерін алған көрінеді

Бақыт Адамсапиев, «Ақарал» өндірістік кооперативі төрағасы:

«ҚазАгроқаржыдан» алынған ақша мақсатты жұмсалды. Оны дәлелдейтін құжаттарым бар. Қылмыстық іс қозғалып, аудиттік тексеру өтті. Мұның барлығы іс барысында су бетіне шықты. Ақшаны ұрлаған мен емес. Керісінше, Шарипов пен оның қарындасы қолды қылған қаржыны өз қалтамнан толтырып, ұжым үшін жұмсадым.

Ауыл азаматтары 69 млн теңгені 109 млн етіп қайтаруға міндеттелген. Ал әрбір жарты жыл сайын төленуі тиіс қаржының әлі күнге банкке бір тиыны да түспеген. Тараптар осылайша дауласудан көз ашпаса, мемлекет қаржысын кім қайтаратыны белгісіз боп қала бермек.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ