$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Балшық туралы ән... Су тасқынымен күрес

AstanaTV
30.03.2019ж. 20:00
4548
Балшық туралы ән... Су тасқынымен күрес

Qalaisyn Band деген топ «Балшық» деген пародия ән жазған екен. Бұл тақырыпқа орай біз де сарказмға толы талай материал бердік. Балшық тақырыбы көктемгі су тасқынымен сабақтасады емес пе?! Күресіп-ақ жатады. Бітпейтін күресті Абзал Құрманкин баяндайды.  

Бауыржан Сұлтанов отбасымен бірге Бескөл ауылына 2014 жылы көшіп келген. Содан бері тасқыннан көз ашпай келеді. Үйі ойпат жерде орналасқан соң, маңайдағы судың барлығы осы жерге ағып келеді екен. Отағасы сан мәрте балшық тасып, жерін қабат-қабат көтермекші болды. Бірақ қаражаты жерінің жартысына ғана жеткен. Енді көктем шықса болды, Бауыржан күрегін сайлап, суды аңдумен болады.  

Бауыржан СҰЛТАНОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Бүкіл ақша жерге кетеді, бүкіл ақшаны жерге тастап жатырмын. Жеміс түгілі, шөп те өспейді шын айтқанда. Дұрыс қора да сала алмай отырмын. Жерге кеткен ақшам далаға кетті, оны мен қоршап тастар едім сол жіберген ақшаға.

Бескөлде он шақты ойпат жерлер бар. Су ол жерге жиналмай, ауыл маңайындағы көлге ағып кету үшін жергілікті әкім арық қазуға кіріскен. Осының арқасында еріген қар суы үйлерге жоламай отыр.  

Ербол БӘГЕНОВ, БЕСКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ: 

Бүгінгі күні су басқан үйлер жоқ. Қауіпті жерлер бар. Утинка деген көлден су қаупі келсе, ол жақта екі жарым километрдей ұзындығы, биіктігі бір жарым метр топырақ жасалған бөгет жасалып қойылған. Былтыр ұстап тұрды, биыл да қарап отырамыз, нормально жағдай. Мына қардың суы жақсы өтіп жатыр. Түнде аяз, күндіз кішкене ериді.

Қызылжар өңірінде биыл қар молынан жауды. Былтырғы жылдың көрсеткішінен 1.5 есе асып түскен. Ал топырақ сары аяздың кесірінен бір жарым метр тереңдікке дейін қатып қалған. Сондықтан еріген қар суы жерге сіңбей, ағып кетіп жатыр. Әзірге су үйлерді баспаса да, қауіп жоқ емес. Күрделі ахуалға байланысты аймақ атқамінері жергілікті әкімдерді сынға алып, жағдайды жіті бақылауды тапсырды.   

Құмар АҚСАҚАЛОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Аудан, ауыл әкімдері барлық үйді аралап шығуі тиіс. Ауылдың ішінде қарды тазалап, жерді құрғату керек. Сонда үйлерді су баспайды. Сондай-ақ, тасқын кезінде мал шығаратын техниканы да әзірлеп қою керек. 2017 жылдағы сияқты төрт түлігіміз қырылып қалмасын. Тасқынның алдын алып, оны болдырмау қажет. Қандай да бір елді-мекенді су басса, жауапкершілік сол ауылдың басшысына жүктеледі.

Төтенше жағдай мамандары өзен-көлдерде мұзды жару жұмыстарын қолға алған. Кей жерлерде мұздың қалыңдығы бір метрге дейін жетеді. Кесек-кесек мұз кептеліп, судың ағуына кедергі болмау үшін құтқарушылар сақтық шараларын қазірден бастап жүргізіп жатыр.  

Жұмабек ҚАПАРҒАЗИН, АЙЫРТАУ АУДАНДЫҚ ӘКІМДІГІ АППАРАТЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: 

Бабық-Бұрлық, Қарасу өзендерінде көпірлер бар. Сол көпірлерді аман сақтап қалу үшін мұз жару жұмыстарын өткіземіз. Осы көлде жару жұмыстарын өткізу мақсаты – Имантау ауылының жанындағы көлдің жанындағы орналасқан үйлерді су баспау үшін әдейі соны жарып өткіземіз.

Бүгінде аймақтағы екі негізгі су қоймасы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сергеев пен Петропавл бассейндері 90-94 пайызға толып тұр. Судың деңгейі тағы 40 сантиметрге көтерілсе, Есіл өзені дамба қырынан асып түспек. Төтенше жағдай мамандары қазір өзен бойында орналасқан ауылдарды ерекше бақылауға алған.  

Ерік САРЫБАЕВ, СҚО ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біздің аса есепке алып отырған тоқсан екі елді мекеніміз бар. Оның ішінде барлық емес, 2300 дей үйге қауіп болуы мүмкін. Соңғы үш жылда аталған елді мекендерді су тасқынынан сақтау мақсатында инженерлік іс шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда топырақты үйінділер мен жасанды дамбалар жасау, сонымен қатар арықтар қазып, қазіргі таңда 108 елді мекеннен қауіпті төмендетіп отырмыз.

Міне, Атасу станциясы. Су алып жатыр. Мына жерден бір шағын дамба жасатып едік, сол дамбаны да шайып кетті. 

Қарағанды облысында да тасқын қатері бар. Ондаған үйді су басу қаупі төнді. Жаңаарқа ауданы Атасу кентінің халқы биіктігі 1 метр тасқынды телефондарына түсіріп алған. Мамандардың айтуынша, жергілікті Талды Манақ өзеніне қар суы қосылып, аулаларға дейін жеткен.  

Ибрагим КҮЛШІМБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСШЫСЫ: 

"Атасу" станциясы бойында Орынбай елді мекені мен осы екі ауыл. Бұл жердің су деңгейі түсті. Бұл енді өзен суы емес, бұл таудан аққан қардың суы. Солардың бәрі ағып ары қарай Сарысу өзеніне құйылады. Одан Жаман Сарысу мен Сарысу өзені осы Шет ауданы, Жаңарқа ауданы мен Жезқазғанға дейін судың деңгейі биік деуге болады.

Осы аптада Қарағанды облысында әр түрлі бағыттағы 4 бірдей тас жолды су шайып кетті. Тасқынның беті кеше ғана қайтып, қозғалыс жанданған. Қазіргі таңда Шет ауданындағы тас жолда ғана қозғалыс шектелген. Жағдай Қарағанды қаласының жеке секторында да күрделі. Құрманғазы, Орск көшелеріндегі үйлердің аулаларына қар суы кірді. Коммуналдық қызметшілер мен тұрғындар тәулік бойы су сорғызып, көшелерге құм себіп әуреге түскен. Тұрғындардың айтуынша, бұл маңай төмен орналасқан, әрі көшелерде суағарлар жоқ.  

Александр МИТРОФАНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біздің үйлер төмен орналасқан. Оның үстіне жолды жөндеген кезде суағарларды коммуналдық қызметшілер бітеп тастады. Соның кесірінен бар су үйге, аулаға қарай ағады. Тіпті қараша айының өзінде су сорғызамыз. күнде сорғызбасақ үйге кіреді.

Көктем басталып, Оралдағы жауапты мекемелердің де мазасы қашты. 2011 жылы бұл өңірде қатты су тасқыны болып, жүздеген елді мекен су астында қалды. Биыл да жағдай мәз емес. Сексеннен астам ауылға топан су қатер төндіріп тұр. Әсіресе өзенді жағалай орналасқан саяжайларды еріген қар мен тасыған өзен әбден қинауы мүмкін. Бұл аздай биыл қар да жылдағыдан 8 есеге көп жауған. Күні-түні жұмыс істеген коммуналдық қызметтер шаһардан 1,5 миллион текше метр қар шығарған. Оралдықтар биыл мұз жарудан бас тартқан. Өзендерде сең жүргенде мұз кептелісін болдырмау үшін олар 28 мың ойық жасап, кесек-кесек мұздарды жағаға шығарып тастапты.  

Нұралы МУСИЕВ, БҚО ТЖД БАС МАМАНЫ: 

Қазгидрометтің жұма сайын беретін гидрологиялық болжамына сәйкес, 20 елді мекенді қазіргі таңда су басу қаупі бар. Орал қаласы, Тасқала ауданы және Бәйтерек ауданында қауіп бар. Ресейлік әріптестерімізден келіп түскен болжамдық ақпаратқа сәйкес, Жайық өзенінің көтерілу деңгейі 400-500 сантиметр. Жайық арнасында орналасқан бақша серіктестіктеріне қауіпті төндіретін деңгей – 650 сантиметр. Бірақ биылғы күтілетін деңгей бұдан төмен. 650 см болса, дачный массивті басады. 850 см болса, онда Жайық полностью қалаға дейін келеді.

Тасқынның кесірінен Шығыс Қазақстан облысында да қазір қарбалас кезең басталды. Бесқарағай ауданында екі баспана мен 13 ауланы су басып кеткен. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, сорғылардың көмегімен жерді құрғатып жатыр. Қазір төтенше жағдай мамандарының басым бөлігі негізгі өзен-көлдердің жанында жүр. Су арнасынан аспау үшін олар екі шақырымға созылған балшық үйінділерін тұрғызып қойған. Қызыл су ауылдарды баспау үшін елді-мекендердің жан-жағынан арықтар қазылып жатыр.  

Алексей ШТЫКЕЛЬ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫ ЕСКЕРТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:  

Қара Ертіс және Оба өзендерінде мұзды он жеті рет жардық. Бесқарағай ауданында Ертіс өзенінде бүгін тасқынның алдын алу үшін екі жарылыс ұйымдастырдық. 500 келіге жуық жарылғыш заттың көмегімен жиырма мың шаршы метрді құрайтын мұз алаңын қопарып тастадық. Бұл жерде енді мұз кептелмейді деп ойлаймыз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Ел аймақтарында жағдай әзірге тұрақты. Алайда құтқарушылар сәуір айының басында тасқын басуы мүмкін, деген болжам жасап отыр. Себебі күн райы күрт жылынып, мұз жүре бастайды екен. Қазір сала мамандары техникасын сайлап, эвакуациялық бекеттерді әзірлеп әлек. Өткен жылдары болған тасқын кезіндегідей жағдай қайталанбау үшін құзырлы органдар барынша қамданып жатқандарын айтады. Қаншалықты барынша екені көрінетін күн алыс емес.