Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Астана атауын «Nur Otan» партиясының барлық бастауыш партия ұйымдары қолдайды

AstanaTV
27.03.2019ж. 20:00
3961
Астана атауын «Nur Otan» партиясының барлық бастауыш партия ұйымдары қолдайды

Астана атауын «Nur Otan» партиясының барлық бастауыш партия ұйымдары қолдайды. Олар Нұр-Сұлтан атауы бас қаланың ғана емес, бүкіл қазақ елінің даму үрдісіне жаңа серпін береді. Белсенділер бүгін өңірлерде өткен бастауыш партия ұйымдарының облыстық форумдарында осындай пікір білдірді.  

Қарағандыдағы түрлі мекемелерде жалпы саны 550-ден астам бастауыш партия ұйымы бар. Бүгін олар форум өткізіп оған 300-ден астам адам қатысты. Форумға қатысушылар «Нұр-Сұлтан» атауын қызу қолдап отыр. Олардың пікірінше, Астана мен Нұр-Сұлтан егіз ұғым. Елбасы негізін қалаған бас қаламыздың жаңа атауы қазақ елінің дамуына жаңа серпін бермек.  

Салтанат ЕРАЛИНА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ЖАҢАРҚА АУДАНДЫҚ БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: 

Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуі жолында Елбасының, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, сіңірген еңбегі зор. Сайын далаға Сарыарқа төсіне Елордамыз Астананың келіп орнауы, өркендеп дамуы ең бірінші Елбасының ерен еңбегінің арқасы. Астана қаласына Нұр-Сұлтан атауының берілуі, ол- тәуелсіз мемлекетіміздің көреген басшысына деген құрмет.

Ал жамбылдықтар «Нұр-Сұлтан» атауы бүкіл әлем үшін жаңа брендке айналады дейді. Шаһар тарихы қайта жазылып, әлем назарын өзіне аударады,-деп отыр. Өңірдегі 70 мыңға жуық нұротандық елордаға Нұр-Сұлтан атауы берілгенін үлкен қуанышпен қабылдаған. Форумда 350-ге жуық бастауыш партия ұйымы мүшелері Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс білдірді.  

Дамира СҮГІРБАЙ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ҚОРДАЙ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Бүгінгі жас ұрпақтың Елбасын ұлықтап, Астанамызға есімін беруі бұл - қазақстандықтардың Елбасына деген ризашылығын білдіреді. Бұл шешім - талқылауды, әңгіме етуді керек етпейді деп те ойлаймын. Өйткені, Елбасы ол Ұлы тұлға. Қазақ халқы үшін, Тәуелсіз Қазақстан үшін теңдесі жоқ тұлға.

Алматылық белсенді Райымқұл Қарақұлов болса Елбасының медицина саласына сіңірген еңбегіне тоқталды. Көптеген елдерде қол жете бермейтін қымбат дәрілер Қазақстанда табылатынын айтады. «Бұл халықтың денсаулығы үшін жасалған маңызды жұмыстардың бірі ғана»,-дейді ол.  

Райымқұл ҚАРАҚҰЛОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ОНКОЛОГ: 

Өте қымбат дәрілерді біздің ел сатып алып жатыр. Көп елдерде ол болмайды. Соның бәрі еліміздің, Елбасымыздың арқасы. Біздің үкіметтің арқасы деп есептеймін. Сол себепті, бүгінгі инициатива дер кезінде қойылған деп ойлаймын. Біз оны қолдаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлын сол қаланың архитекторы деп айтамыз. Сол қаланы тұрғызған, құрған.

Еліміздегі бастауыш партия ұйымдары Елбасы жасаған реформалардың игілігін халық алдағы уақытта да көреді,- деген сенімде. Әсіресе, әлеуметтік- экономикалық, инновациялық, сондай-ақ тұрғын үй бағдарламаларын бас партия да бақылауда ұстамақ.  

А. Қуаш