Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Шымкентте оқушылары жаппай уланған мектепте сабақ тоқтатылды

AstanaTV
19.03.2019ж. 20:00
5802
Шымкентте оқушылары жаппай уланған мектепте сабақ тоқтатылды

Шымкентте оқушылары жаппай уланған мектепте бүгін сабақ уақытша тоқтатылды. Өйткені белгісіз иістен зардап шеккен шәкірттердің саны қырықтан асты. Олардан бөлек тағы төрт ересек адам медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Бас санитар дәрігер олар табиғи газдан уланған деген болжам айтты. Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.  

Ынтымақ шағын ауданындағы № 54 мектептің оқушылары бүгін сабаққа бармады. Мектепте тек мұғалімдер мен тазалыққа жауаптылар ғана жүр. Олар сынып бөлмелерін желдетіп, жағымсыз иіс жайлаған бөлмелерді жуып-шайып жатыр. Директор бүгінгі сабақ білім басқармасының бұйрығы негізінде тоқтатылғанын жеткізді.  

Ұлған МАМЕШОВА, № 54 ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Балалар сабаққа келіп жатқан жоқ. Бірақ, ұжым жұмыс істеп жатыр. Мұғалімдер жұмыс істеп жатырмыз. Балалардың кеше эвакуация жасаған кезде қалып кеткен киімдері, сумкаларын мүмкіндігінше ата-аналарға қайтарып жатырмыз. Ертең сабақ.

Мектеп басшысының айтуынша, алдымен сыртта дене шынықтыру сабағында жүрген оқушылар өздерін жайсыз сезіне бастапты. Мұнан соң үшінші қабатты өткір иіс жайлаған. Өйткені күн жылы болғандықтан терезелер ашық тұрған. Шұғыл оқушыларды сыртқа шығарыпты. Бұл уақытта екінші ауысымдағы мұғалімдерді есепке алмағанда 880 бала сабақта болған.  

Ұлған МАМЕШОВА, № 54 ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Біз далаға балаларды шығарғанмен бізге далада көмек болмады. Өйткені далада екен иіс. Жүректі айнытты, бас айналды, құсқымыз келді. Біресе газ дедік, біресе басқа иіс па деп ойладық.

Өткір иістен ұзын саны 45 адам медициналық көмекке жүгінді. Соның 41-і оқушы. Барлығы алғашқы көмектен соң үйлеріне жіберілген.  

Мадина ЕРМАХАНБЕТОВА, Т.ОРЫНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ГИПЕРБАРИЯЛЫҚ ОКСИГЕНАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: 

Түскен кезде науқастардың шағымы бас ауруына, бас айналуына және көңілінің құлазуы болды. Ешқайсысы жансақтау бөліміне жатқан жоқ. Жағдайлары орта және қанағаттанарлық жағдайда болды. Оларды әрі қарай емханаларға жіберіп, әрі қарай бақылауда ұстаймыз.

Ауруханаға қаралғандардың төртеуі ересек. Екеуі мектеп қызметкері, тағы екеуі жергілікті тұрғын. Сол маңдағылар жағымсыз иістің ауада таралғанын растап отыр.   

Лола САДЫҚОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Кеше кешке сондай иіс шығып газдың, кейін бәріміз көшеге жүгіріп далаға шықтық неден екен деп, сөйтсек газдыкі екен.

Гүламда КАДИРОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Ненің иісі екенін білмедім, өзім иіс сезбеймін. Бірақ, біраз тұрып едім басымды қатты ауыртты. Елдің бәрі көшеде жүр, ауыздарын қолдарымен басып алған бәрі.

Өткір иістің қайдан тарағаны туралы әзірге ешқандай құзырлы мекеме тап басып айтылмады. Десе де, елдегі бас санитар дәрігер улануға себеп табиғи газдан шыққан ақаудан деп топшылайды.   

Жандарбек БЕКШИН, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Бұл оқиғаның себебі ең бірінші осы газ тарату, табиғи газ тарату стансасында сол газдың шығуы анықталды. Ол кезде біздің мамандарымыз тексерген кезде осы газ қызметінің жұмыскерлері осы газдың шығуын жөндепті. Қазіргі таңда осы подстансаның аумағында ешқандай газ жоқ. Біз бақылау лабораториялық зерттеу жасадық мектепте, мектептің қасында ешқандай зиянды заттар анықталған жоқ.

Алайда көгілдір отынға жауаптылар мұның қисынсыз екенін айтады. Тіпті, солай болған күнде газ тарату жәшігі мектептен 600 метр қашық жатқанын көлденең тартты. Ал бұл аралықта ауадан да жеңіл метан газының мектепке жетуі мүмкін емес деп отыр.  

Жеңіс ҚУАНЫШБЕКОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ШӨФ ТЕХНИКАЛЫҚ- ӨНДІРІСТІК БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Санитарлық нормаларға сәйкес метан негізі 4-ші санаттағы боп саналады да және улы газдар қатарына жатпайды. Дегенмен, сол метан деген сол метанмен улану мүмкін емес. Себебі, ол ауада жел және шыққан жағдайда да ол жерде тек қана жарылыс, от қаупі болмаса, тұншығу жағдайы болуы мүмкін еді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Жаппай улану себебін анықтау үшін мамандар жұмыс жүргізіп жатыр. Ал бұл жайтқа байланысты полиция департаменті іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастап кетті.

А. Төребекқызы