$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Назарбаев пен тыныштық егіз ұғым-Этнос өкілдері

AstanaTV
21.03.2019ж. 20:00
4443
Назарбаев пен тыныштық егіз ұғым-Этнос өкілдері

Назарбаев пен тыныштық егіз ұғым. Елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері қазақстандықтардың бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрып жатқаны тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігі мен сарабдал саясатының арқасы деп біледі. Бүгінде Қазақстанда жүз отыздан астам ұлт пен этнос өкілдері тұрады. Қазақстан бақытты ел санатында.

Саждат Ахметованың атасы 1944 жылы Қазақстанға жарты миллион шешен жұртымен бірге жер ауып келгендердің бірі. Оларға Шымкент топырағынан дәм бұйырған. Оның отбасын үш баласымен Қазығұрт ауданының Аманбай есімді тұрғыны қамқорлығына алыпты. Қайда келе жатырмыз, тағдырымыз не болады деп пұшайман болып жеткен жанұя қазақ деген халықтың кеңпейілділігі мен адамгершілігін сол жолыққан сәтте бірден сезінгенін өле өлгенше аузынан тастамапты.

Саждат АХМЕТОВА, «ВАЙЛАХ» ШЕШЕН-ИНГУШ» ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Әжем көзіне жас алып ылғи айтып отыратын : ақпанның аязды күнінде жолда келе жатып суық пен аштықтан қаншама туысынан айрылған. Қазақстанға келіп түскенде суықтан дірдек қаққан менің әкем мен екі бауырына Аманбай деген кісі үстіндегі жалғыз тұлыпын шешіп беріпті. Үйіне әкеп жарты наны болса да бөліп берген. Әкем де бертінде сол кісінің тәрбиесінде өскен.

Осында егін салып, мал шаруашылығымен айналысыпты. Бүгінде шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігіне төрағалық ететін Саждат Ахметова түрлі этнос өкілдерінің осында сіңісіп кетуі елдегі саясаттың арқасы екенін айтады.

Саждат АХМЕТОВА «ВАЙЛАХ» ШЕШЕН-ИНГУШ» ЭТНО-МӘДЕНИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Халықтар Ассамблеясы біздің тұңғыш Президентіміз құрған ұйым. Басқа бірде бір елде мұндай жоқ. Біздің еліміздегі тұрақтылық, тыныштық, қарқынды дамуы, ауызбіршілігі түрлі ұлт пен этнос өкілдерінің бұл осы көшбасшысы Президентіміз болып табылатын халықтар ассамблеясының жемісі деп білем.

Шешен-ингуш орталығы Павлодарда да жұмысын жолға қойған. Елбасы бастамасымен дүниеге келген үлкен шаңырақ пост кеңестік елдерде теңдесі жоқ ұйым. Бұл дер кезінде құрылған бірлестік болды дейді - орталық жетекшісі.

Шамиль ЖАБРАЙЫЛОВ, ШЕШЕН-ИНГУШ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Біздің Павлодар облысында 24 этно-мәдени бірлестік жұмыс істейді. Бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Мұнда өзіміздің шешен-ингуш тілін үйренуге мүмкіндік жасалған. Ол үшін білім басқармасына арнайы 2 мұғалім тағайындаған. Бұл үшін оқытушыларға ақы да төленді. Сондай-ақ, хореграфия мен вокалдан сабақ беретін жетекшілеріміз де бар.

Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен этнос өкілдері тұрады. Барлығы да бүгінде тату-тәтті тұрып жатыр.

Икрам ХАШИМЖАНОВ, ҚР «ДУСТЛИК» ӨЗБЕК ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Еліміздің барлық облысында орталықтарымыз бар. Қазақстан халқының үш пайыздан астамы өзбектер. Бұл 600 мыңнан астам адам. Олар еліміздің дамып, өркендеуіне үлкен үлес қосып жүр. Дені шағын және орта кәсіппен айналысады. Біз алдағы күнде де Қазақстанның дамуы үшін атсалыса береміз. Мұның бәрі тұңғыш Президентіміз салып берген жол.

Айта кетейік, Қазақстан БҰҰ-ның рейтингісінде үшінші жыл «бақыттылар» қатарын сақтап тұр. Яғни ең бақытты 156 елдің арасында алпысыншы орында. Бұл біздің елдегі тұрақтылық, тыныштық пен жасампаздықтың көрсеткіші.

А. Төребекқызы