Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматы облысында асыраушысы жоқ отбасы баспаналы болды

AstanaTV
01.11.2017ж. 20:00
3272
Алматы облысында асыраушысы жоқ отбасы баспаналы болды

Алматы облысында тағдыр тауқыметін тартқан жанұя баспаналы болды. Аляқтардың кесірінен үйінен айырылған жалғызбасты ананың отбасына қайырымды жандар зәулім үй салып берді. Бұл іске мешіт имамдары ұйытқы болып, демеушілер тартқан.

Мәриям ананың Алматы маңындағы «Ақжар» ауылында өз үйі болған. Алайда жалғыз қызы қатерлі ісік ауруына шалдыққан соң, баспанасын сатуға бел буады. Қорғансыз отбасы алаяқтарға алданып, соңында Қасымбек ауылындағы мына сұрықсыз үйге қоныстануға мәжбүр болған. Содан бері қабырғасы сөгіліп, төбесі тесілген үйде тұрып келді. 

Мәриям Рогоза, Алматы облысының тұрғыны:

Мен өзімді қаңғыбастардан да жаман сезінетінмін. Тұрмысымыз үшін көшеге шығуға да ұялған кездерім болды. Кедейлік отбасымызды қатты қажытып жіберді. Аллаға шүкір жергілікті имамдар біздің жағдайымызды өз көздерімен келіп көрген соң, көмектесетінін айтты. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Құлауға шақ тұрған мына баспана Рогозалар отбасына 7 жыл пана болыпты. Бүгін 6 адамнан тұратын жанұя мына жаңа үйге қоныс аудармақ. Қазір көрішлер жиналып, қазан асып, қоныс тойын тойлауға қамданып жатыр. Асарлатып үй салу қазақта ертеден қалыптасқан дәстүр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет» қоры Алматы облысында биыл 3-ші баспананы пайдалануға берген. Барлық жағдай жасалған мына үйдің құрылысына 6 млн теңге жұмсалды. Құрылысқа жеке кәсіпкерлер тартылған. Бас мүфти бұл шара өзгелерге үлгі болу үшін жасалып отыр дейді. 

Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

Сіздерді де шақыруымыздың себебі: адамдарға ой салса дейміз. Мұндай жағдайы төмендер әр ауылда бар. Осы ауыл азаматтары бірігіп, осындай көмек көрсетсе, әрине, мұндай панасыз адамдар өз әл-ауқаттарын бір түзеп алар еді. 

Мәриям әже - молдаван ұлтының өкілі. Ол жастайынан балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін тың игеруге қатысқан. Жасы 82-ге келіпті. Қызы сырқатының салдарынан жұмысқа жарамайды. Ал немересі Айшаның күйеуі қайтыс болған. Ол үш баласын асырау үшін Қасымбек ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде жалданып, жұмыс істейді.

Беркін Әмірбаев, көршісі:

Жалғыз Мәриям апайдың пенсиясына қарап, бұлар өте қиын ахуалда жағдай кешірген. Жеке парникте, поледе жұмыс істеп, соннан аздап ақша алып, балаларын, немерелерін бағуға әрекет қылып отыр. 

Жергілікті әкімдік апатты жағдайда тұрған ескі үйді сүріп тастамақ. Ал қайырымды жандар осыған дейін Алматы облысында Жалғамыс, Нұра ауылдарында 8 баласы бар екі отбасына жаңа үй салып берді. Енді қыс түскенше Қаскелеңде көп балалы жалғызбасты ана үшін тағы бір  үйдің құрлысы басталмақшы.

Ришат Асқарбекұлы