Негізгі / Жаңалықтар / Көпбалалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үй 1 мамырдан бастап беріле бастайды

Көпбалалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үй 1 мамырдан бастап беріле бастайды

Көпбалалы отбасыларға жалдамалы тұрғын үй 1 мамырдан бастап беріле бастайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин айтты. Яғни, жазға қарай мыңға жуық ата-ана қоныс тойын тойлайды. Жыл сайын алты мың жанұя үйлі болып, осылайша 7 жыл ішінде 40 мың адам баспанамен қамтылады. Қазір пәтер кезегінде 28 мың азамат тұр. Олардың ішіндегі табысы аз, аталған әлеуметтік көмек алатындардың шаршы метрі 100 теңгені құрайтын жалдамалы пәтерге қол жеткізуге мүмкіндігі бар. Бірақ, пәтерді кейін жекешелендіре алмайды. Ал жалақысы 42 мың теңгеден аспайтын отбасылар, толық емес жанұялар мен мүгедек бала тәрбилеп отырғандар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілдетілген несие алады. Үстеме - 2 пайыз. Екі жыл ішінде несиені 22 мың отбасы алуы тиіс. Ал жыл басынан бері 5 өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны төмендепті. Үкімет басшысы оларға ескерту жасады.   

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: 

Өте төмен көрсеткіштер, өте төмен. Батыс Қазақстан, Алтай Сәдірұлы сіздерде тұрғын үйге салынатын инвестиция 55 пайызға азайған. Осы жылдың екі айының нәтижесі бойынша 30 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға азайып отыр.

Пәтердің алғашқы жарнасына ақшасы жетпегендерге әкімдіктер 1 миллион теңгенің сертификатын береді. Оның талаптарын жергілікті билік мәслихатпен бірлесіп өзі анықтайды. Аталған мақсаттар үшін биыл 118 пәтер тұрғызылғалы жатыр. Жастар жылының ашылуында Президент жұмысшы жастар үшін мегаполистерде салыңдар деген жалдамалы пәтерлердің көлемі 40 шаршы метрден болады екен. Бірақ, кімге берілетіні әлі белгісіз.   

Роман СКЛЯР, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ: 

Бұл пәтерлерді беру талаптарын Жастар ісі жөніндегі комитет анықтап жатыр. Жұмыс орнына, отбасылық статусына қарап, қорытынды шығарады. Пәтер беретін кезде бәрін мәлімдейміз. Астана, Алматы қалаларында мұндай 350-ден, ал Шымкентте 300 пәтер салынады. Сөйтіп жыл сайын жастарға 1000 пәтерден беріп отырамыз.

А. Сейфулла