$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қармен бірге асфальт та еріп жатыр. Оралдағы қалың қар

AstanaTV
16.03.2019ж. 20:00
4351
Қармен бірге асфальт та еріп жатыр. Оралдағы қалың қар

«Қар еріп жатыр, қармен бірге асфальт та еріп жатыр. Көше көлкіген су. Кей жері шұңқырға толы. Құпиясын қойнына бүккен люктің қақпағы тағы бар. «Бісмілләні» боратып келе жатасың. Миналанған алқапты тазалаған саперлер де сөйте ме екен? Соның өзінде бір шұңқыр күтіп тұрады ғой, шіркін. Сол шұңқырдың бірінде стабилизатор қақ ортасынан үзілді. Былтыр күзде ауыстырғам... Содан сыпайылық танытып, қапталдан қыстырылған көліктің бәріне жол беруге көштік. "Алақанда алақан" деп келетін ән жолдарындағыдай дөңгелекке дөңгелек салатын болдық. Алға оздырған көлік дөңгелегінің ізінен ауытқымауға тырысасың. Өңмеңдеген джип алға түссе, тіптен жақсы. Шұңқырға шолп етіп түскенде, су шашырап, шалшықтың түбі түгел көрінеді. Айналып өтуге мүмкіндік бар. Бірақ олар да ақымақ емес, кейбірі өзіңді күтеді...» Бұл меншікті тілшіміз Еркін Кариннің жазбасы. Оралда күн жылынғалы бері еріген қардың салмағын көтере алмаған 28 үйдің шатыры опырылып, төбесі ортасына түсті. Шенеуніктер отыз жыл болмаған қарлы қыс болды деген уәж айтады. Отыз жылдың қары түссе де міндеттерін атқаруы міндет емес пе?! Тіпті ондай қыс болмаған кезде де су басып қалатынын оралдықтар түгілі біз білеміз.   

- Здесь пройма реки, низина, как получили они разрешение – не знаю. Но есть угроза подтопления: 4 дома с этой стороны, и 4 дома с этой стороны. 

«Астыңнан су шықты ма?» деген сөздің салмағын ойпаттағы мына сегіз үйдің тұрғындары жақсы біледі. Көктемде қар ерігенде олар паналау бекетіне орналастырылады. Судың беті қайтқасын, кері көшеді. Әкімдік тегін берген жер сайдың ішінде тұрса да, тұрғындар үй салып алғанына шүкірлік қылудан шаршаған емес. Саяжайдағы үйінде осымен екінші жыл қыстап шыққан Талап та солардың бірі. 

Талап ҒАЗЕЗЖАНОВ, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Аласа жерден берген, не істейміз енді? Қол жеткен жер осы. Басқа қолдан келетін шара жоқ. Қайда барамыз енді? Жерді осы жақтан берді. Не істейін енді? Дайын тұр бәрі, қамданып тұрмыз ғой. Бәрі әзір. Құдай сақтасын енді...

Жасұлан ЖҰМАШЕВ, БҚО ТЖД БАСТЫҒЫ: 

Жерді бергенде бере берген ғой. Қарамай берген бе, қайдан білейін? Мына жер бақша ғой былай. Бақ бар, бақша бар. Ол елді мекенге жатпайды ғой. Бір жағынан әлеуметтік жағын да қарау керек. Кезінде берілген зат, заң дейтін артқа жүрмейді ғой. Бұлар біздің бауырымыз, туысымыз, бір жерде тұрып жатқан азаматтарымыз ғой.

Тұрғындардың сөзінше, шаһар маңында жаңа елді мекендер көбейгелі, су туралы суық сөз жиіледі. Өйткені көп көше судың жолында тұр. Бұрынғы бағытымен бойлаған ағын су жолындағы көшелерге жайылып, үйлерге кіреді. Ар жағы белгілі, автобустар батпаққа батып, қатынас қиындайды, баласы сабаққа бара алмаған тұрғындардан маза қашады, судың бетін қайтару үшін тіпті бір жылдары асфальтталған жолдың өзін бұзуға тура келген. Қарға қарсы күрестің жыл сайын күшеюінің бір себебі осы. Жыл сайын бұл іске миллиондаған қаржы бөлінеді. Апаттың алдын-алудан гөрі, оның зардабымен күрес күшейгенін айтудан, көрсетуден біз де шаршамадық. Ал су азайып, жер кепкесін, бәрі тынышталады. Ал көктем шыға осының бәрі қайта басталады. Судың жыры сериалға бергісіз. 

Ал бұл науқанның бар салмағы саяжай тұрғындарына, жауапты құтқару қызметі мен коммуналдық кәсіпорындарға, һәм тұрғындардың жүйкесіне түседі. 

Миржан НҰРТАЗИЕВ, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қалада қар суы ағатын арықтардың ұзындығы 92 шақырым. Қазір олар түгел тазартылды. Басқа кәсіпорындардың су соратын арнайы техникаларын да жұмылдырдық. Көшені жайылған судан күндіз-түні тазартып жатыр.

Қазір қаланың қары төгілетін 7 полигонның бесеуі ақ ұлпаға лық толы. Қалған екеуінің де аузы-мұрнынан шығар күні жақын. Дегенмен көшесі қардан тазаланбаған көп тұрғынның жауапты мекемелерге өкпесі қара қазандай. Ал шенеуніктер биылғыдай қарлы қыстың соңғы 30 жылдан бері болмағанын айтып құтылады. Амалы таусылған азаматтар бар ашуын әлеуметтік желіге төгеді, басқа амалы жоқ. Суыт қоңырауларды қабылдау үшін құрылған жедел байланыс қызметінен де қайран болмай тұр.

- Саламатсыз ба? 109 қызметі, оператор – Жанна!

- Саламатсыз ба?

- Иә, тыңдап тұрмын?

- Сіздерге көшенің қарын тазалау туралы хабарласқам. 4 күннен бері үйімізге жете алмай жатырмыз. Сізге күнде айтсақ та, нәтиже жоқ.

- Түсініп тұрмын сізді. Сіздің өтінішіңізді қабылдаймыз. «Жайық - таза қала» ДЭП-ке жібереміз. Бірақ бізге олар қай уақытта тазалайтынын айтпайды.

- Сізге осымен тоғызыншы рет хабарласып отырмын.

- Тоғызыншы рет? Онда "тоғызыншы рет" деп жазып қоямын.

- Қашанға дейін хабарласуға болады? Он рет, елу рет...

- Жиналмағанша хабарласа беріңіз.

- Оған дейін жаз шығып кетеді ғой, қарындас.

- Енді мен де сізді түсініп тұрмын. Сіздің өтінішіңізді хабарлап жіберемін.

- Рақмет!

- Вот такие ямы в Уральске на дорогах. А вот люди стоят: вот, раз машина, три, четыре, пять, шесть машин и у всех повыдергивали задние колеса. Все меняют.

Проблеманың екінші жағы бар. Көлкіген судан көрінбейтін ой-шұқырға көлігін соғып, шығынға батқандар ерінбесе, жауапты мекемелерді сотқа бере алады. Табандылық танытса, материалдық һәм моральдық шығын талап етуге құқылы. Егер осындай жүргізушілер көбейсе, қыруар ақша жұмсалған асфальт көктемде қармен бірге еріп кетпей, бәлкім сапасы да жақсарар...

Лұқпан АХМЕДЬЯРОВ, ЖУРНАЛИСТ:

Сондай жағдайда полицияны шақыртып, кәдімгідей жол апаты ретінде бүкіл құжаттарын толтыруы керек. Азаматтардың көбі өздері шығын шексе де, позициялары сондай: «ой, неғыламыз, біреуге арыз жазып, құрысын, тәуба, шүкір», - деп отыра береді. Бірақ менің ойым: сол кезде полицияға ма, прокуратураға ма, әкімдікке ме, міндетті түрде арыз жазуы керек. Өйткені біз бәріміз үндемей қалсақ, онда біз әр жыл сайын мынадай жағдайға кездесе береміз.

Қазір Оралда су басу қаупіне байланысты төтенше жағдай жарияланған. Дегенмен күн күрт жылынып, қатер күшеймесе, қарды шығару, судан тазарту жұмыстары бұрынғыша жүргізіле береді. Ресейлік төтенше жағдайлар қызметінің дерегінше, Жайық өзенінің деңгейі төмен. Демек оралдықтарды жылдағыдай қар ғана қинап тұр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Биыл жауған қардың салмағын көтере алмаған 28 үйдің төбесі опырылыпты. Шатыры қираған көпқабатты үйлер мемлекеттік бағдарлама бойынша жөнделеді. Ал жер үйлердің иелерінде мұндай мүмкіндік жоқ. Ауласындағы қарын күреуге шамасы жетпегендер өз баспанасына өздері жауапты. Өйткені әкімдік: «тұрғындар ауладағы қарды көшеге шығарса, әрі қарай өзіміз тасып әкетеміз»,- деп бірден ашып айтқан. Ал нешінші қоңыраудан кейін келетіндерін нақты айтпайды. Осылайша Жанна сияқты жанашыр операторлардың бар көмегі түсіністік танытумен ғана шектеледі. Оларды мазалайтындардың көптігін, адам жүйкесі темірден жасалмағанын ойлап, жиі хабарласуға өзің де ұяласың, ақыры қолға күрек аласың. Әлгі "... жаман аттан аяғым артық" деген мәтелдің қайта-қайта еске түсе беретіні болмаса...

Еркін Карин, Наурыз Халит, Ақерке Бектас «Біздің Уақыт»