Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қоқыс мәселесі алдымен санадағы "қоқысқа" байланысты

AstanaTV
16.03.2019ж. 20:00
10165
Қоқыс мәселесі алдымен санадағы "қоқысқа" байланысты

Қаңтардың 1-нен бастап қоқыс полигондарында пластмасса, макулатура - картон, қағаз қалдықтары, сондай-ақ шыны төгуге тыйым салынған. Қоқыс сортталуы керек... Елімізде жылына 5-6 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болады. Былтыр 8 айда 3,2 млн тонна тұрмыстық қалдық жиналып, оның 10 проценті ғана жойылған және қайта өңделген. Ал Энергетика министрлігі 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40 процентке жеткізуді болжайды... Осы кәсіппен айналысатындардың айтуынша, қоқысты сорттайтын кәсіпорындар ашып, қоқыс өртейтін зауыттар салуға итермелеу үшін салынған тыйымнан түк шықпай отыр. Еліміздегі кез-келген полигонға заңды бұзғаны үшін айыппұл салуға болады. Бірақ одан не өзгереді? Заң әрине, керек. Бірақ оның орындалуы үшін алдын-ала дайындық жасалды ма? Заң күшіне енгеннен кейін де қандай кедергі бары көрінді ғой, алгоритмды қалай өзгерту қажет? Ылғи айта берген де біртүрлі, дегенмен мидағы қоқыстардан арылмай, болмайды-ау... Әлішер Өмірзақ жалғастырады.  

Қазақстанда 3500-ден астам қоқыс полигондары бар. Ал оның тек 620-сы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай. Сай болғанымен маңына жолап кетсеңіз иісі қолқаны қабады.Онымен күресу мүмкін емес, алдын алуға ғана болады,- дейді Бас қалада орналасқан жалпы аумағы 30 гектарды құрайтын жалғыз қоқыс полигонының инженер-экологы. 

Қаламқас КҮЛІМБАЕВА, ИНЖЕНЕР-ЭКОЛОГ:

Бұл полигон екі бөліктен тұрады. Біреуіне 2 млн 800 мың тонна қоқыс сыяды. 2006 жылдан қолданып келген алғашқысы толды. Жарты жыл болды, екіншісіне көштік. Мұнда иістің болуы заңдылық. Ол органикалық қалдықтардан. Халық тамақты тағы басқа өнімдерді түрлі пластик, қағаз секілді қалдықтармен қосып тастағанынан шығады. Пластик, темірде қандай иіс болсын. Мына толғанын екі жыл ішінде топырақпен көміп, үстіне ағаш егетін боламыз. Ал мына жаңасы енді 12 жылда емес одан ұзақ уақытта толады деп сенеміз. Себебі заң бойынша енді қоқыс шығарушылар бірден полигонға емес, алдымен қоқыс сұрыптайтын зауытқа барады. Олар қоқысты сұрыптаулары керек.

Енді жалпы қоқыстың қанша пайызы полигонға, қаншауы сұрыпталып жартылай фабрикат күйінде өңдеуші фабрикаларға жөнелтіледі десек... 10 пайызы ғана екен. Себебі тұрғындар қоқысты сортамайды. Астанадағы жағдай осы. Өзге қалаларды айтудың өзі қорқынышты. Ал үкімет «қоқыс» мәселесін шешу үшін заңды күшейтіп жатыр. Тұрғындарға, өндірушілерге, қоқыс тасымалдаушы компанияларға да. Бірақ өзгеріс байқалмайды.  

Алмұханов АБЫЛАЙ, ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ САРАПШЫСЫ: 

Негізгі национал индикаторларымыз бар. Ол 2030 жылға қарай 40 пайыз қалдықтарды қайта өңдеу. 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін қалдықтарды қайта өңдеу. Біздің саясатымыз өнім алу арқылы қайта өңдеу секторын дамытуға бағытталған. Ол үшін кезең-кезеңімен сұрыптауды, қайта өңдеуді кәдеге жарату болып табылады. 2021 жылдан бастап тамақ қалдықтарына тыйым салу енгізілетін болады.

Рас, бізде бұл сала енді дамып келеді. Еуропадағыдай өңдейтін зауыттар салуға да уақыт қажет. Оны кім соғады дегенге, министрлік жеке бизнесмендерге жағдай жасап, соларды тартамыз дейді. Ал сондай бизнесменнің бірі солай ете қоюы екіталай екенін айтады. Пайдасы аз салаға екінің бірі келе қоймайды дейді.  

Жасұлан САЙҚАТОВ, «KAZRECYCLESERVICE» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ: 

2012 жылы орнатылған тариф бойынша олар тоннасына 2000 теңге төлейді. Арада 7 жыл өтті. Электр энергиясы қымбаттады, бензин қымбаттады. Біздің жұмыста бұларды үнемдеу мүмкін емес. Көп қолданамыз. Ал тариф бағасы өспеді. Сол қалпы. Ал мұндай зуыттың құрылысына шамамен 2-3 млрд теңге кетеді. Көп құрылғылар шетелдікі. Арзан емес. Сондықтан бизнесті енді бастаған адамдар үшін бұл сфера қолайсыз.

Қоқыс сұрыптаушы компаниялар пластмассаны полигонға тастап, заң бұзбайын десе... амал жоқ. Себебі сол баяғы әңгіме - халық қоқыс тастағанда оны бөліп салмайды. Әйтпесе қала әкімдігі қоқысты бөліп тастауға түрлі қоқыс контейнерлерін қойып бастаған.     

- Қолымда коляска баламен. Мусорға лақтырғанда неудобно...  

- Пятилитровыйды бөлек саламыз. Ал баклажканы сала саламыз...

- Бір пакетке саламыз. (бөлмейсіздер?) Жоқ. (-неге?) Без разницы ғой.

- Егер жәшіктер тұрса, біз орын-орнымен тастауға тырысамыз.

Ал дамыған мемлекеттердің халқы бұл мәселеге тиянақты қарайды. Сондықтан зауыттары қоқыстың 90 пайызын өңдеп, қайта жарамды дүние жасап шығарып отыр. Оларда «қоқыс» бизнес көзіне айналған. Біз Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп жүрген Бекасыл Құсайновтан Сеул тұрғындарының қоқысты қалай сорттап тастайтынын видеоға түсіріп жіберуін сұрағанбыз. Мынау Бекасылдың бейнежазбасы: 

- Жалпы Кореяда мусорды сұрыптап шығару қалыптасып кеткен. Осындай мусордың жәшіктері болады. Мынау пластик, қағаз, мұнда консервадан шыққан заттар, мұнда бутылкалар. Бөліп салмаған жағдайда, штраф жүреді. Камера арқылы бақыланып тексеріліп отырады.

- Ал егерде бағанағыдай мусорды сорттап отыруға уақытыңыз болмаса. Мынадай цветте пакеттер бар. Осы пакетке саласыздар. Әр районның өз цветі болады. Осы пакет сәл қымбаттау тұрады. 600 теңге. Соның арқасында мусорды сұрыптамайсың. Соның арқасында компенсациясы шығады. 

Ал бізде қоқыс салатын контейнерге пластигін бір бөлек, шынысын бір бөлек салмақ түгілі қоқыс толы пакетті кез-келген жерге лақтыра салуға шеберміз. Оны мысалы, менің ата-анамның жасындағы орта жасқа келген адамдар мардымсыз жалақыға қайта тереді. Қызметкерлерінің айлығы аз. Себебі қоқыс тасымалдаушы компаниялардың да жағдайы мәз емес. Табысынан шығыны көп.  

Ахметов ДУСЛАН, «СLEAN CITY» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ: 

Біз өз жұмысымызды заңның шеңберінен шықпай атқаруға тырысамыз. Қоқыс сұрыптайтын зауытқа біз тоннасына бекітілген 2247 мың теңге төлейміз. Күніне 500 тоннадай қоқыс шығаратынымызды ескерсек, бұл ақша да оңай емес. Айлық табыстың 15 пайыздайы ғана пайда ретінде, қалғаны салық және қызметкерлердің айлығына кетеді. Біздегі конкуренция да қиын. Әділ болса мейлі. Бұл сала лицензияланбайтын қызмет түрі болғандықтан заңсыз жұмыс жасап жатқан қоқыс шығарушы компаниялар да бар.

Министрлік жоспарына қарасақ, жарқын болашақта органикалық қалдықтарды сұрыптайтын зауыт салынып, полигондардың сасық иісі жоғалады. Бірақ алдында Ақтөбеде, одан соң Семейде болған қоқысқа байланысты коллапстар мүңкіген иістің кез-келген сәтте бұрық ете қалуы мүмкін екенін көрсетті. Ең сорақысы - байтақ дала күл-қоқысқа толтыру үшін берілмегенін білеміз. Бірақ сескенбейміз, селт етпейміз. Полигондардың түтіні жететін жерлерде жүзі шаршаңқы, "айтпаған жеріміз қалмады" дейтін адамдар тұрады.  

Әлішер Өмірзақ «Біздің уақыт»