Атырауда балық қырылуына орай. Айдың ортасында Жайық өзеніне заңсыз 5 құбыр тартылғаны анықталғаны хабарланған. Тиісті органдар құбырлар кімнің иелігінде екенін іздеп жатырмыз деген. Белсенділер Атырау мұнай өңдеу зауыты пайдаланатын «сасық көл» Жайыққа құйылуы мүмкін деп видео түсірген. Сөйтіп сараптама жасату үшін сынама тапсырған, бірақ қорытындысы әлі жоқ. Ал жалпы ол зауыт күдіктілердің қатарында емес, тиісінше тексерілмейді... Желтоқсан айынан бері күні бүгінге дейін 118 тонна 533 келі өлі балық табылды. Иә, арнайы мекемеаралық комиссия құрылды, тексерді. Қылмыстық іс қозғалды. Бірақ себебін жұрт әлі ұққан жоқ. Баспасөз мәслихаттары өткізіліп, баспасөз хабарламалары таратылады. Алайда мәселенің мәнісі бәрібір ашылмай отыр. Елге «мұның себебі мынадай» деген нақты жауап керек. Қозғалған істің уақыт алатынын білеміз. Бірақ неге мемлекеттік органдар нақты не бітіргендерін сөреге қойған кітаптай етіп текшелеп баяндамайды? «Қайтсін, жағдай жасап, егер түтінге тұншығып, өлген балықты қуырып жеп... отыра берсең!» - Zhenis Kuspan есімді азаматтың фейсбуктегі парақшасынан.
Атыраудан Базаргүл Нәдірқызының сараптамасы.
118 тонна 533 келі. Жайық өзенінен осынша балық өлексесі шығарылды. Ішінде ұсақ балықтан бастап, бағалы бекіреге дейін бар. Өткен жылдың желтоқсанынан бері тек атыраулықтарды ғана емес, ел тұрғындарын алаңдатқан балық қырғынына толық төрт ай. Бірақ әлі күнге кінәлі тарап табылған жоқ. «Күлтөбенің басында күнде жиын». Балық қырылуына қатысты жиын өткізбеген мекеме де қалмады. Бәрібір нәтиже - нөл. Бұған Атырау жұртшылығы қатты ашулы.
Галина ЧЕРНОВА, ТӘУЕЛСІЗ ЭКОЛОГ:
Тіпті жайын секілді үлкен балықтар да өлді. Олар қыста тамақтанбайды, ұйқыға кетеді. Ал көктемде үйірімен көтеріліп, өзен түбінде не бар, соны жейді. Біз үлкен балықтардың төзімді келетінін білеміз. Бірақ олар да уланды. Яғни, Жайық өзеніндегі жағдай біз ойлағаннан да күрделі. Әлі күнге ешбір нәтиже жоқ, әлі күнге дейін кінәлі табылған жоқ. Сол бойда-ақ төтенше жағдай жариялануы тиіс еді. Негізі үш сағат сайын судан сынама алып, салыстырып отыру керек. Және міндетті түрде балықтардың жағдайын зерттеу қажет болатын. Жайық өзеніндегі барлық балық түрлерін, жасын, жынысын есепке ала отырып сынама алғанда біраз нәрсе анықталар еді. Бұл жерде мемлекеттік шенеуніктер біліксіздігін көрсетті.
Шенділер: "Жайықтағы жағдайды осынша шиеленісіп кетеді деп ойламадық", - деп ақталды аймақтағы қоғам белсенділерімен кездесуінде. Нақты нәтижені олар да көпшілікпен бірге күтіп отыр екен.
Жасұлан БИСЕМБИЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Желтоқсанда біз бұл қырғынның масштабын толық бағаламағанымызды мойындаймыз. Ол кезде төтенше жағдай жариялайтындай негіз болмады. Ал енді, білуімше, төтенше жағдай нормативтік құжат бойынша оқиға бұрқ еткен кезде жариялануы тиіс. Қазір тергеу жүріп жатыр. Екі сот сараптамасы тағайындалды. Сәуір айында тергеу нәтижесі белгілі болады деп ойлаймын. Өйткені наурыз айының аяғында сот сараптамасының қорытындысы шығады.
Шенділердің қорытындысын күтіп шаршаған қала тұрғындары тазалықшылармен бірге Жайықтағы өлекселерді жинауға өздері шықты. Әр сенбі сайын жағалауды шығып қалған балықтардан тазалады. Айта кетейік, әу баста Жайық суын пайдаланатын 4 мекеме күдікті саналып, тексеру жүргізілді. Бекіре шабағын өсіретін екі зауыт пен Атырау жылу электр орталығынан ешқандай кінәрат табылмады. Тек «Атырау су арнасы» мекемесінен хлорид мөлшерінің нормадан сәл артықтығы байқалған. Кейінгі тексерулерде мамандар Жайыққа тағы 5 құбырдың тартылғанын анықтады. Әзірге олардың қандай мекемеге тиесілі екені белгісіз.
Каналдың ішінде су аралас май ма, бірдеңе ағып жатыр. Міне, мынадай болып жатыр.
Ал аймақ белсенділерінің күдігі басқада. «Атырау мұнай өңдеу зауытынан» шығатын ағынды су халық арасында «Сасық сай» аталып кеткен буландыру тоғанына құйылады. Сол буландыру тоғанына апаратын каналдың жер асты суы арқылы зауыттан шығатын сұйық қалдықтар Жайық өзеніне құйыла ма деген күдікті құзырлы мамандардың тексеруін қалайды. Бірақ зауыт күдікті мекеме қатарында жоқ. Яғни тексеріс те жүргізілмейді. Зауыт өкілдері де бұл каналдың да, буландыру тоғанының да Жайық өзеніне ешқандай байланыс жоқ деп отыр.
Қабдрахим ҚЫСТАУБАЕВ, АМӨЗ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Заводтан шыққан тоғанды сулар механикалық және биологиялық тазарту қондырғыларынан өтеді. Ол сулардың сапасы біздің ноормативный құжаттарымызға сәйкес. Сол тоғанды суларымыз канал бойынша қаланың сол жақ бетінде орналасқан прудоиспарителге келіп төгіледі. Жайықпен қатынасы жоқ біздің каналымыз да, прудиспарителіміз де.
Балықтың қырылуына не себеп болғаны анықталмаса да балықшылар Жайыққа ау салды. Жылдағыдай алаңсыз балық аулау маусымын бастап кетті. Ресми мәлемет бойынша, биыл Жайық өзенінен 4 мың 593 тонна балық аулауға рұқсат берілген. Жайық өзеніне қазір 13 балық шаруашылығы ау салып жатыр. Бәрі де көктемгі маусымнан үміт күтеді. Дегенмен қарт балықшылар алаңдатарлық жағдайдан соң балық аулау көлемінің азайтылмағанына наразы. Су маржандарының орнын толтыру үшін балық аулауға берілетін рұқсат мөлшерін азайту керек дейді.
Бостан СҮЛЕЙМЕНОВ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АРДАГЕРІ:
Бұның орнын толтыру үшін 3-5 жылдай уақыт керек. Сондықтан бірінші мәселе - биыл лимитті азайту керек. Екінші мәселе балықтың көбеюі жастарына байланысты. Бір жылдық, екі жылдық. Сол уақ балықты көктемде тар аумен тартады. Бұл тар ауменен болашақта өсетін балықты құртып аламыз. Сондықтан тар аумен аулауды шұғыл түрде тоқтату керек.
Ал балықшылар бұл пікірмен келіспейді. Қайта балық аулау маусымында Каспий теңізінен келетін балықты барынша мол аулап, берілген лимитті толық пайдалануға тырыспақ.
Санат ТІЛЕПБЕРГЕНОВ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҚТАРЫ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ӨКІЛІ:
Балық өлді деп лимитті кемітіп тастау дұрыс пікір емес. Теңізден келетін балық миграция жасап қалай болса да Жайық өзеніне кіреді, егер ағыс болған жағдайда. Ағыс енді күтудеміз. Қазір жоғары жақта су қозғала қойған жоқ. Орал қаласында әлі мұз тұр. Балықтар қозғала бастайды теңізден бермен қарай. Карп түрлері, сазан, табан, қызылқанат, қаракөз балықтары әлі қозғалған жоқ. Тек қана бұл бастамасы. Балықшылар 25-сәуір күніне дейін тартады ғой. Соған дейінгі қарайық. Егер 30 проценті ауланып тұрса, лимитті қысқартудың қажеті бар ма?
«50 жылға тарта Жайық өзенінен нәпақамды таптым"- деген Санат Тілепбергенов керісінше назарды басқаға аударды. Ол көршілес Орал қаласы аумағындағы су қабылдайтын қоймалардың кесірінен Жайықтың арнасы толмай отыр, деді. Сондай-ақ Жайыққа су беретін Каспий теңізінің тамағын тазалау, балық аулайтын арналардың түбін тереңдету жұмыстары сапалы жасалса деп қосты. Бұған орай жақсы жаңалық бар: Жайық жағдайын жан-жақты зерттеу үшін облыс бюджетінен 80 млн теңге бөлінді. Тендерден ұтқан ғылыми мекеме зерттеумен қатар өзеннің жағдайын жақсартып, балық қорын молайту үшін ұсынымдар беруі керек.
Ал мамандар балық қырғынынан келген шығынды есептеп қойды. Атырау облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мәліметінше, шығын көлемі - 439 млн теңге. Кінәлі табылмаса, өзен шығыны өтелмесі анық. Жағасындағылардың өзегін талдырмаған Жайықтың бүгінгі жайы осы.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ «БІЗДІҢ УАҚЫТ»