Төсекте жатып та бейбітшілік үшін күресуге болады. Оның үлгісін осыдан тура 50 жыл бұрын атақты ерлі-зайыпты жұп - Джон Леннон мен Йоко Оно көрсетіп кетті. Вьетнамда соғыс болып жатқан тұста үйленген екеуі бал айын атап өтудің орнына, бір апта бойы «бейбіт өмір» идеясын насихаттауды жөн көреді. Амстердамдағы атақты «Хилтон» қонақүйіндегі президенттік номерге журналистерді шақырады. Бөлмедегі төсектен өзге жиһаздың бәрін шығарып тастайды да, қабырғалар мен терезеге «Бейбітшілік төсегі», «Махаббатты есте сақта» деген секілді жазулары бар плакаттарды іліп қояды. Басқа бір сенсация іздеп келген репортерлерді ақ төсекте аппақ пижамамен ақ адал ойлы екеу қарсы алады.
Кейін Йоко Оно соғысқа қарсы бұл наразылықтың мәнін былай түсіндірді: «Біз майданға аттанудың орнына жайлы төсегімізден тұрмай, жатып алуымыз керек деп ойладық». Соғыс туралы жаңалықтан шаршаған жұрт, қос романтиктің қарсылық шарасы туралы оқиды. Осылайша олар әлемді бейбітшілікке үгіттеді. Қолдарынан келді ме? Әлем өзгерді ме? 2012 жылы Йоко сол сәттен түсірілген фильмді YouTube желісіне салып, мынадай түсініктеме береді: «1969 жылы Джон екеуміздің аңғал болғанымыз соншалық, төсектегі наразылығымыз әлемді өзгертетініне сеніппіз. Бұл – білместік екен. Бірақ біздің сондағы сөздеріміз қазір де айтылса болады. Естен шығармайықшы: егер біз қаласақ соғыс бітеді. Бұл бізге ғана байланысты». Негізі, мұны кез келген жағдайға орай айтуға болады. Ал енді бір сәт ойлайықшы, біздің поп-жұлдыздар мұндай қадамға бара ала ма? Жалпы, қоғам алдындағы азаматтық борыштарын сезіне ме? Қайдам... Бізге «Хилтон» брендінің келгені де күні кеше ғана ғой!
Суреттелген оқиғаның құрметіне Амстердамдағы «Хилтонда» осы апта бойы фотокөрме өткен. Фото демекші, жақында «Сони» ұсынатын бүкіләлемдік байқауға үміткер фотосуреттердің шорт-парағы жарияланды. Байқаудың жеңімпаздары сәуірдің 17-і анықталады. Одан кейін барлық фото Лондондағы Сомерсет-Хаус музейіне көрмеге қойылады. Менің назарым Мустафа Хасонның Израиль шекарасындағы палестиндіктердің қарсылық акцияларынан түсірген топтамасына ауды. Қытайдың Синьцзян провинциясына арналған Буюань Жаньның фотолары да ерекше! Ал Эд Томпсонның мына бір суретінде ностальгия да, таптық айырмашылық пен ағылшындардың күнделікті тұрмыстағы оғаш қылықтары да көрініс тапқан.