Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астана процесінің 8-ші кезеңі желтоқсан айында өтеді

AstanaTV
01.11.2017ж. 20:00
2315
Астана процесінің 8-ші кезеңі желтоқсан айында өтеді

Сочиде өткен Сирияға қатысты диалогтар конгресі мен терроризмге қарсы күрес барысында жеткен жетістіктер. Астана процесінің 7-ші кезеңінде осы бағыттар әңгімеге арқау болды. Ал, Ресей делегациясының жетекшісі Александр Лаврентьевтің сөзінше, Конгресте Сирияның конституциялық реформалары мен сайлау мәселесі талқыланады. Ресей СІМ сайтында жарияланған ақпаратқа сай, 33 ұйымның өкілдері шақырылып та қойған. Алайда Сирия оппозициясы Сочиге табан тіреуге асығар емес.

Бұл Дамаск маңындағы Шығыс Гута аймағы. Күні кеше мектеп маңындағы жарылыстан 10 шақты адам қаза тапты. Көбісі оқушылар. Оқиға орнына жеткен тұрғындар жасқа тұншыққан балаларды қауіпсіз жерге тасумен әлек. Көбі госпитальға түскен. Осы оқиға болған мезетте Сириядан мыңдаған шақырым қашықтықтағы Астанада кепіл мемлекеттер соғысты қалай тоқтатамыз деген мәселені талқылап жатқан еді. Тараптар мәмілеге келу тұрғысында біршама жетістіктерге қол жеткізілгенін айтады.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Кепіл елдер терроризммен күресіп, ДАИШ әскерін жоюда алға басушылық бар екенін айтып отыр. Әл-Кайда, ДАИШпен байланысы бар Джебхат ан-Нусра және өзге де ұйымға мүше адамдар дэскалация аймақтарында жұмыс жүргізе бастады. Оларға қарсы күресті жалғастыру үшін дэскалация аймақтарының ішінде де, сыртында күрес жалғасып жатыр.

Қазір 4 бірдей деэскалация аймағы бар. Ол шығыс Гута, Хомса аймақтары, Дераа провинциясы мен Сирияның оңтүстік батысы. Бұл аумақтарда соғыс мүлде тоқтап тұр деп айтуға келмес, дегенмен жағдай әлдеқайда тұрақтанған. Соның арқасында гуманитарлық көмек жеткізудің орайы келе бастады.

Астана келіссөздері барысында тараптардың бір мәмілеге келе алмауы түсінікті жәйт. Мысалы, ресми Дамаск Идлиб аймағына Түркияның әскери техника енгізуін қаламайды. Анкара болса  "Астанада келісімін орындап отырмыз"  дейді. Сирия тарапы Түркияны "Джебхат ан-Нусра" терроршыларымен біріккен деп айыптап отыр.

Башар Джафаари, Сирияның  БҰҰ аясындағы тұрақты өкілі:

Түркияның Идлиб аймағына енуін біз басып алушылық деп есептейміз. Ол өз міндеттемелерін сақтауы тиіс. Олар нақты бір аймақта болса, өзге екі кепіл мемлекет те солай жасайды. Түркияның жеңіл әскери техника емес, бронды техникалар енгізгеніне таңқалғанымыз рас. Мұны алтыншы кезеңдегі келісімнің орындалмауы деп білеміз.

7-ші кезең оппозиция өкілдері мен АҚШ тарапын бір үстел басына отырғызуымен есте қалатын сыңайлы. Ал «Валдай» форумында Владимир Путин айтқан Сириядағы ұлттық татуласу конгресіне келсек, қазірдің өзінде 33 ұйымның шақырту алғаны мәлім болды. Басты мәселе Сирияда кезектен тыс парламент және президент сайлауын өткізу болмақ.

Александр Лаврентьев, РФ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі:

Біз конституциялық реформаны бастау дұрыс деп есептейміз. Яғни жаңа конституция жасақтап, парламент және президент сайлауын өткізу керек. Бұл мәселені Мистуро мырзамен талқылағанбыз. Ол да қолдап отыр.

Яхия әл Ариди, Сирия оппозициясының өкілі:

Сирияда ұлттық конгресс өткізу идеясы тап бір жағдай тұрақтанғандай, тіпті ештеңе болмағандай әсер қалдырады. Бірақ бұл халықаралық құқықтың, Женева келісімдерінің тапталуы деп білемін. 

Дегенмен, сарапшылар ұлттық татуласу конгресінің өтуіне мүмкіндік бар деп отыр. Шақырылған 33 ұйымның арасында жұртқа беймәлім болып келген этникалық топтар да кездеседі. Олар Астанада да, «Женева» келісімінде де көрсетілмеген.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ